Өскемен қаласында зайсандықтар ән мен биден шашу шашты

7971
көрілім

Облыс орталығында Зайсан ауданының мәдени күні өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Зайсан ауданының мәдени күні 15-16 қыркүйекте өтті. Арбатта концерт пен түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылса, FresҺ Market сауда орталығында жәрмеңке өтіп, сауда қызыды.

Таңғы сағат 8-ден басталған Зайсан ауданының ауылшаруашылық жәрмеңкесінде түрлі өнімдер нарықтағыдан әлдеқайда арзан бағада ұсынылды. Жаңбыр жауып тұрса да жиылған халықтың қарасы аз болған жоқ. Сағат 9.00-ге қарай ауданның өнерпаздары халыққа арнап ән мен биден шашу шашты. Сондай-ақ Зайсан ауданының ауылшаруашылық және өнеркәсіп өнімдерінің, қолөнер, зергерлік бұйымдар, балалар шығармашылығы, аудандық тарихи-өлкетану музейінің көрмесі де ұсынылды.

Ұлттық спорт түрлерінен атап айтқанда, қол күресі, арқан тарту, штанга және кір тасын көтеру, қой мен серке көтеруден сайыстар өтті. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табысталды. Бұдан бөлек, жәрмеңке қонақтарына картоп, палау, бауырсақ, тәттілер таратылды.