ШҚО-да билікті басып алу әрекеттерін насихаттағаны үшін екі адам сотталды

155
көрілім
Фотосурет Orda.kz

Өскемен қалалық №2 сотының шешімімен өңірдің екі тұрғыны ұлттық және әлеуметтік араздықты қоздыратын жарияланымдар мен үгіт-насихаттары үшін сотталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тергеу барысында олардың биыл ақпан айында интернет-ресурстарды (чат-рулетка) пайдаланып, Шығыс Қазақстан облысын Қазақстан Республикасынан бөлу мақсатында референдум өткізу қажеттігі туралы идеяларын білдіргендері белгілі болды.
Облыс прокуратурасы ақпаратынша, екеуі референдумда оң нәтижеге қол жеткізілмеген жағдайда облысты күштеп басып алуды насихаттады.
- Айыпталушылар өз кінәларын толық мойындап, өкініш білдірді. Мемлекеттік айыптаушы сотта олардың әрқайсысын 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Заңды күшіне енген сот үкімімен жоғарыда аталған тұлғалар 5 жылға бас бостандығынан айырылды, - делінген мәліметте.
Құқық қорғау органы өкілдері мемлекет қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мәселелері ерекше бақылауда тұрғанын жеткізді.