Өскемендегі облыстық кітапханада Құрманғазының күйлері тартылды

448
көрілім

Наурыз айының 1-і күні А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында Құрманғазы Сағырбайұлының күйлерінен «Қазаққа күмбірлеген күй сыйлаған» атты лекция-концерті өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
    Лекция концерт барысында Байжігіт атындағы ұлт аспаптары оркестрінің бас дирижері, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Шалқар Рысханов кешке қатысып отырған қонақтарымызды қазақ ұлтының бай мұрасындағы «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа», «Кісен ашқан» және тағы басқа мазмұнды, әсерлі, терең мағыналы философиялық күйлердің шығу тарихымен таныстырды. Оркестрдің орындауында әсерлі күйлерді тарту етіп, тамаша рухани демалыс сыйлады.


- Лекция-концерт керемет әсер алдық. Оқушыларға да қатты ұнады. Құрманғазы Сағырбайұлының біз біле бермейтін күйлерін естіп, ерекше бір сезімге бөлендік. Қасиетті домбыраның құлағынан төгілген күй жүректі тебірентті деп айтуға болады... Күй шертіп, көрерменнің көзайымына айналған өнерпаздарға мың алғыс! Қазақ өнерін танытатын осындай іс-шаралар жиі өткізіліп тұрса екен деген тілегіміз бар! - деді «Опытное поле орта мектебі»КММ, мұғалімі Ақнұр Кеңесбекова.


    Қазақ даласын асқақ та жігерлі күйлерімен тербеген ұлы күйші-композитор Құрманғазы Сағырбайұлы 1818 жылы Бөкей хандығы, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жерде дүниеге келген.
    Шыққан тегі – Кіші жүз, он екі ата Байұлынан өрбіген Сұлтансиықтың Қызылқұрт бұтағы. Құрманғазының жетінші атасы Ерші деген кісі от тілді, орақ ауызды, сөз дарыған адам болыпты. Ал нағашы жұрты – Беріш руы.
Құрманғазы жастайынан жұрт назарына ілікті. Оны күй өнеріне баулыған әрі алғашқы ұстазы Ұзақ күйші болатын. Бала Құрманғазы ұстазымен ел аралап, қара домбырасымен талай сайыстарға қатысты. Сол кездегі Бөкей ордасының атақты күйшілері Байжұма, Баламайсаң, Байбақты, Соқыр Есжан, Шеркештің күйлерін үйреніп, шеберлігін шыңдай түседі.
    Лекция-концертке келген қонақтарымыз мемлекеттік қызметкерлер, мұғалімдер студенттер мен оқушылар, күй өнерімен сусындап әдемі, рухани кештің куәсі болды.