Өзгенің перзентін өзінікінен кем көрмеген тарбағатайлық әйелдің табандылығы жайында

20563
көрілім

Талайлы тағдыр тосынсыйына әлдебір бағыт сілтер таяғын таянып тың тыңдаған Екатерина Агапитованың қайсар әйел ретіндегі күрескерлігі селт еткізбей қоймады. Отбасы жайлы сұрай бастағанда «Менің қазір Қайрат, Вася, Марат, Азамат және Володя есімді бес ұлым бар» деп бастайды. Қазақ тілін орысшадан кем білмейді. Тіпті қос тілде еш іркілместен «Баланың бөтені болмайды ғой» дегенді қайталап түсіндіріп беруге бар. Бұл мақалада өмірдің ақ дауылдай аласапыраны түсірген додада мерейі үстем шыққан жанның қилы тағдыры жазылмақ.

Екатерина Алексеевна Тарбағатай ауданының тумасы. Қазір Ақжар ауылында тұрады. Ол үшін ғұмыр ағысында отбасыдан асатын құндылық жоқ. Біз айтып отырған талайлы тағдыр түсінігі қайғылы формада емес, қызықты әрі бақытты сипатта өрбіген.

– Шаңырақта бесеу едік, мен екіншісімін, – дейді кейіпкеріміз. – Сегізінші сыныпқа дейін туған ауылымда оқыдым, сосын мамандық алу үшін бір жаққа кету керек болды. Құрбыларыммен медицина саласына жақындайық дедік.

Екатерина Агапитова ол кезде он бесте. Өрімдей қыз Алтай ауданындағы медучилищеге ересектердің демеуінсіз, өзі барып тапсырмақ болды. Ал құрбылары неге екені беймалім, айнып қалды.

Жерлесіміз үш жыл оқып шыққан соң жолдама негізінде Ақтау қаласына табан тірейді. Бұл Батыс Қазақстан. Күтпеген жерден анасы бақилық болмай тұрып, жат өлкеде үш жылдай жұмыс істеді.

– Бар болғаны 46 жаста еді. Мен үйге келгенде жаназасын шығарып жатты, – дейді Екатерина Алексеевна. – Кіші бауырларым мен сіңіліме асырап алу құжаттарын ресімдейін деп ойладым, бірақ маған рұқсат етпеді. Әкеміздің көзі тірі, барлығын сол бағуы тиіс деді. Бағытымды Ақтауға қайта бұрып, тағы бір жыл жұмыс істедім. Ал «өз үйім – өлең төсегімнің» жағдайы мәз емес-тін – әкем уақ-уақ дөрекілікке басатынды шығарды. Бауырларым мен сіңілімді Балалар үйіне алып кетіп, жанұямыз лезде қақпақыл күйге түсті.

Содан кейіпкеріміз Шығыс топырағына оралуды жөн көрді. Бала күнінен таныс жанға тұрмысқа шығып, медучилищеге түспей тұрып ұшқындаған сезім қылын жалғады.

– Мұны алғашқы махаббат деуге болады. Алғашқы сезімнің алдамшы еместігі өздеріңізге де белгілі болар, – деді ол езу тартып. – Ет жақындарымды Балалар үйінен алып қайттым, күйеуім қолдауға әзір тұрды. Сөйтіп небәрі 20 жасымда сіңлім мен бауырларымның екінші анасы болдым. Барлығын аяққа тұрғыза білгеніме қуанамын: әрқайсысы колледж бітіріп, жұмысқа орналасты. Артынан шаңырақ көтерді. Әлі күнге дейін арамыздан қыл өткен емес.

Солтүстіктен келген солғын жүздер

Михаил мен Екатерина Агапитова өмірге екі ұл әкелді. Тетелес туған Василий мен Володяға қалай қуанса, арада жылдар өткенде қуаныш әні қайта шырқалды. Қос құлыны бесінші-алтыншы сыныпта оқып жүргенде Солтүстік Қазақстаннан үш ағайынды келіп оқыды. Аналары өмірден қайтқан. Содан әкесі үш ұлымен кіндік қаны тамған Ақжар ауылына қайта қоныстанды.

– Бірде ұлым Володя: «Апа, Марат сыныптасымды қонаққа шақырсам бола ма? Моншаға да түсіп алсын» деп сұрады. Мен қарсы емес едім, «Келсін, әрине!» деп келісім бердім, – дейді Екатерина Алексеевна.

Содан Володя: «Марат біздікінде түнеп шықса бола ма?» деп тағы бір сұрапты.

Жерлесіміз қабақ шытпай, рұқсатын берді. Ана махаббатына мұқтаж балаға жаны ашып кеткенін жеткізді. Мараттан кейін ағасы Азамат келді. Аз уақыттан соң Агапитовтардың жанұясын үйдің үлкені Қайрат келіп толықтырды. Екі інісі біржола тұра беруге бек қуанышты еді, тек Қайрат аздаған уақыт әкесінің жанында қалды. Обалы кәнеки, арқа сүйер адамы ішімдікке үйірсектенген соң тұңғыш ұл да Агапитовтардың отбасына келді.

