Өскеменде жас волейболшылар Сана Анарқұловамен кездесті

1355
көрілім

Еліміздің әйелдер волейболы тарихында есімін айшықтап үлгерген спортшымен жүздесуге жиналған оқушылар мен жастар қарасы мол болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ұлттық құраманың негізгі ойыншысымен жергілікті жастардың жиі жолыға бермейтіндері рас. Облыстық Білім басқармасына қарасты «Дарын» ғылыми-әдістемелік орталығы мұрындық болған басқосуда шабуылда шашау шығармайтын спортшы көрген-білгенін жас буынға жеткізді. Айтпақшы, кездесуге келген меймандар да спорттан қара жаяу емес. Мектеп лигасында белгілі бір биікті бағындырып үлгерген қарагөздер мен жасөспірімдер.

– Осы шараны балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту мақсатында өткіздік. Сана сияқты айтары бар спортшылардың кеңесін тыңдап өскен жастар дұрыс бағыт таңдап, талмай еңбектенеді деуге сенім мол. Жиынға жиналғандар – 5-11 сынып оқушылары, – деді орталық қызметкерлері.

Орынбор өлкесінің Соль-Илецк қаласында кіндік қаны тамса да, талай жыл көлемінде өскемендік «Алтай» мен Ұлттық құрама намысын арқалап жүрген бұрымды ойын барысында қобалжуды қалай жеңу керек, қай уақытта әдіске салып, қай кезде мінез көрсету керек – барлығын айтты.

Бұл ретте Мектеп лигасының маңызын атап өтті. Ресми ақпаратқа сүйенсек, биыл аталған лиганың облыстық жарыстарына 1000-нан астам оқушы қатысып жатыр. Сана Анарқұлова осындай мыңның арасынан суырылып шығу үшін ең алдымен тәртіпке мән беру керектігін баса айтты.

– Адам алдымен өзіне сенбесе, жеңілуге алғашқы қадам жасайды. Бала күнінен тәртіпке бағынып өссе, әрі қарай шыдамдылық пен шеберлік өздігінен келеді. Кез келген спорт – адамды жинақылыққа шақырады, – деді Сана Мақсұтқызы.

Сөйтіп, кеше қаладағы «Жас техниктер станциясында» өткен шарада халықаралық дәрежедегі спорт шебері, клубтық Азия чемпионы әрі күміс жүлдегері үлкен спорттағы қызықты хикаяларымен бөлісті.

Шара соңында Глубокое ауданындағы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектебінің оқушылары алдағы бәсекелерде сәттілік әкелсін деген ниетпен Сана Анарқұловадан ала допқа қолтаңбасын қоюға қолқа салды. 7-8 сыныптар арасында Ұлттық мектеп лигасы облыстық кезеңінің жүлдегерлері үшін бұл үлкен серпіліс еді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