Күршім ауылындағы мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі

463
көрілім

Биыл жазда Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауылындағы №4 орта мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілетін болады. Осы мақсатқа облыстық қазынадан 152 миллион теңге көлемінде қаражат бөлініп отыр.

Бұл жөнінде Күршім, Ұлан аудандарындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандарды аралаған жұмыс тобының сапары аясында белгілі болды.  
Күршім ауылындағы №4 орта мектептің жылу жүйесі қалпына келтіріліп, ғимараттың іші жөнделеді.
– Жұмыстар маусымның 1-інде басталып, тамыздың 18-інде аяқталуға тиіс. Яғни, қыркүйекте балалар жөнделген, жайлы ғимаратқа келіп, оқуды бастайды. Мектепте 492 оқушы оқиды. Сонымен қатар 250 миллион теңге қаражат «Қазақстан халқына» қорынан бөлініп отыр. Бұның бәрі балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін жасалып жатыр, – дейді Күршім аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айзада Сұлтанқызы.
Күрделі жөндеу жұмыстары аясында білім ошағындағы барлық кабинеттің есіктері ауысып, еденге жаңадан линолеум төселеді, қабырғалар сыланып, сырланады.
– Мектебіміз 1980 жылы салынған. Ғимарат ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген. Осы мәселені бұрыннан көтеріп келгенбіз. Жуырда жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінетіні туралы шешім шықты. Осыған орай облыс, аудан басшылығына мектеп әкімшілігі, оқушылар мен ата-аналар атынан алғыс айтқым келеді, – дейді Н.Островский атындағы №4 Күршім орта мектебінің директоры Оралбек Сейітқазин.
Қалғұты ауылдық округінің орталығы – Қараторғай ауылындағы орта мектепте 79 оқушы білім алып жатыр қазір. Мекеме жанындағы интернатқа күрделі жөндеу жүргізілген. Мұнда сегіз оқушы тұрып жатыр. Асхана, демалыс бөлмесі және балалардың жатын бөлмесі қажетті жабдықпен және жиһазбен қамтылған. Сондай-ақ мектеп жанында «Балдырған» шағын орталығы да жұмыс істеп тұр. 
Қараторғайдағы білім ошағы жуық арада «Starlink» жүйесіне қосылады. Мектеп директоры Нұржан Шахаевтың айтуынша, спутникті интернет құрылғысы мамыр айында орнатылуға тиіс.
Күршім ауданындағы сапары аясында жұмыс тобының өкілдері Сарыөлең, Барақ батыр ауылдарындағы мектептер мен фельдшерлік-амбулаторлық пунктердің жұмысымен танысты.
Бірлік ауылы тұрғындарымен кездесуде көпшілік елді мекенге 50 орындық шағын мектеп салып беру жөнінде өтініш білдірді. 
Аталмыш елді мекендегі фельдшерлік-амбулаторлық пункт орналасқан ғимарат та ескі. Бұл мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрлігімен тиісті жұмыс жүргізілетін болады. 
Жұмыс тобы Күршімнен кейін Ұлан ауданына бағыт алып, Жоғарғы Тайынты, Тарғын және Асубұлақ ауылдарының мектебін аралады. Бұл білім мекемелері, шамамен, бір кезеңде – 70-80 жылдары салынған. Дегенмен нысандардың күтіп ұсталғаны көрініп тұр. Әрбір мектептің өз жаңалығы бар: электронды оқулық, жаңа модификация кабинеті немесе жеке музей. Әрбір мектептің әлі де нығайтуды қажет ететін тұсы да бар. Сондықтан мекеме басшыларының ұсыныс-пікірі мұқият тыңдалды.
– Біз ауыл тұрғындары мен мектеп директорлары айтқан мәселелерді жинақтадық. Облыс орталығында бұл мәселелерді жан-жақты талқылап, қажет болса министрлік деңгейінде көтеретін боламыз. Жергілікті халықтың сөзі жерде қалмас үшін жұмыс сапарына жауапты тұлғаларды қатыстырдық. Олар өз құзыреті бойынша тұрғындар сауалының салмағын өлшеп, бағамды. Ойласа келе, оң шешімдерді ортаға саламыз, – деп түйіндеді облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов.