Өскеменде Күршім ауданының жәрмеңкесі өтіп жатыр

9590
көрілім

«Қазір сәлден соң келушілер қаптайды» деген кәсіпкерлер әкелген өнімдерін сөреге алаңсыз тізіп жатты. Күн де суытқан, пима мен тон киіп келген кейбір қала тұрғындары ет сатылып жатқан жаққа асыға қадамдады. Күршімнің балын сағынып келгендер де баршылық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Freshmarket» фермерлік гастрономының алдына сәт сайын жеңіл көліктер тоқтап, ішінен ала қап пен дорбасын қолына алғандар шығып жатты. Шамамен әрбір үшінші келуші өзара күбірге басып, қанша келі сиыр, қанша келі жылқы етін аламыз деп талқылап барады. Сенбінің таңы ызғармен басталып, қала тұрғындарының қарасы тек 09:00 шамасында көбейді. Бірақ кәсіпкерлер сенімді: түс ауа барлық өнім сатылып кетеді. Күршімнен әдеттегідей, 12 ауылдық округтен ауыл шаруашылығы мамандары толық келген.

- Өскеменде апта сайын жәрмеңке өткізу өзінше бір үрдіске айналған. Сонда әр аудан тоқсан сайын бір рет келеді, - дейді аудандық ауыл шаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қуанған Қарағызов. - Қала тұрғындарынан әр жәрмеңкеде ет, бал, балыққа сұраныс көп түседі. Бүгін 2,5 тонна сиыр, 1,5 тонна жылқы, 850 келі қой етін әкелдік. Одан бөлек, 200 келі бал мен екі тонна балық бар. Бағалары нарықтағы мөлшерден 10 пайызға төмендетіліп сатылуда.

Құрт, ірімшік сияқты жеңсік тағамдарды қосқанда он төрт тоннадан астам ауыл шаруашылық өнімдері әкелінген. Аққа келгенде қалтасында қалған ақшасына дейін сарп ететін бірен-сараны сары май мен кілегейге қол созып жатты. Күршімдіктерден өз саласында жиырма-отыз жылдан бері еңбектеніп жүргендер жандар аз емес екен. Соның бірі Құйған ауылдық округінен келген Фарида Серікова. Айтуынша, қақталған балық сатып, соны кәсіп қылып келеді. Өскеменге үзбей келіп тұрады. Сонда еске түсті: Күршімнен бері өтерде паром күтіп, кезекте тұрған көлік жүргізушілері мен жолаушылар алып жеп жүрген көп балық осы адамның әзірлеген өнімдері. Иә, дәмі тіл үйіреді. Ауданның талай тұрғыны жақсы таниды десек, артық айтпағанымыз.

- Осы балықты кәсіп етіп, бала-шағамды асырап отырғаным бар. Ретін тапса, кез келген істен табыс табуға болады ғой. Құйғанның шортаны мен көксеркесін, табан балығын көптен сатып алады. Негізінде әкеліп саудалайтыным, кесек балықтар, - деді Фарида Серікова.

Паромдағы қарбалас кәсібін сөз етіп тұрғанда, қара сөмке ұстаған қала тұрғыны шортанның бағасын сұрады. Жазбен салыстырғанда, қыста баға өсетін көрінеді. Дей тұрғанмен балықтың түріне қарай 600-1000 теңгенің арасында болады.

Әр жәрмеңкеден қалмайтын Мұрат Өтепқалиевтің сөзінше, аудандардан өнім әкеледі дегенді естісе, алдымен құрт алуға асығады. Бұл жолы да молынан қамтыған. Қолжетімді баға ұсынған күршімдіктерге алғыс білдірді.