– Күйеуім тағы да қолдауын аямады, – деді кейіпкеріміз. – Бұл уақытта енеміз бірге тұрып жатты. Өзі тамаша жан, бұл әрекетімізге қырын қарамады. «Балалар үйіне жіберіп не көрініпті?! Соғыс жылдары да балалар өсіп-жетілді, ал қазір бейбітшілік қой. Бізбен тұра берсе де түк етпес».

«Миша ағай мен Катя апай...»

– Жолдасым екеуіміз ұлдарға: «Бізді ана, әке деп атаудың қажеті жоқ» деп бірден айттық. Оларға өмір сыйлаған өз ата-анасы бар, азан шақырып ат қойып, тал бесіктен тәрбие берген де солар, – деді Екатерина Агапитова. – Үлкенді тыңдап, бір-бірлеріне қолұшын беруге үйреткен аналарының керемет жан болғандығына күмәнім жоқ. Ажал келіп алып кетпегенде үшеуін де азамат қылып өсіріп-жеткізер ме еді? Қысқасы, ұлдар мені «Катя апай», кейде жай ғана «апай», жұбайымды «ағай», «Миша ағай» деп жүрді. Осылай дегендері орынды болған сияқты.

Құшағы кең ана үшеуіне ұдайы «ұлдарым менің» дейді, басқаша айтқан емес. Мұны да орынды деп санайды. Жарық дүниеге өзі әкелмегенімен, туғанындай болып кеткен. Тіпті «мынау біздің бала, бұлар бөтен» деп те бөле-жармады.

– Тәрбиеге келгенде қатал болдық, мұны жасыратыны жоқ, – деді кейіпкер. – Жұбайым «алған затыңды орнына қой» деп тәртіпке үйретіп, ер азаматтың икемі келер жұмыстың барлығына баулыды. Шаруаға келгенде ешбірі тиіп-қашпады. Үйдегі жағдайдың қиын екендігін олар да ұғынды. Отбасында бір өзім жұмыс істедім. Мен аптекадамын, отағасы ауылдың күйбеңімен нәпақа тауып жүрді. Мал бақпасақ күн кешуіміз неғайбыл еді. Шөп шабу науқанында ұлдар нағыз қолқанат. Жұмыста кешігіп жатсам, сиырды өздері сауатын.

Екатерина Алексеевнаның бір күн демалысы бар. Сол уақытта қорданалып қалған кірдің бәрін жуып, үйге тазалық жүргізіп, тамақ әзірлеп үлгеруі тиіс. Ұлдар кілем қағып, моншаға су тасып бір жағына шығысып жүрді. Автомат кір жуғыш мәшинелер әлі шыға қоймаған.

– Кәдімгі «Алма-Ата» кір жуғыш мәшинесімен жудым, киім-кешек пен төсек жабдықтарын сығарда ұлдарды шақырамын, – дейді тарбағатайлық әйел өткенді еске алып. – Нан саламыз, мұндайда Қайрат қолғабыс етті. Отбасымыз екі күн талғажау ету үшін 14 бөлке нан қажет еді. Иісі бұрқыраған бөлкелерді дастархан басына қойғанда екеуі қас-қағым сәтте желінетін!

Оңайға соқпады. Есесіне тілеулестіктері бір еді, тату тұрды. Кенеттен Агапитовтардың үрейін алған бір жағдай болды.

– Бірде Қайратқа әкесі үш ұлына бірдей қонып кетсін деп өтініпті. Соны айтып, менен рұқсат сұрады. Інілерінің барғылары жоқ. «Бас тартпаңдар, балалары келсін деп өтінген екен демек қалауы сол болған» деп түсіндіріп бақтым, – дейді Екатерина Алексеевна. – Сонда да бармаймыз деп қасарысты. Бәрін естіп-біліп тұрған жұбайым да «Барыңдар, әкелерің ғой. Ертең қайтып келесіңдер» деді.

Келесі күні көңілін үрей шалған Қайрат қана оралды. Сөйтсе Азамат пен Маратты Балалар үйіне алып кетіпті. Ересек, әрі жарты жылдан соң 18-ге толатындықтан өзін әкетпеген.

Қамкөңіл әйел жан-жақтан көмек іздеп, жанын қоярға жер таппады. Ауыл әкімдігінен бастап қамқорлыққа алу бөліміне дейін есігін қақты. Десе де олардың сөзін ешкім сөйлемеді, себебі жылдап жылуын төккен отбасы құжат жүзінде ұлдарға ешкім емес.

