Күршім ауданында Көкжал Барақ батырдың 320 жылдық мерейтойы атап өтілді

7413
көрілім

Таңсәріден келіп шырт ұйқыда жатқан жаудың сілікпесін шығарып, үрей әкелген айбынды қазақ әскері маневрлік соғыс тәсілін сәтті пайдаланатын. Әр тұстан анталаған жау араны қашан да ашық еді. Алайда Абылайдың ақ туының астына жиналған Алаштың апайтөс батырлары әркез қорған бола білді. Хас батырлардың бірі һәм бірегейі – Көкжарлы Көкжал Барақ батыр. Күні кеше туған жерінде, яғни Күршімнің төсінде баһадүрдің 320 жылдық мерейтойы атап өтіліп, еліміздің әр түкпірінен келген ұрпақтары мен аудан тұрғындары арқа-жарқа болып, бас қосты.

Отыз жыл бұрынғы бас қосу

Рауан таң салқын. Жөңкіле көшкен бірнеше будақ бұлт қана көзге ілігеді, күз аспаны біршама аласарып қалғандай. Үп еткен жел алда ұйтқи соғатындығынан хабар беріп тұрғандай. Барақ батырдың еңселі ескерткіші біртіндеп жерлестерін маңайына жинай бастаған. Әкімдік бекіткен жоспарға сәйкес жұрт сағат 11:00-де осы жерде «хан батырға» тағзым етіп, шараның маңызына тоқталады.

Аудан әкімі Алмат Ақышев

Аздан соң дауыл тұрып, «Батырдың ұрпақтары сөз сөйлейді» дегенде екпінін тіпті үдетті. Мұның алдында Көкжал Барақтың тікелей ұрпағы Мирас Өтей «Даңқты қолбасшының құрметіне Күршім көлемінде тұңғыш рет тас мүсіні Теректібұлақ ауылында ашылған» деп еді. Ол кезде қазақ-жоңғар шайқасынан сыр шертетін «Дарабоз» тарихи романының авторы, танымал жазушы Қабдеш Жұмаділов, «Алтайдың кербұғысы» Оралхан Бөкей, Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов, күршімдік қаламгер Талаптан Ахметжан келіп, мерейтойдың құрметті қонағы болған. Содан бері аттай 30 жыл өтіпті.

– Егемендік алмай тұрып та елеусіз қалмады. Ал Тәуелсіздік алған жылдары, нақты айтсақ, 1992 жылдың 10-шы қазанында ауқымды конференция өткізіліп, тарихшылар мен Барақтанушылар баяндама жасады. Әрі қарай 300, сосын 310, кейін 315 жылдығын атап өттік. Осы кезде баһадүрдің алып ескерткіші ашылып, қоғам белсенділері мен ақын-жазушылар басы-қасында жүрді. Мұның әрбірі тарихқа шегіну, – деді Барақтанушы Мирас Өтей.

Мирас Өтей

Батырдың ескерткіші маңына күршімдіктерден бөлек, жеті Көкжарлы ұрпақтары, Алтайдың әр түкпірінен келген азаматтар жиналды. Мирас Өтейдің сөзінше, бұған жәрке, өтей, өтеміс, андағұл, қаршыға, қаратай елдері кіреді.

Тарихтан төгілген деректер

Әрбірінің қолында гүл шоқтары бар, кейбірі құшақ-құшақ қылып ұстап алған. Шымылдықашар сөз аудан әкімі Алмат Ақышевқа беріліп, жауапты тұлға бабалар рухына тағзым етудің маңызын айтты. Батырдың ерлігіне тоқталып, қолбасшылығын қырын айшықтады. Жалпы, Көкжал Барақтың жауынгерлік жолын қайталай берудің қажеті жоқ болар. Одан да көпшілік алдында сөз алған ақсақалдар мен азаматтардың түрлі мұрағат деректері мен оқыған мәліметтеріне қысқаша тоқталайық. Аудан басшысынан соң «Күршім», «Тарбағатай» аудандары мен Өскеменнің құрметті азаматты Сайлаухан Аухадиев батырдың ұрпағы ретінде ойын ортаға салды.

