Өскеменде зағип жандарға арналған кинозал ашылды

950
көрілім

Өскемендегі О.Бөкей атындағы қалалық кітапханада ашылған кинозалда енді зағип жандар да кино тамашалай алады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі. 

Бұл Өскемен қаласы бойынша осындай алғашқы кинозал болып отыр. Демеуші - «Казцинк» АҚ. «Балалар киносы» бірегей жобасының аясында көзі көрмейтін балақайлар тифлокомментарий арқылы фильмдерді көре алады. Яғни, экранда болып жатқан оқиғалар, кейіпкерлердің сыртқы келбеті, олардың қайда және не істеп жатқаны арнайы аудио сипаттамамен беріледі.

- Кинозалдың ашылу салтанатында №19 мектептің инклюзивті сынып оқушыларына «Невидимка» мультфильмі көрсетілді. Жалпы Өскеменде 1500-ден астам зағип және нашар көретін бала тұратынын ескерсек, бұл олар үшін уақытты тиімді әрі қызықты өткізетін жаңа алаңға айналды десек те болады. Кинотекамызды сапалы контентпен толықтыру үшін «Қазақфильм» киностудиясымен тығыз байланыста жұмыс істемекпіз. Алдағы уақытта қазақ тілінде де аудио сипаттамасы бар фильмдер түсіріледі деген сенімдеміз, - дейді кітапхана директоры Хабиба Ақжігітова.