ШҚО Кәсіпкерлер палатасы 10 жыл ішінде 43 млрд теңгеге бизнестің мүліктік құқығын қорғады

413
көрілім

Биыл «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылғанына он жыл толып отыр. 2013 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасының мамандары 96 млрд теңгеге 15 мың жобаға сүйемелдеу жүргізді, 43 млрд теңгеге бизнестің мүліктік құқығын қорғады. 200 мыңға жуық сервистік қызмет көрсетті, өңірдегі 450-ден кәсіпорынды дуальді білім беру жүйесіне жұмылдырды.

2023 жылдың 9 қыркүйегінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына 10 жыл толады. ШҚО Кәсіпкерлер палатасы осы уақыт аралығында атқарған жұмысының қорытындысын шығарды. Өз қызметінің негізгі көрсеткіштерін Палатаның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары ұсынды.

ЖОБАЛАРДЫ СҮЙЕМЕЛДЕУ

Жобаларды сүйемелдеу бөлімінің бастығы Іңкәр Аманбаева ШҚО КП филиалдары 10 жыл ішінде 96 млрд теңгеге 15 000-нан астам бизнес жобасын сүйемелдегенін, оның ішінде 65 млрд теңгеден астам сомаға 8 358 жобаны іске асырғанын хабарлады.

«Бөлім мемлекеттік бағдарламалардың шарттарын түсіндіру, кәсіпкерлерді бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары жүйесіне тарту, жеңілдіктер алу үшін құжаттар топтамасын жинақтаумен айналысады. Тауар, жұмыс және қызметтерді мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр», – деп атап өтті Іңкәр Аманбаева.

Облыс әкімдігімен бірлесіп, Палата өңірдің 19 өндірушісін кооперациялау әдісімен облыстың 277 мектебінің кабинеттерін жалпы сомасы 490 млн теңгеге жабдықтады. Атап айтқанда физика, химия, биология және робототехника кабинеттеріне сапалы мектеп жиһазы алынды, жоба сәтті жүзеге асырылды. 2019-2021 жылдар аралығында ӨКП көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналған мектеп формасын дайындау бойынша мемлекеттік тапсырысқа қатысушыларды іріктеу және үйлестіруге белсенді қатысты. Сол арқылы облыстың білім беру саласындағы жергілікті қамту үлесін арттыруды қамтамасыз етті.

«Жұмысымыздағы басымдығымыз – нақты импортты алмастыру болып қала береді. Бірақ біз оны мемлекеттік сатып алуда ғана емес, жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуында да үлкен әлеуетпен пысықтап жатырмыз. Мәселен, ӨКП алаңында жергілікті өндірушілер мен ірі жер қойнауын пайдаланушылар арасында 15 млрд теңгеден астам сомаға меморандумдар мен офтейк-келісімшарттар жасалды», – дейді Іңкәр Аманбаева.

КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Рауан Абдуллиннің мәліметінше, 2013 жылдан бастап ШҚО ӨКП-ға бизнес субъектілерінен 5 540 өтінім келіп түскен. Соның ішінде 4 288 өтінім немесе 77,4%-ы оң шешілген. Кәсіпкерлердің мүліктік құқығы жалпы сомасы 43 млрд теңгеден астам сомаға қорғалған. 408 лауазымды тұлға бизнес субъектілерінің құқығын бұзғаны үшін жауапқа тартылды.

Қазіргі кезде шығыстың кәсіпкерлері үшін салық салу, жер қатынастары, рұқсат беру жүйесі салаларында және мемлекеттік органдардың әрекеттеріне не әрекетсіздігіне қатысты мәселелер өзекті болып отыр.

«Облыс орталығының тұрғындары тасымалдаушыларға салықты қосымша есептеу туралы сенсациялық оқиғаны ұмытқан жоқ. Біздің араласуымыз арқылы, сондай-ақ бизнес-омбудсменнің қолдауымен бұл мәселе кәсіпкерлердің пайдасына шешілді», – деп мысал келтіреді Рауан Абдуллин.