Сайлаухан Аухадиев

– Қабанбайдай қолбасшы мен Барақ бабамыз жеңістің жетегімен Шығыс өңірін ең соңында келіп азат етті. Батырларымыз баршылық. Әйтсе де мен Көкжал Барақтың бірқатар ерекшеліктеріне тоқталғым келеді. Қалмақпен сұрапыл соғыс кезінде таудың үлкен тасын көтеріп алып, жау қолына тосқауыл қойып, кейін әскердің жеңіске жеткен. Ол тас қазір Ұлан ауданында, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі. – Бабамыздың тағы бір ерекшелігі, оның киесінің болғандығы. Қалмақтың батыры Алтайдағы үңгірлердің біріне бекініп алып, жекелей барған жанды шетінен атып түсіріп отырса керек. Сонда Барақ батыр шығып, жанына жалғыз өзі жетіп барған. Тығылған жау көкжалымызды әлдебір себептермен ата алмаған екен. Сонда қолбасшылары одан «Оу, алдыңда тұрған адамды ата алмағаның не?» деп сұрағанда, әлгі «»Маған Барақ батыр 40 адам болып көрінді» депті. Бұл нені білдіреді? Даңқты бабамыздың киесі ғой!

Көкжарлы ұрпақтарының арысы Шымкенттен, Ұлытау өңірлерінен келген. «Көкжарлылар ол жақта не істеп жүр?» деген сауал туындауы мүмкін. Қалмақ әскерімен болған ұрыс, оның ішінде Бұланты өзені бойындағы шайқасты алсақ, Орта жүздің кей рулары сол жақта тұрақтап қалған. Ұлытау аймағынан ат шалдырған Толқынбек Нұрмағамбетов биыл Күршімге алғаш рет келіп отырғанын жеткізді. Арада жетпіс жыл өткенде атізін салған қария ата-бабасының қай жерде туып, өмір сүргенін білу үшін 2000 шақырым жерді артқа тастап келген. Кіндік кескен жеріне келіп, ағайынмен қауышқандары үшін қуаныштан көздерінен жас ыршыды. Көпшілік осы сәтке куә болып, бабалар рухына тағзым етіп тұрғанда ақсақалдардың бірі Шығыс Қазақстан облысын Көкжал Барақ деп ауыстыруды ұсынды. Ұсынып қойған жоқ, мұны аудан әкіміне аманат етіп тапсырды. Тағы бір ұсыныс бір сағаттан кейін айтылды. Осы тақылеттес, бірақ өзгеше. Әйткенмен бұл туралы сәл кейінірек… Алғысөз айтылып болған соң Сайлаухан Аухадиев пен Алмат Ақышев бастаған қалың топ қоладан құйылған ескерткіш түбіне гүл шоқтарын қойды.

Мирас Өтей мұның алдында «Бүгін барлығымыз Барақ батырдың туы астына жиналдық» деп еді, сырт көзге шынымен-ақ солай көрінеді екен.

Ауданға Барақ батырдың есімі беріле ме?

Аздан соң Күршім ауылында баһадүрдің рухына арнап ас берілді. Сонда белгілі журналист, осы өңірдің тумасы Мақсат Толықбайдың інісі Самат Толықбай микрофон алып, аталған мерейтойдың аясы тарылып бара жатқандығын жеткізді. Ел көлемінде тойлануы тиіс айтулы күн қазір аудан деңгейінде ғана ұйымдастырылып жатқанын айтты. Ақсақалдар да облыс басшылығының құлағына «алтын сырға» деп, егер осындай шара Өскеменде өткізілсе, Даниал Ахметов арнайы қатысса ғой деп тілек білдірді.

– Көкжал Барақ бабамыз жайлы тарих беттерінде жазулы тұрғанымен ол туралы толық зерттеліп біткен жоқ. Бұдан бөлек, мерейтой деңгейі әр жылы ауқымын кеңейтудің орнына шеңбері тарылып келе жатқандай. Бабамыз тек Шығыстың ғана емес, күллі Алаш елінің батыры. Ақсақалдар бар, тарихшылар бар, Күршім ауданына Барақ батырдың есімін беруді жөн санап отырмыз, – деді ол.

Асқа жиналған қауым да бірауыздан қолдап, рухтана түскендей қиқуға басып, шапалақ ұрды. Бастама бұған дейін де көтерілген, дегенмен мән беріп қарап жатқандары ілуде біреу сияқты. Кейбірі «Кәрі тарихтан белгілі, Күршім деген қалмақтың батыры ғой» десті. Елді елең еткізерлік ойлар аз айтылмады, бас басына бір ауыл болып отырған Көкжарлының ұрпақтары әп сәтте бірінің ойын бірі жалғап жатты.

