Марқакөл ауданының тұрғыны жайылымнан таршылық көріп отыр

177
көрілім
Фотосуретті ұсынған оқырман

«Қыста жол жоқ, жазда жайылымнан тарыламыз» деп редакциямызға қоңырау шалған Ашалы ауылының тұрғыны жергілікті азаматтардан былапты жиі еститінін айтты. Ұйымқан Күләшқан көпбалалы ана. Жайылым жер түйткілі бір жақтан, түрлі қоқан-лоқы бір жақтан қысып, қазір қандай амал қыларын білмей жүр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Маңайдағы малды үркітіп кетеді»

Марқа өңіріне жетпей Ашалы деген жазуға кезігесіз. Ауыл деп айтылғанымен бір-ақ түтін қалған. Қазіргі уақытта үйдің жалғыз асыраушысы Ұйымқан Күләшқан малды өзі бағып нәпақасын табады. Күн шұғыласын шашқан мезгілде атын ерттеп, жайылымға шығады.

– Қазір бұрынғыдай еркіндік пен тыныштық жоқ. Малды өріске шығаруға қорқамыз. «Неге?» дейсіз ғой. Біздің жайылымдық жерді бір қожалық иесі сатып алған деседі. Құжаттарыңыз бар ма, көрсетіңіз деп сұрасақ, міз бақпай отырады. Одан қалса, қоқан-лоқы көрсетіп, бейәдеп сөздерін жаудырады. Бірнеше рет мотоциклмен келіп, малды айдап, үркітіп, кетіп қалады. Бұл өрескел қылығы күннен күнге өршіп кетті. Соңғы уақытта балаларыма да қысым көрсетуін жиілетті, – деді ол.

Ұйымқан Күләшқан өзіне төнген адамды бейнежазбаға түсіріп, редакция тілшісіне жіберді. Тәртіп сақшларына шағымданып, арыз жазу ойында жоқ. «Оны қайтемін? Марқа өңіріміздің тұрғыны, жерлесім ғой» деп жауап берді.

«Арық атқа жан бітсе, жанына торсық байлатпас,

Жаман адамға мал бітсе, қасына қоңсы қондырмас, қондырса да оңдырмас» дейді.

Осы шумақтар кейіпкерлеріміздің мәселесін айқындап тұрған сияқты. Алайда бұл тек басы ғана. Отанасының жолдасы Донаш Талпынбек жиі төсек тартып қалады, дәрігерлерден жұмысқа жарамсыз деген ескерту алған. Анықталғандай, басын ісік шалып, самай сүйегінде жасанды металл тұр. Жуырда ғана ауыр операциядан шығып, ем алып, ауылына оралған. Қазір алты баланы бағып отырған Ұйымқан Күләшқанның қолы байлаулы. Мал шаруашылығынан пайда тауып, кәсіп қылудан басқа амал жоқ.

Жанайқайға айналған жайылым

Тағы бір мәселе бар. Ашалы тұрғынына қоңырау шалып едік, байланыс желісінің нашарлығынан, дұрыстап сөйлесе алмадық. (Қытаймен шекаралас ауыл аймақтарда ұялы байланыс пен интернет мәселелерін алдыңғы мақалаларда зерттеп көрсеткен едік). Қыста боран соғып, аяз қақаған уақытта балалар үйде отырады. Интернет жоқ болғандықтан сабақ кестесінен біраз қалып қоятындары бар.

– Тусқандармен бейнебайланысқа шығу үшін таудың етегіне бару керек. Кейде далада тұрып та сөйлесіп аламыз, – деді мал баққан нәзік жанды.

Ашалыда мектеп жоқ. Балалар Марқакөл ауылындағы интернатқа барып оқиды. Сенбі, жексенбі күні ғана өз үйлеріне қайтады. Талпынбек әулеті қыстауды, күзеуді және көктеуді Ашалыда өткізсе, жазда жайлауға көшеді. Ат ерттеп, мал баққан жан жайылымдық жерден қуылуын жанайқай ретінде жеткізде.

– Ауылға тиесілі жайылымдық жер бір шаруаның қолына берілгелі отыр. Нағыз әділетсіздік. Себебі, шөбі шүйгін жер сол учаске ғана. Әкімдік бізге жайсыз жер берсе ше? Жалғыз күніміз мал шаруашылығына қарап отыр. Мал жүдесе, еттің бағасы да төмендейді деген сөз. Сол кезде жағдайымыз не болмақ? – деді тұрғын.

Мәселені әкімдіктен білейік деп Марқакөл ауданы басшысының міндетін уақытша атқарушы Рүстембек Кемешовке сұраухат жібердік. Ол тұтас бір отбасыға қысым көрсеткен адам туралы бейхабар болып шықты. Ұйымқан Күләшқан расында да полиция учаскесіне шағымданбаған.

– Ауылға мал жаюға болатын жерді көрсетілген. Ұйымқан Күләшқанға әкімдік өкілдері барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді, – деді әкім.

Даудың басы болған жайылымдық жер – әйелді өрістен қуған адамның шабындық жері болып шықты.

Р/S: «Жақсыға берсең асыңды, жақсы сыйлар басыңды.

Жаманға берсең асыңды, итке тастар басыңды» деген сөздің жаны бар. Халық арасында бірлік болса, бәлкім, дау басталмас па еді? Заң мен құқықты білмеген тұрғындарға әкім түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, бас-көз болса, әйелдің көз жасы төгілер ме еді?! Жер дауы ерте заманнан бері өзекті тақырып болған. Әлі қаншаға созылар екен…

Валентина ГЕОРГИЕВНА

Фотосурет Atr.kz сайтынан