Ал осыған дейін Екатерина мен Михаил Агапитовтармен өткізген алаңсыз шақ есепке алынбады. Бауыр басып, айрандай ұйып отырғандары да салмақты себеп болып саналмады.

Сөйтіп, ағалы-інілілерді Балалар үйіне әкетті. Жат болса да, махаббатын молынан төккен жандар үшін дүние төңкеріліп кеткендей болды.

«Аязды жеңген сағыныш»

– Азамат пен Маратты алысқа жібермегендері мұнша жақсы болар ма, Көкпекті ауданындағы Балалар үйіне ресімдепті. Жолдасым екеуіміз сонда тарттық, – деді кейіпкеріміз. – Ұлдар бізді көре сала еңкілдеп жылап жіберді. Аяушылықтан жүрегім қарс айырылығандай!.. Сондағы меңгерушімен сөйлесіп көріп едім, түк шықпады: қолымда тиісті ешбір құжат жоқ, сол себепті алып кетуге рұқсат бермеді. Содан мейілінше жиі жүздесіп тұрдық. Келген сайын киім-кешек пен тәттілер әкелеміз. Ересектер тартып алмасын деп кәмпиттерді бірден қойнына жасырды. Мұны көріп тіксініп қалдым. Сосын ұлдарды мәшинеден шығармай тамақтандыруға көштік. Ал тәттілерді «бөлмеге барғанда басқаларға да беріңдер» деп салып бердік.

Каникул кезінде ағайындыларды қолхат жаздырып үйге алып кетуге рұқсат берді.

Сөйтіп, Балалар үйіндегі екі жыл да сынаптай сырғып өтті. Сонда тоғызыншы сыныпты тәмамдаған соң Марат пен Азамат Самардағы колледжге түсті.

– Бірде меңгерушілер қоңырау шалып, бірінің қашып кеткендігін жеткізді. Қыстың көзі қырауда кигені жұп-жұқа, бір трико мен аяғында жаздық кроссовка. Үйге жетуге асыққан ғой, – деді жерлесміз.

Бірінен соң бірі үйленді

Самардағы училищеде оқып жүріп Марат бір бұрымдымен көңіл қосты.

– Гүлфияның биязы мінезін ұнаттым. «Бірге тұрғыларың келсе, қарсылығым жоқ» дегенім бар. Бірақ бала-шағаларың ажырасу мен Балалар үйі туралы естімейтін болсын, – деді Екатерина Алексеевна.

Осыдан соң екі жастың некесі қиылып, көрші-қолаң келіп дастархан басында ақжарма лебіздерін білдірді.

– Сосын үлкенім Қайрат шанырақ көтерді. Жұбайы Настя да сондай жақсы қыз, – деп жымиды Екатерина Алексеевна. – Артынша Азамат – Аленаға, Вася Майяға үйленді. Қай келінімді алсам да жолым болды, өзгелерге де соны нәсіп етсін. Әзірге Володям бойдақ. Мәскеуде жұмыс істеп, сонда тұрып жатыр.

Бес ұлды қатардан қалдырмай жеткізген ерлі-зайыптылар барлығын аяқтандырды десек болады. Ащы суды ешбірі татып алмаған, шылым да шекпейді. Керек десеңіз, қамкөңіл әйел былапыт сөз айтқан кездерін де естімепті. Үй шаруасына келгенде тап-тұйнақтай, бала кездерінен Михаил Агапитовтың «алған затты орындарына қойыңдар» дегенін бір сәт естен шығармаған.

– Ұлдар әлі жеткіншек болғанда әрбірін кезек-кезек мейірлене иіскеп, мауқымды басатынмын, – дейді кейіпкеріміз. – Енді ер жеткен. Үйлеріне қонаққа барсам кезектесе менің маңдайымнан сүйеді. «Балалық шағымыздың естелігі сақталғандай» деп шашымнан иіскейді.

Екі тілде еркін сөйлейді

Екатерина Агапитова қазір Ақжар ауылындағы облыстық фтизиопульмонологиялық орталықта жұмыс істейді. Науқастармен қазақ, орыс тілінде еркін сөйлеседі.

– Біріншіден, ғұмыр бойы Тарбағатай ауданында тұрдым, екіншіден, отбасымның өзі интернационалды ғой, – деді әңгімесін жымия жалғастырды жерлесіміз. – Туған ұлдарым да қазақшаға ағып тұр. Одан қалса, Қайрат, Марат, Азамат, Васяның жанұясы екі ұлттың байланысынан ұштасты. Бірақ барлығына бағдар беріп тұрған сәт – бақыт пен түсіністік.

***

Екатерина Алексеевна осыдан бес жыл бұрын азаматынан айырылғаны туралы айта бастаса көзінен жас ыршып кетеді. Аттай 35 жыл ішінде қиындық пен қуанышты бірге өткерген. Ал ұлдары үшін мәңгілікке ардақты әке, жанашыр «Миша ағай» болып қала бермек.