Өскемендік ардагерлер бос уақытын өткізетін мекемеден шығарылғалы жатыр

355
көрілім
Фотосуреттер автордікі

Шу қайдан шықты деп жағдаймен жақынырақ танысқанымызда «барлығы заң жүзінде болды» деген жауап естідік. 2019 жылдан бері Орталық бассейнің бір бұрышындағы бөлмеде ширақ та, шымыр қарттар қамсыз тірліктерін жалғастырып жатқан. Бильярдтан бастап, дойбы мен шахматтан шеберлік байқасып жүрді. Енді оларды «шығыңыздар» деп асықтыруда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қала әкімдігі қауқарсыз

Ардагер журналист Айтмұхамбет Қасымовтан естідік осыны. Оның айтуынша, «ШҚО спорт ардагерлерінің кеңесі» қоғамдық бірлестігінің жасаған кестесі бойынша аталған кешендегі алаңсыз шақ Отан қорғаушылар күні қарсаңында бұзылған.

– Ардагер бильярдшылардан төрт жылдан бері ойнап келе жатқан бөлмелерін босатуды талап етті. Неге деген сұрақ қойған едік: «Бұлар бассейн әкімшілігімен бөлмені жалға алу бойынша келісімшартқа отырмаған» деген жауап естідік. Мұндай «заңсыздықты» тексеру жүргізген облыстық қаржы басқармасының аудиторлары анықтап, осыдан біраз уақыт бұрын бассейн басшылығына жазбаша өкім қалдырып кетіпті, – деді қаламгер.

Бассейн түкпіріндегі бөлмеде Катонқарағай, Күршім, Самар, Үлкен Нарын, Ұлан аудандарынан келген қарттар қауқылдасып, арасында өзара сайыс өткізеді. Шомылып шыққандарға кедергі келтіреді деп айту қиын. Есіктің сыртында жұмыс уақыты таңғы сағат 08:30-дан кешкі сағат 18:00-ге дейін жалғасатыны жазылып тұр. Бірнеше ақпарат көзінде жазылғандай, аумағы 79 шаршы метр болатын зал ішінде шау тартқан қариялардың шуылдасқанын есту екіталай. Алды 85-те болса, ең жасы 70-тен асқан. Әрбірінің спорт ардагері екенін растайтын куәлік бар.

– Семейде бір емес, осы сияқты төрт зал бар. Әжелер кестесін тіксе, қарттар үйреншікті үйірмелерін жүргізеді. Ал бізде бар дүниені тартып алып отыр. Алып лақтырып тастайтын шүберек емеспіз ғой?! Әуелде Стахановск көшесіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде болдық, ол жақтан қуып шықты. «Неліктен?» деп сұрадым. Олар «бапкерлер отыратын бөлме керек» десті. Жаттықтырушы деген отырмай, шәкіртінің жанында жүруі керек қой? – деді Самар ауданының тумасы Серік Түгелбаев.

Ғимараттан қуылған қарттар қала әкімдігіне ресми хат жолдапты. Серік Түгелбаевтың сөзінше, жауабы екі айдан соң жеткен. Оның өзінде, «басқа ғимарат тауып беруге мүмкіндік жоқ» деген көрінеді.

Газет редакциясы жуықта шаһар басшысы Жақсылық Омардың атына сұраухат жіберген болатын. Біз де сондай жауап алдық.

– Қазіргі уақытта Өскемен қаласы әкімдігінің коммуналдық меншігінде бос үйлер жоқ екенін хабарлаймыз. Егер осындай сұрақтар туындаса, Пермитина көшесі, 2 мекенжайында орналасқан қалалық дене шынықтыру, спорт және туризм бөліміне кез келген спорт ардагері келіп жүгіне алады. Сонымен қатар, қала бойынша барлық ірі спорт нысандары облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының теңгерімінде екенін хабарлаймын, – делінген қалалық дене шынықтыру, спорт және туризм бөлімі басшылығының мәліметінде.

Басқа ғимарат табыла ма?

Серік Түгелбаев бұдан соң (2019 жылы) өңірдің экс-әкімі Даниал Ахметовке шығып, аңтарылған ақсақалдар атынан ресми хат жолдаған. Ол кезде қариялар саны көп болса, қазір бар-жоғы 24.

– Әкімнің орынбасары қабылдап, осы бассейн ішіндегі бөлмелердің бірі бос екенін айтты. Алғашында мұның іші бықсып жатты. Шамасы, қойма болған сияқты. Біз көп ойланбай келістік. Бірден қоқыстарын шығарып, жөндеуге кірістік. Пердесін іліп, іші ретке келтірілді. Енді міне, арада 4-5 жыл өткенде тағы ши шығып отыр. Бассейн директорының сөзінше, біз алып отырған бөлмеде жүзумен айналысатындар жаттығу жасайды, – деді қария.

Осы аралықта бассейн директоры Олжас Ғазизбен жолықтық. Ол да ШҚО мемлекеттік ішкі аудит департаменті өкілдерінің ардагерлер әрекетінен бұзушылық табылғанын растады. Айта кетейік, биыл Антикор өкілдері спорт саласында біраз былықтың бетін ашты. Осы ретте әр нысанда тексеріс күшейтіліп, тяқтың бір шеті қарттарға тиді. Қазір олар бассейннің бір бұрышы бұйырмайтын сияқты деп басқа нысандарға жалтақтаумен жүр.

– Бәрін дайындап қойғанда, тықсыра бастағандары қызық болды. Ардагерлердің спортпен шұғылдануы туралы Президент те тапсырма берген еді. Бос уақытымызды бұдан басқа қайда өткіземіз? Осында қалғанымыз жақсы, болмаса әкімдік немесе облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшылығы басқа бір бөлме қарастырып берсе ғой, – деді ардагерлер.

Өкінішке қарай, басқарма басшысы Асқар Можанов ресми жауабын ұсынбады. Ол да еш шара қолдана алмайтын секілді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