Өскеменде жазушы Айзат Рақышпен кездесу өтті

1222
көрілім

Бүгін Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада жазушы, ұстаз, ҚР Журналистер одағының мүшесі Айзат Рақышпен кездесу өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Марқакөл өңірінде жарық дүние есігін ашқан жерлес қаламгермен кездесудің тақырыбы – «Жазушының сөзі – өмірдің өзі...» деп аталды. Кездесуге жазушы туындыларынан сусындап жүрген оқырманы, студенттер мен жастар келді. Әңгіме-повесть оқығанды жақсы көретін егде жастағы қала тұрғындары да болды.

Шара ерекше форматта өтті. Айзат Рақыштың шығармашылығына қатысты тест сұрақтар қойылды. Жиналғандар қонақты тек жазушылық қырынан емес, әнші, ұстаз, ақын тұрғысынан да таныды.

- Бала күнімде анам негізі маған әнші бол дейтін. Бұл өзінің орындалмаған арманы еді. Алайда мен өз жолымды таңдадым. Жазушылыққа бет бұрғаныма еш өкініп көрген емеспін, - дейді Айзат Рақыш.

Кездесуде жазушыға қатысты әдебиеттанушы-ғалым Шерияздан Елеукеновтің, жазушы Әлібек Асқаров пен ақын Мерей Қарттың лебіз-пікірлері берілді. Айзат Рақыш өз сөзінде туындыларына алғаш рет Шерияздан Елеукеновтің жоғары бағасын бергені, соның арқасында шабыт алып, қаламды тастамауға серт еткенін жеткізді.

- Қазіргі жастарға «Сендер телефонға байланып қалғансыңдар» деп сынаудың орнына «Жаңа технологияны меңгергендерің әсте дұрыс» деп қанаттандыруға тырысамын. Керісінше сол телефон арқылы онлайн кітаптар оқуға шақырамын. Осылайша, өскелең ұрпақтың оқып-білуге деген қызығушылығы артады деп ойлаймын, - дейді қаламгер.

Талғатжан МҰХАМАДИЕВ