Өскеменде «Жұлдызша» турнирінің үздіктері анықталды

1777
көрілім

Имек таяғын қапсыра ұстап, мұз айдынында желдей жүйткіген хоккейшілер бүгін марапатқа ие болып, кезекті жарыстарын тәмамдады. Жылда ұйымдастырылатын «Жұлдызша» облыстық турнирі биыл жаңа есімдердің жарқын өнеріне куә болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Жұлдызша» – жарыстардың төресі
Дәл осы ойыншыларға қарап, өңір бойынша шайбалы хоккейдің күні батты дей алмайсың. Көп адам «Торпедо» ұжымының соңғы уақыттардағы сүреусіз ойынын сынап, «енді жоғары нәтиже күтудің қажеті жоқ» десіп жүргендеріне жылдардың жүзі болды. Алайда оқушылар арасында үзбей жалауын көтеретін «Жұлдызшаның» жөні бөлек. Екі жас ерекшелігі бойынша командалар мықтыларды анықтап, үздік шыққандары республикалық жарыста аймақ намысын арқалап шығуға мүмкіндік алады. Бірі – салауатты өмір салтын ұстанып, сергек жүруді қаласа, бірі – үлкен спортта толағай табыста жетуді көздейді. Биыл риддерлітердің қарқыны жоғары болды. Оқу-жаттығу жиындары кезінде Өскеменге келіп, шеберліктерін шыңдап келе жатқан қос ұжым да жоғары нәтиже көрсетті.


2009-2010 жылдары туған жасөспірімдерді жаттықтыратын Әділ Жұмағалиевтің сөзінше, Риддерде аталған спорт соңғы жылдары кең етек алып, қызығушылық танытқан шәкірттерінің саны артып келеді.
– Облыс бойынша хоккей дамып келеді деуге негіз мол. Ауылдың балалары табиғатынан төзімді, әрі айтқаныңды қағып алады. Қаладан бөлек, ауылдардың өзінде хоккей қораптары салынып жатыр. «Жұлдызшаны» – облыс бойынша барлық жарыстардың төресі десек артықтық етпес. Риддерден келген ересек топ бірінші, кіші топ екінші орыннан көрінді. Бүгін бас қосып отырған хоккей кешені алдағы жылдары Риддерде бой көтерсе жақсы еді, – деді бапкер.


Барлық ойын негізгі уақытта бітпеді. Жеңімпазды анықтау үшін буллиттер сериясына жүгінген өскемендіктер топтық ойында Риддердің 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдерін ұтты. Десе де, жалпы ұпайды есепке алғанда, кеншілер қаласынан келген ұжымның мерейі үстем болды.

Талай таланттың томағасы сыпырылды
Глубокоелықтар да тамаша ойын өрнегін көрсетті. Ересектер тобында сынға түсіп, шабуылда бар мүмкіндігін паш еткен Диас Жеңісханов жасы кіші болса да тәжірибелі хоккейшілердің арасында ойнап үйренген. 2019 жылы Глубокое командасы «Жұлдызшаның» жеңімпазы атанса, осы жолы күміске қанағат тұтты.


– Хоккеймен бес жылдан бері айналысып келемін. Командамыз бірыңғай мықты ойыншылардан жасақталған. Менің ойымша, досым Абылайды үздік ойыншы деп таныса орынды. Екеуіміз бір ұжымда біршама жетістіктерге жеттік. Бапкеріміз сәтті ойын жүйесін құрып, шабуыл мен қорғаныста қатар сауатты ойнауға тырысамыз. Командада шабуылшымын. Шайбаға иелік етсем, делебем қозып, мұз айдынында желдей есемін. Хоккейді таңдауымның бір себебі – ағаларым тегіс осы спортпен айналысқан. Есейгенде бапкер болғып келеді, – деді Диас.


Сөйтіп ұзын-саны тоғыз ұжым ақпан айының 27-нен бүгінге дейін өзара шеберлік байқасып, қақпа торынан алма-кезек саңылау табу үшін барын салды. Жоғарыда жазғанымыздай, ересек және кіші топтағы оқушылар жарыс жолына шықты. Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, биылғы «Жұлдызшада» 9-14 жас аралығындағы 100-ден астам хоккейші өнер көрсетті. Барлығы дерлік аудандық, қалалық, мектепішілік сайыстардың жеңімпаздары.


– Осындай бәсекелерден көптеген таланттың томағасы сыпырылады. Дәстүрге айналған дода біртіндеп тұтас облысты қамтып келеді. Жарыс бітсе де, жаттығулар тоқтамақ емес. Алда бұдан да ірі сайыстарға әзірлікті бастау керек, – деді КСРО спорт шебері, қысқы спорт түрлері бойынша облыстық балалар-жасөспірімдер шайбалы хоккейден олимпиадалық резервтегі арнайы мектеп әдіскері Алексей Грищенко.


Арада аз уақыт өткенде кезек марапаттау рәсіміне келді. Тартысты ойын көрсеткен әр ойыншы жүлдеге іліккен өз командасының аталуын асыға күтті. Ұлан ауданының екі командасы да үздік үштікті түйіндеді. Жарыс нәтижесі төмендегідей:

2009-2010 (2011) жылдары туған жасөспірімдер арасында
1 орын – Риддер қаласы;
2 орын – Глубокое ауданы;
3 орын – Ұлан ауданы.

2012-2013 (2014) жылдары туған жеткіншектер арасында
1 орын – Алтай ауданы;
2 орын – Риддер қаласы;
3 орын – Ұлан ауданы.

Бұдан соң жекелей аталымдар бойынша үздік шыққандар ортаға шақырылды.

2009-2010 (2011) жылғы жасөспірімдер бойынша:
«Үздік ойыншы» – Кирилл Грищенко, Ұлан ауданы;
«Үздік қақпашы» – Данил Табакаев, Глубокое ауданы;
«Үздік қорғаушы» - Тамерлан Сарин, Риддер қаласы;
«Ең нәтижелі ойыншы» – Макар Вдовин, Риддер қаласы.

2012-2013 (2014) жылдары туған жеткіншектер арасында:
«Үздік ойыншы» – Влад Павлюк, Ұлан ауданы;
«Үздік қақпашы» – Хасан Ахметқалиев, Алтай ауданы;
«Үздік қорғаушы» – Кирилл Хайханов, Риддер қаласы;
«Ең нәтижелі ойыншы» – Кирилл Шанышин, Алтай ауданы.

Облыстық Білім басқармасына қарасты «Дарын» ғылыми-әдістемелік және қосымша білім беру орталығы басшысының орынбасары Зура Айтқазина осы жолы үздік шыққандар сәуір айында өтетін республикалық бәсекеде бақ сынайтындықтарын айтты.

Бұған дейін әр жылы 120-150 оқушыдан қатысса, биыл саны сәл азайған. Соған қарамастан алыс-жақыннан келген командалар бір апта бойы шиеленісті ойындар көрсетті.
Әділхан ЕСІМХАНОВ