Күршім ауданындағы қалың қар ауыл тұрғындарын алаңдатуда

11015
көрілім

Күршім ауданында соңғы күндері қытымыр қыс тұрғындарға қаһарын төге түскен. Осы аудандағы Марқакөл өңірінде жауған қар жылқының арқасына дейін жетіп, күні кеше мұз үстіндегі жолды тазалап жүрген трактор суға батты. Сайт тілшісі екі жағдайға да үңіліп көрді.
Жұрт тебіндеуге қолайлы жер іздеп жүр

Шекаралық аудандар саналатын Күршім, Катонқарағай аудандарында биылғы қыс аяздан бұрын, қалың қар, ақ түтек боранымен көптің есінде қалуда. Жуырда Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша "Қазгидромет" РМК филиалының директоры Ләззат Болатқан қалалар мен аудандарға жауған қар бойынша мәлімет ұсынып, онда Марқакөл жақта бір күнде 90 сантиметр қар түсті делінген болатын. Жалпысында, екі метрге жуықтады дейді тұрғындар.

Жылқы баққан жұрт қазір тебіндеуге қолайлы жер іздеудің қамымен жүр. Ресми мәліметке сүйенсек, желтоқсан айының соңында жауып бастаған қар 10 күн бойы тоқтамапты. Жуықта әлеуметтік желіде үйір жылқының тебіндейтін орнын ауыстыруға асыққан азаматтардың бейнежазбасы тарады.

– Қар деген ер-тоқымнан келеді. Осы ай біткенше тебіндесе жақсы. Кімнің жылқысы бар, бірігіп, орын ауыстырып жатырмыз. Алда Шығыс деген ылдиға көтерілмекпіз. Осы бетке орнықсақ қой, шіркін, – деді жылқышы.

Белгілі болғандай, ұзын-ырғасы 187 бас жылқыны межелі жерге айдап жеткізулері тиіс. Жалпы, Күршімде қалың қар қыспағындағы ауылдар қатарында Төсқайың, Ақжайлау, Балықты-бұлақ сияқты елдімекендер бар. Сол себепті де, салт ат мінгендер малын тау етегіне түсіріп жатыр.
– Жайлымдық жер оншалықты көп емес. Мал тебіндемей қала ма деген қорқыныш бар. Өйткені жаңбырдан кейінгі аяздан соң жердің бәрі қатып, малдың тұяғы тебіндеуге келмей қала ма деген ойдамыз, – деді Күршім ауданының тұрғыны Асхат Уанбаев.

Трактордан соңғы сәтте сытылып шыққан

Ал қаңтар айының 11-і күні осы ауданға апарар Бұқтырма су қоймасындағы "Қызыл ту" өткелінде мұз үстіндегі жолды тазалап жүрген трактор суға батып кетті. Бұл туралы бейнежазба да лезде тараған еді. Қуанышқа орай, жүргізушісі соңғы сәтте трактордан сытылып шыққан. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері осы бойынша ешқандай мәлімет түспегендігін алға тартты. Дегенмен ақпаратты "ОблШығысЖол" ЖШС бас инженері Ерік Пішенов ұсынды.

– Бұл күні мұз өткелінде бірнеше көлік тұрып қалды. Жүргізушілер қоңырау шалып, көмек сұраған. Жолды тазалап беремін деп трактор барған еді, бірақ ол суға батты. Жүргізушінің жағдайы жақсы, бұл жерде кінәсі жоқ, – деді ол.
Мәлім болғандай, сол кезде мұздың қалыңдығы 35 сантиметрді көрсетті. Мамандардың топшылауынша, оған дейін ауыр техникалардың бірі жүріп өтсе керек, содан мұз бетінде жарық пайда болған.