Астан соң сағат 15:00-де Қабдолда Тұрар атындағы аудандық Мәдениет үйінде «Тарихи тұлға – Көкжарлы Көкжал Барақ батыр – ұрпақтар тағзымы» атты конференция басталды. Тарихшылар мен Барақтанушылар баяндама оқып, қолбасшы өмірге келгенге дейін жоңғар тарапынан жасалған небір ойран сәттер сөз етілді. Көкжал Барақтың әкесі Шүрек баһадүр жайлы түрлі мағлұматтар айтты. Батырдың жетінші ұрпағы, тарихшы Танаш Қайырбаевтың сөзінше, анасы өтей елінен тараған. Сан рет жау қоршауын бұзып шыққан әкесінің ізін жалғап, ерлік пен өрлікті бойына сіңірген саңлақ.

– Жасөспірім шағынан-ақ қылышты қолында шебер ойнатқан Көкжал Барақ ерте күнінен бес қаруды түгел қолданып үйрене бастады. Оқта-санда болып тұратын шайқастарға да біртіндеп қатыса бастады. Маңайындағы сарбаздарды тыңдата білген һәм көкейіндегі ұсыныстары батыл айтып жүрді. Ер жеткен соң өзі қатысқан ұрыстарда, Бөкен өзені бойына еніп кеткен қалмақ қосынын талқандағандағы Көкжарлы Барақтың ерлігін Жалын батыр ерекше шабытпен айтқан. Осындай жорық шайқастардан кейін жаяу қалып қалған кездері де аз емес. Алып ұлдың салмағына шыдамаған ат болдырып қала беретін, – деді Танаш Қайырбаев.

Танаш Қайырбаев

Он бесінде қосын басқарды

Тағы бір сөзінде, ерлігінен бөлек, ер жігітке тән көркем мінездерді бойына сіңіргені үшін Үшсары атаның негізгі қосынын басқарғанын айтты. Ол кезде небәрі он бес жаста болған көрінеді.

– Арада жылдар өткен қолбасшы ретіндегі орны айшықталып, жауынгерлерге қойған талабы күшейді. Соның бірі – тоқсан жебе толы қорамсақ, екі торсық, түйе жүн шекпен – ең қажет дүниелер екенін Үшсары балалары жақсы білді. Бірде, Барақ жоқта ауылын шауып, елін зарлатайық деп уағдаласқан қалмақтың іріктелген мыңдығы тұтқиылдан бас салады. Ауылдағы қосынның дені – кәрілер мен ұл-қыздар, әйелдер бола тұра ел-жұрт аман-қалған екен. Барақ батырдың әскери талапты дер кезінде орындата білуі тәртіптің темірдей болғанын көрсетеді. Осындай талай қырғын-шайқастарда Үшсары ата балаларының аман құтылуларының құпиясы – тез қимылдап, ең жүйрік аттарға ауысып міне сала қара үзіп кетулерімен байланысты, – деді тарихшы.

Осындай тарихи мәліметтер толассыз айтылды конференция кезінде. Бұдан кейін шығып, сахнада сөз алған Нұрлан Әскетайұлы, Төлеген Кнәсілов, Еркін Ануарбековтің деректерін оқып, әңгімесін тыңдасақ та құнды ақпараттардың мол екендігі белгілі. Өкініштісі сол, осы жайлы тұтас кітап болып жарық көрген Танаш Қайырбаевтың «Көкжарлы Көкжал Барақ» еңбегімен оқырмандар әлі толық танысып үлгермеген.

Еркін Ануарбеков

Конференция тәмамдалар тұста Мәдениет үйінің алдыңғы қатарында өзара күбір-күбір әңгіме басталып, шараның жалғасы бар деп белгі беріскендей болды. Сөйтсе облыстық жыр мүшәйрасының қорытындысы шыққан екен, ақындар алған орындарына қарай рет-ретімен сахнаға беттеулері тиіс. Қазылар алқасы кіріспе сөз алып, жыр бәйгесіне 20-ға жуық ақыннан жүлдеге іліккен жетеуі меймандар арасында отырғанын айтты. Қонақтар қиял құсын поэзия әлемінің кеңістігіне бір бойлатсын деген оймен бір-бір өлеңдерін оқып берсін тағы айтты. Айтпақшы, үздіктер қатарынан көрінгендер қомақты ақшалай сыйлыққа ие болды. Жеті орынның үшеуі (200 мың теңге) ынталандыру сыйлығын иеленді. Үшінші орын Мұратхан Ахметбекке (300 мың теңге), екінші орын Глубокое ауданының атынан сынға түскен Оразай Жеңіске (400 мың теңге) бұйырды. Бірінші орынға өскемендік Қызырбек Дүргінбайұлы (500 мың теңге) ие болса, Әскерхан Ақтай (600 мың теңге) бас жүлде алды.

