Өскеменде Тарбағатай ауданының мәдени күні өтеді

7009
көрілім

9 қыркүйек күні Өскемен қаласында Тарбағатай ауданының мәдени күні өтеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Тарбағатай ауданының мәдени күні "Туған жер - алтын бесігім" жобасы аясында ұйымдастырылмақ. Ауданның ауылшаруашылық жәрмеңкесі сағат 07:00-12:00 аралығында FreshMarket гастрономы алаңында өтеді. Жәрмеңке аясында Тарбағатай ауданы өнерпаздарының концертін тамашалай аласыздар. Сондай-ақ "қошқар көтеру" сайысы өтіп, жеңімпазға қошқар сыйға беріледі.  

Қала тұрғындарына «Тарбағатай дастарханынан дәм татыңыздар!» іс-шарасы аясында палау, ыстық бауырсақ пен тәтті шәй тегін таратылады.  
Жәрмеңкеде ұлттық ойындар сайысына да кезек беріледі. Атап айтқанда, ерлер арасында арқан тарту, ләңгі тебу, ерлер және әйелдер арасында қол күрес сайыстары өтеді. 

Ал сағат 10:00-12:00 аралығында Өскеменнің Арбат алаңында балалар арасында асық ату, ләңгі тебу сайыстары өтеді.Сондай-ақ «Бояулар сыры» тақырыбындағы балалар сурет көрмесі және Жылдам сурет салу шеберлік сыныбы көрсетіледі.

Арбат алаңында күй сайыс, домбыра-пати, этно-ансамбль ұлттық өнерін тамашалауға болады. Ал сағат 11:00-12:00 аралығында С.Аманжолов атындағы ШҚУ университетінің 5-оқу корпусында «Тарихқа толы - Тарбағатай» ғылыми-әдістемелік семинары және студенттермен кездесу өтеді.  

Шәкәрім даңғылы 1/2 мекен-жайында орналасқан спорттық сауықтыру кешенінде сағат 10:00 де ерлер арасында волейбол жарысы ұйымдастырылады. «Тарбағатай таңғажайыптары» сурет көрмесі мен шеберлік сыныбын сағат 14:30 да Назарбаев даңғылы 68 мекенжайында орналасқан Достық үйінде тамашалай аласыздар. 

«Туған жер - алтын бесігім» жобасы аясында Тарбағатай ауданы көркемөнерпаздарының Гала концерті Достық үйінде сағат 15:00 - 16:15  аралығында өтеді.