ШҚО мен Абай облысының палуандары ел чемпионатында командалық есепте екінші орын иеленді

6798
көрілім
Фотосурет ашық дерекккөзден

Қарағанды қаласында күрес түрлерінен ел чемпионаты өтті. Соңғы болып жарыс жолына грек-рим күресінің шеберлері шықты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ел көлемінде жеңіл салмақтағы бәсекелестік алауы қызып тұр. Бір үздік екінші мықтыны қапы қалдырып жатты. Айталық, жас болса да ересектер біршамасымен деңгейлес Исхар Құрбаев 55 келіге дейінгі салмақта Жетісу облысына алтын әперді. Негізі Шығыстың тумасы. Дәл осы салмақта жерлесіміз Ерасыл Мамырбеков қола медальға ие болды. Ағайынды Фидахметовтардың бірі финалға шыққан-тұғын. Ернар ерлеп, 60 келіге дейінгі салмақта қызылордалық Айдос Сұлтанғалимен шеберлік байқасты. Белдесу мерзімінен бұрын аяқталды. Өкініштісі сол, Айдос Ернардың артына шыққан соң екі рет өзінен асыра лақтырып, есепті 9:0-ге жеткізді. Қоладан соң қоржынға күміс медаль түсті. Әрі қарай 63 келіге дейінгі салмақта оның егізі Ернұр Фидахметов үшінші орынға табан тіреді. Жүлделер легі жалғасып, 67 келіге дейінгі салмақта Құдайберген Тұрсынов қола медаль еншіледі.
Семейлік Нұрсұлтан Тұрсыновтың жолына үмітпен қарайтындар аз емес. 87 келіге дейінгі салмақтың финалында солтүстікқазақстандық Бауыржан Мусинмен күш сынасып, айқын ұтты. Тұрсыновтың алтын медалі жерлестеріміздің жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтауына мүмкіндік берді.
Әділхан ЕСІМХАНОВ