Кешкісін аудан орталығындағы Абай алаңында эстрада жұлдыздары ән шырқап, көпшілік көгілдір экран ар жағынан өнерін тамашалап жүрген өнер иелерімен суретке түсуге мүмкіндік алды. Белгілі театр, кино актері Алмат Сақатов та жерлестерімен жүздесті.

Тартысқа түскен төрт команда

Маңызды шаралар осымен аяқталмады. Жексенбіде, қазан айының 23-і күні таңертең көкпар сынының шешуші ойыны жалауын көтерді. Айта кетейік, күні бұрын іріктеу ойындары өтіп, төрт команданың екеуі сол күні үшінші орын иегерін анықтады. Көп адам финалды тамашалауды құп көрген сыңайлы, я болмаса тарихи ақпараттар төгілген конференцияға ағылды. Тіпті дейік, уақ-уақ жердің шаңын әуелеткен жел екпінінен тайқыды ма екен, іріктеу ойындарындағы көрермен қарасы саусақпен санарлық еді. «Бәйге төбенің» маңайы қаңырап тұрды. Бірнеше киіз үй, жеті-сегіз көлік – жолдастық кездесу өтіп жатқандай әсер қалдырды. Дегенмен көкпаршылардың айналада не болып жатқанына қарауға мұршалары жоқ. Неге? Қан қызып басқа шапқан, серке алаңда жатыр. Жан-жақтан жұлмалауда. Бірі Күреңқасқамен ортада атой салып жүр, бірінің астындағы ақ көбіктенген Көкбестімен көкпардың қызығына батқалы қашан… Жел екпіні сәл саябырсыды, бірақ ойын қарқыны үдеп барады. Жүзін жел қаққан жігіттер бұзау тіс ырғай қамшыны аузына тістеп алып, тақымына басқан серкені босатқысы жоқ. Аттың тері сіңген қамшы өрімнің кермек дәмінен татыған түкірігін жиіркенбей жұтады. Тарта-тарта сілікпесі шыққан кесек көксеркенің артқы сирағын ердің қасымен қабаттап ұстаған күректей қолдың шодырайып шығып кеткен тамырлары түріп тастаған білек те білеу-білеу. Серкеге қол созған көкпаршылардың бірі қайыс тақым астынан кеуде жағы салбырап жатқан бассыз дененің алдыңғы сирағынан жармасып, енді біреулері серке ұстаған палуанның білегіне жармасып жүр.

Біз барған кезде қос команда үшінші орын үшін жан алысып, жан беріскен ойын көрсетіп жатыр. Самар ауданынан келген «Дархан» көкпар ұжымы Күршім 2 командасымен өзара мықтыны анықтап жатты. Ойыншылар бірін бірі етене таниды, тіпті кей сәттерде жарақат келтірмес үшін оқыс қимылдарға барып жатты. Әйткенмен түптің-түбі жеңімпаз анықталуы тиіс. Алды-артынан асау аттай орағытып, бас-көзге қарамай кимелеп, ат үстінен жұлып алардай өлерменденген олар астарына мініп жүрген ат-айғырларын, сәурік-құнандарын борбайлап, жазықсық көксеркеге жете алмай әуре. Кенет арғымақ мінген азаматтар екі жаққа тарқасып, ат шабар шетіне беттей бастады. Кілең Көкжота ауылының жігіттерінен жасақталған команда жеңген екен. Жел үдеп, екпінмен келіп жердегі серкені іліп әкеткен көкпаршылардың бет-жүздерін шаң-топырақ жапқан. Бірақ көңілдері тоқ, ойлары сергек. Көкжоталық палуандарды бастап келген Қанат Биқатов ойын біткен бойда жігіттерін жігерлендіріп тастады.

– Іргелес ауданда хас батырымыздың құрметіне осындай тамаша көкпар ұйымдастырылып, бәйге өткізіліп жатыр. Жеребе тартылып, алғашқы ойынымыз Ұлан командасымен өтті. 1:0 есебімен жеңілдік. Ол құрама команда, ұландықтардан бөлек, Өскемен қаласы мен Глубокое ауданының жігіттер бірлесе өнер көрсетті. Бізден бірыңғай Көкжота ауылының азаматтары жарыс жолына шықты. Көкпар – алаңдағы тартыстан ығып, жасқаншақтық танытатындардың ойыны емес. Не дегенмен бұл көрші ауданда өтіп жатқан дүбірлі той. Сондықтан, командамдағы әр жігітке артқан сеніммен соңына дейін ойнап шықтық, – деді «Дархан» көкпар командасының жаттықтырушысы Қанат Биқатов.