Бизнестің дамуына кедергі келтіретін осындай жүйелі проблемалар өңірде жиі кездеседі. Он жыл ішінде Палата 334 әкімшілік кедергіні анықтады, соынң ішінде 253 кедергі жойылды. Бұл жалпы көлемнен 75 пайызды құрайтын көрсеткіш.

«ШҚО кәсіпкерлер палатасы жеткен жетістіктің бірі – несие серіктестіктердің адал қарыз алушыларын ортақ жауапкершілікке тарту бойынша сот практикасын өзгерту болды. Мәселен, келісімшарттардың жалпы сомасы 8,5 млрд теңгеге 2 539 қарыз алушы ауыр жауапкершіліктен босатылды. Тағы 1 732 қарыз алушы бойынша істер сотта қаралып жатыр», – деді Рауан Абдуллин.

Палата маманы бірқатар сәтті кейстерді айтты. Мәселен, 25 кәсіпкердің өтініштері бойынша Өскемен, Зайсан, Риддер қалаларында көшпелі сауда үшін орындарды белгілеу; АӨК саласындағы 623 бизнес субъектінің өтініштері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу; 10 кәсіпкердің өтініші бойынша азаматтардың жеңілдік санаттарын тасымалдауға арналған шығындарды субсидиялау; 300-ден астам бизнес субъект жер учаскелерін алуда кедергілерге тап болғаны себепті облыс елді мекендерінің бас жоспарларын бекіту; Өскемендегі сауда дүңгіршектері үшін жерді жалға алу шарттарын ұзарту және тағы басқалар.

«Пандемия кезінде құқықтық бөлім қызметкерлері күні-түні жұмыс істеді. Бизнестен 1 202 өтінім қабылдадық. Күн, түн демей көліктің блокбекеттер арқылы өтуі, форс-мажор туралы куәліктер алу, бизнес объектілерінің регламенті мен жұмыс режимін өзгерту, салық жүктемесін азайту, жалдау ақысын төлеуден босату, несиелер бойынша төлемді кейінге қалдыру, коммуналдық қызметтерді азайтуға қатысты проблемаларды жылдам шешуге тырыстық, – деп еске алды Рауан Абдуллин.

Кәсіпкерліктің жүйелі және жеке мәселелерін шешуде ШҚО палатасы жанындағы Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес ерекше орын алады. Оның қызмет еткен жылдары 120 отырыс өткізілді, бизнеске қатысты 387 мәселе қаралды, оның 260-ы бойынша оң нәтижеге қол жеткізді.

 

ҚАРЖЫЛАЙ ЕМЕС ҚОЛДАУ

Кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің бастығы Айгүл Шәкірова бұл бағыт ӨКП-да 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын хабарлады.

«Палата тұрақты негізде өңірдің кәсіпкерлерін жеке консультациялар түрінде тегін көрсетілетін қызметтер, сондай-ақ мамандандырылған қызметтер түрлері туралы хабардар етуді жүргізеді. Сервистік қызметтер бухгалтерлік және салықтық есепке алуды жүргізу, статистикалық есептілікті жасау, заң мәселелері мен конкурстық рәсімдер, мемлекеттік қолдау шараларын қаржыландыру және алу, бизнес-жоспарларды әзірлеу бойынша офлайн және онлайн форматтарда көрсетіледі», – деді Айгүл Шәкірова.

Маманның айтуынша, жоба іске асырылғанан бастап кәсіпкерлерге қызмет көрсететін аудандық орталықтарда 151 063 ақпараттық-консультациялық қызмет көрсетілді, ШҚО уәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында 47 155 сервистік қызмет көрсетілді.

2022 жылғы 15 наурызда ШҚО ӨКП жанынан Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды. Онда жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар әйелдер үшін қызметтердің жеті түрі көрсетіледі. Атап айтқанда, «Мен кәсіпкер» бағдарламасы шеңберінде бейінді және салалық оқу барынша сұранысқа ие болып отыр. Өткен кезеңде 792 әйел орталықтан қызмет алды, 480-ден астам қызмет алушы оқу курстарында жаңа мамандықтарді игерді.

