Өскеменде қызды судан құтқарған әскери қызметкер оқиғаның қалай болғанын айтып берді

161
көрілім

ҚР ҰҰ «Шығыс»  өңірлік қолбасшылығы өкілдерінің мәліметінше, Өскеменде қызды судан құтқарған Ұлттық ұлан әскери қызметкері болып шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өскеменде еңбек демалысында жүрген 6699 әскери бөлімінің жауынгері Жанасбек Пермабек жолдасы Даурен Тоқтағановпен бірге Үлбі өзенінің жағасындағы Протазанов көшесі бойында  келе жатқан. Содан өзеннің арғы бетінде тал қармап, айғайлап, көмек сұраған бойжеткенді көреді. Іле-шала көлікке отырған екеуі Үлбінің арғы бетіне жедел жетіп, суға батып бара жатқан бойжеткені құтқарып қалды.
- Бойжеткен  өзенге құлап жатқан талдың бұтағынан ұсталып әрең тұр екен. Мен талдың бойымен жағалап жүзіп, қыздың білегінен ұстап, жағаға қарай сүйредім. Ол жердің ағысы өте қатты еді. Әлгі тал екеуіміздің салмағымызды көтермес деген қорқыныш болды. Алайда бәрі сәтті аяқталды, - дейді  6699 әскери бөлімінің ефрейторы Жанасбек Пермабек.
Жанасбек  Ұлттық ұланда 2011 жылдан бастап қызмет етіп келеді. Әскери қызметкер «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы бұйрығымен марапатталатын болады.