Маратбек Ақанов: «Қазақтардың қырылуы қайталанып отырды»

1135
көрілім

Тарих ғылымдарының кандидаты 31 мамыр күні ешкімді құттықтамайтынын айтты. Себебі, жазықсыз күйе жағылып, атылып кеткен талай адамға тәу ету арқылы қырғынның құрбандарын еске алу орынды санайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Маратбек Қамзаұлы айтқан деректерін Қазақстан тарихының түрлі тарамдарымен байланыстырып, нәубетті жылдар жиі болғанын айтты. Ол келтірген статистикалық дерек, қазақтар талай жыл бойы 3-6 миллион аралығында ғана болды дегенмен ұштасты. О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада профессордың ақпаратына көп адам қанық болды. Себебі, ұсынған мәліметі аштық жылдары мен репрессия кезіндегі демографиялық өзгеріспен қабысты.

– Өздеріңіз ойлап қараңыздаршы, 1897 жылғы халық санағы бойынша қазақтардың саны 4 млн 87 мың, ал өзбектердің саны небәрі 725 мың адам болған. Ал қазір олар 30-33 млн аралығында, ал қазақтар 90-шы жылдары 6,5 млн, қазір әупірімдеп жүріп 15 млн болды. Ұлтты қырып жою толқыны алғаш қазақ-қалмақ соғыстарынан басталды. Әсіресе 1723 жылы «Ақтабан шұбырынды – Алқакөл сұлама» деп аталған қанды кезең тарихта ап-анық жазылған, – деді тарих ғылымдарының кандидаты.

Сонымен қатар демограф Мақаш Тәтімовтің де ресми дерегін ұсынды. Соған сүйенсек, 1723 жылы қазақтардың саны 3 млн 320 мың болған. Екі жылдан кейін 2 млн 200 мыңға төмендепті.

– 1845 жылғы дерек бойынша қазақтардың саны 3 млн 660 мың адам болды. Бұл 1723 жылғы көрсеткішке арада 120 жыл өтіп барып әрең жеткенімізді көрсетеді. Әрі қарай тарих тағы да қиындай берді. 1916 жылы қазақтардың саны 5 млн 650 мың болған екен. Бірақ қазан, ақпан төңкерісі һәм азамат соғысы кезінде тағы да қазақтар қырылды. Нәтижесінде 1921 жылы қазақтардың саны 4 млн 860 мың болды. Осыдан соң санымыз біртіндеп артып, жағдай ақырындап түзеле бастайды, – деді профессор.

Осыны айтты да 1931 жылы 5 млн 450 мыңға жеткенін, әрі қарай зұлматты кезең қайта басталғанын сөз етті.

– 1931-33 жылдары жер-жерді аштық жайлады. Әдейі жасалған аштық кезеңінде 2 млн 250 мың қазақты қырып салды. Осындай әрекеттерден қазақтардың қырылуы қайталанып отырды. Бұдан барып елімізде 3 млн 400 мың ғана қазақ қалды, – деді Маратбек Ақанов.

Әділхан ЕСІМХАНОВ