 

АДАМИ КАПИТАЛДЫ ДАМЫТУ

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы он жыл ішінде мектепке дейінгі, қосымша, техникалық және кәсіптік білім беру, әлеуметтік кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің проблемаларын шешуде тиімді диалог алаңына айналды.

Адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Әсет Адылханның ақпараты бойынша, 2017 жылдан бастап ШҚО ӨКП өңірде қысқа мерзімді кәсіптік оқуды дамыту бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде ҚР Білім беру ұйымдарының тізіліміне Шығыс Қазақстан облысының 100-ден астам оқу орталығы кірді, оның ішінде кәсіпорындар жанынан – 25, дербес – 27, колледждер жанынан – 37, ЖОО жанынан – 1 орталық құрылды.

2014 жылдан бастап Палата өңірде дуальді оқуды дамытып келеді. 2023 жылдың 1 қыркүйегіне 450-ден астам кәсіпорын мен 48 колледжді тарта отырып, дуальді жүйе арқылы коллежджердің 6 мыңнан астам студенті дайындықтан өтті.

«Жыл сайын жүйелі негізде заманауи әдіснаманы пайдалана отырып, біз кадрларға болжамды қажеттілік тұрғысынан өңір кәсіпорындары арасында сауалнама жүргіземіз. Жергілікті атқарушы органның жанынан құрылған кеңес беру-ақылдасу органдарда кәсіпкерлердің мүддесін қорғаймыз. 2019 жылы біз ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнін оқу процесіне енгізу бойынша жобаны іске асырдық. Жоба аясында 200-ден астам педагог біліктілігін арттырып, облыстың 11 мың студенті мен оқушылары пән бойынша оқыды», – деді Әсет Адылхан.

 

АГРОӨНЕРКӘСІП КЕШЕНІ

Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын қолдау саласында ӨКП бизнес субъектілеріне жан-жақты көмек көрсетеді.

Палатаның кейігі жылдардағы жетістіктері туралы айта келе, Агроөнеркәсіп кешені бөлімінің бастығы Данияр Әкімбаев Шығыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін олардың агроөнеркәсіп саласындағы біліктілігін арттыру, ауыл шаруашылығы саласындағы технологияларды жетілдіру, өндірілетін өнімнің сандық және сапалық көрсеткіштерін арттыруға ықпал ететін оқу семинарларын ұйымдастыру туралы хабарлады. Сондай-ақ тұрақты негізде ШҚО кәсіпкерлер палатасы АӨК дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына мониторингті жүзеге асырады. Бұл шара ауыл шаруашылығы саласындағы бизнес-процестерге теріс әсерді жоюға мүмкіндік береді.

«Палата ҚХР-мен шекара маңындағы сауданы ұйымдастыруда экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға практикалық және әдіснамалық көмек көрсеткен кезде облысымыздың 150-ден астам кәсіпорны Қытай экспорттаушыларының тізіліміне енгізілген. Біз сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға тыйым салу мен шектеуді алып тастау бағытында белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Соның арқасында отандық тауар өндірушілер тауарларды жеткізу бойынша өз міндеттемелерін кідіріссіз орындай алады және халықаралық нарықтарда өз позицияларын сақтай алады. Сонымен қатар, экспорттық әлеуеттің географиясын кеңейту бойынша жұмыстарды үнемі жүргізіп отырамыз», – деп қорытындылады Данияр Әкімбаев.

ШҚО Кәсіпкерлер палатасы өз жұмысында қандай құралдарды пайдаланатыны, бизнесті жүйелі мәселелерді шешуге қалай тартатыны, сондай-ақ ӨКП-ның бұрыннан еңбек етіп жатқан қызметкерлері туралы 2023 жылғы 21 қазанда облыстық филиалдың 10 жылдығына арналған біздің материалдан оқыңыз.