Көкпарда күршімдіктер үздік

Тәжірибелі ойыншы Ұланнан келген команданың Самар ауданының ұжымына арнайы, кілең мықтыларды жинап әкелгендерін айтты. Себебі, көкжоталықтардың арасында бір жылдары облыс, республика намысын қорғаған апайтөс көкпаршылардың барынан көпшілік хабардар.

– Бір ауылдан сегіз жігіт келдік. Көбі жастар. Кейбірі жұмыс бабымен команда сапында бола алмады. Дархан Жаңбыршин деген мықты ойыншымыз бар, ол да осы тойда ұжым сапында жоқ. Командалық көкпар тартпағалы төрт жылға жуықтады. Соңғы бір-екі жылға тоқталмай-ақ қояйық, шектеулер болды. Облыстық ат спорты мектебін де алып тастады. Қазір Шығыс Қазақстанда осындай мектеп жоқ. Бұл ұят нәрсе, – деді «Дархан» көкпар командасының жаттықтырушысы.

Өкініштісі сол, соңғы жылдары облыс атынан ел чемпионатына қатысу мүмкін болмай жүр. Қанат Биқатовтың сөзінше, бұған өңір басшылығы қаржы бөлмеуде. Ұлттық спортты ақсатып, жастардың жолы жабылып жатқандығы да айтылды. Хош, көкпар төңірегінде мәселе көп-ақ. Жеңімпаздарға тоқталайық. Аудан әкімдігі топ жарған ұжымды Өскемен деп жазды. Бастапқыда Ұлан делінген. Не десек те, ойыншылары бір команда құрамында өнер көрсетті. Финалда есе жіберген Күршім 1 ұжымы екінші орынға ие болса, Күршім 2 көкпаршыларынан басым түскен көкжоталық жігіттер үздік үштікті қорытындылады.

Жүйріктер жарысы

Үш автокөлік тігілген бәйге де айтарлықтай тартысты еді. Осының алдында Сарыөлең ауылдық округінің 60 жылдығын атап өту кезінде қырғыз елінің сәйгүліктері мен Алматы облысының жүйріктері сөреден суырылып шығып, жергілікті арғымақтармен бірге бәйге көркін қыздырып жіберген. Бұл жолы да еліміздің түкпір-түкпірінен әкелінген тұлпарлар Барақ батырдың мерейтойында талайды таң-тамаша етті.

10 шақырымдық жорға жарысында күршімдік кәсіпкер Нұрлан Қасымхановтың «Банзай» атты қылқұйрықтысы мәре сызығын бірінші болып кессе, Самар ауданының Құлынжон ауылынан әкелген «Анашид» атты жорға екінші болып жетті. Сарыөлең ауылдық округінің тумасы Оразбек Базарбайдың «Салкүреңі» ізін басқан аттардан едәуір тұтамдап, жүлдегерлер үштігін түйіндеді.

Кезек 15 шақырымдық топ бәйгеге жетті. Ат иелері алғашында сәйгүліктердің кейбіріне болжам жасап, шамамен нешінші келетінін айтып жатқан. Сірә, кім қандай ат әкелетінін біліп жүретіндей. Бұл қашықтықта Алматы облысының намысын қорғаған «Желқара» топ жарды. Оның ізін ала, күршімдік Болат Ералимовтың және Медет Ералимовтің «Холли-бой» мен «Көксерек» атты тұлпарлары мәреге екінші, үшінші болып жетті.

Ұйлыққан топ бар назарын аламан бәйгеге аударды. Шара қонақтарының сөзінше, бір-екі жүйріктің тірсегі майысып тұрған, тізесі қос жұдырықтай буылтық, қолтығы кең. Тұрпаты нағыз алысқа шабатын арғымақ, алайда олар жүлдеге ілікпеген көрінеді. 25 шақырымдық сында тағы да Нұрлан Қасымхановтың аты оза шапты. Күршімдіктер сипаттап айтқандай, мойны қамшының өріміндей, сереу құлақ «Домбыра» мәреге еркін жетті. Артынша Дәурен Серіковтің «Нұрқасқасы» (Алматы облысы) мен Жамбыл өңірінің жүйірігі «Желқара» мәреден өтті.

Жұрт «күршімдіктер кезекті дүбірлі тойды абыроймен өткізді» десті. Ағайын-жұрт тағы бір бас қосып, арқа-жарқа болып әңгіме шертісті. Ал осының барлығына себепші болып, жерлестердің ауызбіршілік танытуына негіз болған батыр бабамыз Барақ баһадүр екенін ұмытпауға тиіспіз деп санаймын.

Әділхан ЕСІМХАНОВ