Маралдыдағы өзекті қоғамдық тыңдаулар заңға сай өтті

2467
көрілім

Бүгін ШҚО Күршім ауданының Маралды ауылында алтын өндіру фабрикасы құрылысының жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қоғамдық тыңдауға 150-ден аса тұрғын қатысты. 19 адам ресми түрде тіркелді. Сонымен қатар жергілікті атқарушы билік өкілдері болды. Тыңдауға қатысқан халықтың ұсыныстары ескерілетін болады.
Жоба шекаралық ауданға серпін беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етпек.
Алтын өндіруші бұрынғы тыңдаулардағы тұрғындардың ұсыныс-тілектерін ескере отырып, бірқатар шараларды іске асырған еді, алдағы уақытта жүзеге асырылмақ жұмыстар бойынша да жоспарлар құрып отыр.  


Естеріңізге сала кетсек, зауыт құрылысына 2022 жылғы 26 шілдеде ШҚО бойынша экология департаменті рұқсат берген. Ол рұқсаттың мерзімі 2022 жылдың 31 желтоқсанында аяқталды. Бірқатар себептермен зауыт құрылысы уақытында аяқталмады. Осыған байланысты кәсіпорынға жаңа экологиялық рұқсат алу қажет еді. «Маралиха» және «Маралиха кен алқабы» кен орындарындағы өнімділігі жылына 250 мың тонна кенді өңдеу фабрикасы бірінші санаттағы объект болып табылады. Сол себепті, Экологиялық кодекстің 96-бабы, 1-тармағына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптама басталғанға дейін немесе оны жүзеге асыру процесінде қоғамдық тыңдаулар өткізу міндетті. 
Қоғамдық тыңдаулардың бастамашысы – «ВСАМ Продакшн» ЖШС. «Востокказнедро» мекемесі жүргізген зерттеулер негізінде ШҚО әкімдігінің 15 желтоқсандағы №285 қаулысымен су қорғау аймағы мен белдеуі белгіленді. Ұсатқыш алаңы ішінара су қорғау аймағына кірді. Бірақ бұл су кодексінің талаптарына еш қайшы келмейді. Жоба "Ертіс бассейндік инспекциясы" мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 4 қаңтардағы қорытындысымен арнайы бекітілді. 
Бүгінде фабрика құрылысын тоқтатуға еш негіз жоқ. Жобада су объектілерін қорғаудың барлық шаралары қарастырылған. Соттың шешімі бойынша фабрика салуға рұқсат бар.  


Тыңдаулар барысында келіп түскен ескертулер, ұсыныстар, сұрақтар – барлығы хаттамада көрсетіледі. Тыңдаулар хаттамалары жасалып, қол қойылады және экологиялық порталға енгізіледі. Қоғамдық тыңдаулар өткізу туралы қағидалардың 23-тармағы ескеріле отырып, қоғамдық тыңдаулар заң аясында өтті.     
Бұл жобаның шекаралас ауданның дамуына үлкен серпін берері анық. Жалпы, кез келген инвестициялық жоба – ең алдымен қосымша салық әкелетін көз, қосымша жұмыс орындары, өңірдің өркендеу көзі.
Алтын өндіру фабрикасының құрылысы бизнесті көлеңкелі экономикадан шығарып қана қоймай, Маралды ауылының тұрғындарына да әлеуметтік кепілдіктер береді. Бұған дейін «MARALICHA» тау-кен компаниясы» ЖШС атқарушы директоры Марат Асаубаев компания Маралды ауылындағы жолдарды жөндеуге міндеттенетінін айтқан болатын. 
– Сондай-ақ біз Қойтастағы көпірді қайта жаңартуды, жергілікті мектепті материалдық-техникалық жарақтандыруға қаражат бөлуді, ауылдық округ түлектерін жоғары оқу орындары мен колледждерде оқытуды жоспарлап отырмыз, – деген Марат Асаубаев тыңдаулардың бірінде.  
Кәсіпорын өз мойнына алатын әлеуметтік міндеттемелердің қатарында медициналық объектілерді жөндеу, мүгедектерге тұрғын үй алып беру бар.
Кәсіпорын қызметінің заңдылығын аймақ билігі жіті қадағалайтын болады. Жергілікті билік, облыс басшылығы әрдайым қолданыстағы заңнама талаптарының қатаң сақталуын, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді және халықтың мүддесін басты назарда ұстайды.