ШҚО-да ашылатын халықтық медицина орталығы Қытай қазақтарының тәжірибесін негізге алмақ

785
көрілім
ШҚО әкімі Даниал Ахметов алдағы уақытта Катонқарағай ауданындағы аурухана базасында халық медицинасы негізінде емдейтін орталықтың ашылатыны жайында айтқан еді. Жағымды жаңалықты естіген шығысқазақстандықтардың тың бастамаға қызығушылықтары артып келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Райфа Сафиоллинованың айтуынша, медициналық орталық Катонқарағай ауданының ауданаралық ауруханасы базасында пайда болады. Жалпы, бұл мақсатта бүгінгі таңда денсаулық сақтау басқармасы мен Катонқарағай ауданының медицина қызметкерлерінен құрылған делегация Қытайдың ШҰАР Алтай қаласындағы қазақы медицина ауруханасының халықтық медицинасымен танысу мақсатында іссапарға барып келген.

Аталмыш орталықта ем-домның физиотерапия және инемен емдеу түрлері қолданылады, – дейді Райфа Сафиоллақызы. – Қазақ ұлтының халық медицинасы орталығын құру үшін шетелден немесе басқа көздерден инвестиция тартылмайды.

Орталықта барлық дәстүрлі емес медицина әдістері қолданылады. Жаңа медициналық мекемеде жиырмаға жуық адам жұмыс атқармақ.

Бұл шаралар халық медицинасына деген туристердің қызығушылығын арттыруы мүмкін. Орталық бір уақытта 50 науқасты қабылдап, стационарлы және амбулаторлы қызмет түрлерін көрсетеді. Сондай-ақ, Қытайдың ШҰАР-на тағы бес маманды оқуға жіберу жоспарлап отырмыз, – дейді Райфа Сафиоллинова.

Азамат Темірбеков