Өскеменде академик Рәбиға Сыздықтың мерейтойына арналған ғылыми семинар өтті

324
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Бүгін С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының ұйымдастыруымен ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері Рәбиға Сыздықтың 100 жылдық мерейтойына арналған ғылыми ғылыми семинар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

   

Есімі елге мәлім тіл маманының білім дәрежесі мұнымен де шектелмейді. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР мемлекеттік сыйлығының, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері. Семинар атауын «Академик Рәбиға Сыздық – жаны таза, ойы жүйрік, қаламы ұшқыр, ғылымдағы адымы қарымды ғалым» деп қойған.
Семинар модераторы – ғалымның шәкірті, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Күләш Енсебаева. Іс-шара ғалымның мерейтойына орай еңбектерін көпшілікке тарату, насихаттау және шығармашылығы жайында тың ғылыми зерттеулерді саралау мақсатымен ұйымдастырылды.

                                                                                                                                   
- Рәбиға Сәтіғалиқызының жаңында талай жыл жүріп, шәкірт болдым. Оның зерттеу еңбектерінің шоқтығы әркез биік. Ғылымның құнды жақтарының бірі – тақырып десек, Рәбиға апамның тақырып таңдаудағы ерекшелігі бір төбе. Сөз астарына көп мағына беруі, сөзді қастерлеу мен қадірлеу үлгісінің айрықша мысалы болып саналады. Халқының дархан тілін лингвостилистика саласы бойынша зерделеу – ғалым зерттеулерінің басты нысаны, - деді Күләш Кенжебекқызы.
Семинарда 6В01701 – «Қазақ тілі және әдебиеті» білім беру бағдарламасының 3 курс білім алушылары ғалымның «Сөз құдіреті», «Сөздер сөйлейді», «Абай шығармаларының тілі», «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі», Қазақ орфоргафиясы мен пунктуациясы» атты еңбектері негізінде  ғылыми баяндама жасады. Сондай-ақ жиынға ҚАЕУ-нің, Абай атындағы Шығыс-Қазақстан гуманитарлық колледжінің оқытушылары мен кафедраның  ғалым-ұстаздары қатысты. 
- Рәбиға Сыздық ғалым ретінде артынан тамаша еңбектер қалдырды. Бүгінгі семинардың да негізгі мақсаты – студенттерді ғылымға қарай бет бұруға шақыру. Білім алушылар ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп, өз бетімен ізденіп, аудиторияға құнды мәліметтер ұсына алды, - деді Қазақ, орыс филологиясы және журналистика кафедрасының меңгерушісі, филология магистрі Қарлығаш Түркістанқызы.

                                                                                                                                   
Ғылыми семинар соныңда кафедра ұстаздары мен келген қонақтар ғалым Рәбиға Сыздық туралы естеліктерімен ой бөлісіп, ғалымның еңбектері болашақ тіл мамандары үшін құнды білім екенін ерекше атап өтті. 

Қымбат МУХАМАДИЕВА