Риддер қаласының тұрғындары ЖЭО-де өрт шыққаннан кейінгі жағдай туралы айтты

683
көрілім

Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында күні кеше жылу электр орталығынан тағы ақау шығып, өрт болды. Мұның себебіне қатысты бірнеше болжам айтылуда. Орталық ішіндегі жағдай қарбаласып жатқанда, кеншілер қаласының жұрты үйлердің суып кеткендігін айтты. Buqara.kz тілшісі тұрғындармен жолығып қайтқан еді.

Бәрін бақылауға алмаған қала әкімі кінәлі ме?
Көпшілік жылыту маусымы басталғалы үйлерінің қатты суып кеткендіктеріне шағымдануда. Әсіресе кішкентай баласы бар отбасылар мен қарт адамар қиналып қалған. Шенеуніктер бірден «қала халқы тоңбайды, бірнеше күн ішінде жағдай қалыпқа түседі» деп мәлімдеді. Жарылыс болғаннан кейін «Риддер ЖЭО» АҚ президенті Әл-Тайр Сыздықов ресми ақпарат ұсынып, жылу беретін цехта өрт тұтанғанын алға тартты. Сәлден соң облыс әкімі Даниал Ахметовтің кеншілер шаһарына жол тартқаны белгілі болды.
Бұл уақытта Риддердегі көпқабатты үйлердің біршамасында күндіз температура +17, 19 градусты көрсетіп тұрды. Он адамның тоғызы осыған дейінгі суықпен салыстырғанда мұны әлдеқайда жылы деді. Өзін Айбекпін деп таныстырған азамат бір ай бұрын қала халқы тоңған сәтте кішкентай екі қызын жақсылап қымтап, электр жылытқышты күні-түні қосуға мәжбүр болғандарын айтты. Қазір сол кезбен салыстырғанда анағұрлым жылы, бірақ үйде үнемі киіммен жүретін көрінеді.
Риддерліктердің кейбірі өз шаһарындағы жағдайды Өскеменмен салыстырып көрді. Олардың айтуларынша, қазір облыс орталығында салқын деген көпқабатты үйлерде +19,20 градус мөлшерінде болса, бұл кеншілер қаласының жұрты үшін әлдеқайда жылы.


– Тоңа-тоңа шымыр бола бастағандаймыз. Сенесіздер ме, суықтан үйдегі гүлдерім де үсіп қалды. Әйтеуір асүйде бой жылытып, басқа бөлмелерге барғанда көрпеге оранып аламыз. Бала-шағамызды жер үйлердегі туысқандарымызға апарып жүрдік, – деді аялдамада тұрған Оксана Смоляненко.
Көпшілік сөзіне сүйенсек, қала көлемінде 4-ші, 5-ші, 6-шы шағын аудандар ерекше суып кетеді. Сонымен қатар Төлеген Тоқтаров, Гагарин, Островский көшелерінде пәтердегі орташа температура +23 градустан +16 градусқа дейін түскен. Осы уақытта әлеуметтік желілерге де тұрғындардың толассыз пікірі түсіп жатты. Тимур Ұлтанбайдың сөзінше, жаздыгүні бәрін бақылауға алмаған қала әкімі жауапқа тартылуы керек. Қазандықтағы ақау бір емес, бірнеше рет шықса да шаһар басшылығындағылар шарасыз.

Қарт адамдар қалың киіммен отырады
4-ші шағын аудандағы 10-шы үйге мойын бұрғанымызда бірнеше егде жастағы адамның тұратынын аңғардық. Айталық, 70-ке жақындаған Дәмелі Мергенбайқызы ЖЭО-дағы өрт болмай тұрып-ақ, қаңтар айының 12-нен бері пәтерлердің іші азынап кеткендігін айтты.
– Қайтадан электр жылытқыштарды қосып отырмыз. Газға да, жарыққа да төлейміз. Аз ғана зейнетақымыз осыған жұмсалатындай. Тек жылудың өзіне айына 15 мың теңгедей кетеді. Қыстан аман шықсақ деп отырмыз. Таңертең өрт болды деп естідік. Бөлмелер қайтадан салқындап барады. Қалың киімімізді шешпейміз. Оның алдында үйдегі температура 0 градусты көрсетіп, ауылға барып паналаған едік, – деді әже.


Дегенмен жақындарын қайта-қайта мазалауға ыңғайсызданады. Пәтерінен кетпеуге бар, тек ыдыс-аяқ жуып, өзі де жуынған кезде суық су қолайсыз, әрі жасы келгенде денсаулыққа зиян келе ме деп алаңдайды. Ал ауыл дегені – Риддердің іргесіндегі Таловка елдімекені. Қарт адамдардың бірқатары жаураған кезде осы жақты бетке алған. Соңғы ақпараттарға сүйенсек, 4-ші шағын аудандағы 16, 31, 32 үйлерде +14 градус қана жылылықты көрсетті.

Көбі осындай тоқ пеш қосып отыр


Көп адам соңғы төтенше жағдайды есепке алмай-ақ, оның алдында да бөлмелер қарқ боп жылымағанын жеткізді. Бұдан соң облыс әкімі Даниал Ахметов жылыту маусымынан аман-есен өту үшін былтыр қараша айында мүлде тозығы жеткен №4, №5 қазандық жөнделгенін айтып, Риддер тұрғындарынан кешірім сұрады.
– Тұрғындар пәтерлердегі суыққа шыдап келеді. Мұның барлығы адамдардың жұмысына немқұрайлы қарауға мүмкіндік беретін заңдағы кемшіліктермен байланысты, – деді әкім.
Оның сөзінше, ЖЭО-дағы металл құрылымын ауыстыру үшін үш күн уақыт қажет.
Әділхан ЕСІМХАНОВ