Өскеменде екі жігіт ағыны қатты Үлбі өзеніне құлап кеткен қызды құтқарып қалды

262
көрілім

Өскемен қаласында екі жігіт ағыны қатты Үлбі өзеніне құлап кеткен 18 жастағы қызды құтқарып қалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, екі қала тұрғыны қыздың өмірін сақтап қалды. 
Ыстық күнде салқындап алғысы келген 18 жастағы бойжеткен жаяу жүргіншілер жолағынан Үлбі өзенінің жағасына қарай төменге түскен. Кенет тепе-теңдікті ұстай алмай, суға құлап кетті. Көмек сұраған дауысты жақын жерде тұрған Дәурен Тоқтағанов пен Жаңасбек Пермабек естіп қалған. 
«Олар еш абдырамай, тез көлікке отырып, өзеннің қарама-қарсы жағалауына жетіп алған. Содан соң төменге қарай түсіп, суда ағаш бұтақтарынан ұстанып тұрған қызды көреді. Жаңасбек өзенге кіріп, қызды судан тартып алып шығып, Дәуреннің қолына берді», - делінген ақпаратта. 
Осылайша, екеуі бойжеткенді құтқарып қалған. Қазір оның жағдайы жақсы.