Өскеменде жалпыға бірдей декларациялауға арналған семинар өтті

438
көрілім

Семинарға өңірдегі жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалар қатысып, жалпыға бірдей декларациялау туралы ақпарат алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шараны облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті ұйымдастырды. Келген меймандар квазимемлекеттік сектор нысандары ретінде жалпыға бірдей декларация тапсыру мәселесі бойынша түсіндіру, талдау жұмыстарын жүргізіп, семинар кеңес өткізді.
Еске салсақ, аталған декларация 4 кезеңнен тұрады. Осы ретте биыл 1 қаңтардан бастап білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және т. б. салаларды қамтитын мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайлары 250-нысан бойынша декларация тапсыруға міндеттеледі. Бұл жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі.
"Декларация тапсырылмаса, жаза қолданыла ма?" деген сауалға ТЖ және БОБ басшысы Гүлмира Сабралимқызы жауап берді.
- Бұл жағдай бойынша Әкімшілік кодексте ескерту қарастырылған. Егер осындай құқықбұзушылық тағы да тіркелсе, 3 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Сонымен қос атолық емес ақпарат үшін 3 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін, -дейді ол.
Жылжымайтын мүлік немесе көлік және тағы басқа дүниелер шет мемлекеттерде тіркелсе, онда ол «Активтер мен міндеттемелер туралы» декларацияда көрсетілу керек.
– Егер пәтер немесе көлік ел аумағында болса, оны көрсетудің керегі жоқ. Бұл көрсеткіш әдейі алынып тасталды. Себебі ондай мәліметтерді біз көре аламыз. Сондықтан шетелдік мүлікті көрсету керек, – дейді Гүлмира Сабралимқызы.


Қазақстан аумағынан тыс жерлердегі шетелдік банктегі шоттардың салымдары 1000 АЕК-тен аспау қажеттілігі ескерілді.
Семинар барысында кәсіпкерлерге декларация өткізудің маңызын ескертіп, тұрғындарға қолжетімді әрі сенімді модильді қосымша ұсынды.
«e- Salyq – Azamat» – тегін мобильді қосымша. Оның көптеген ыңғайлы функциялары бар. Уақытты үнемдеуге, салық төлеуге мүмкіндік береді. Бұл қосымшаны «Play Market» немесе  «App Store» арқылы жүктеп алуға болады.


Ұйымдастырушылардың айтуынша, 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиямен қарастырылған декларациялау жүйесін енгізу – жемқорлық көріністерді тоқтатудың нәтижелі әдістерінің бірі.
Электронды түрде декларация тапсыратындарға төменде жазылған порталдарды және қосымшаларды пайдалануға болады:
«Салық төлеушінің кабинеті» web- порталы ( cabinet.salyk.kz);
«Электрондық үкімет» web- порталы (egov.kz);
eSalyq Azamat мобильді қосымшасы;
eGov mobile мобильді қосымшасы.

Валентина СЕЙІТҚАНОВА