ШҚО-да ҰОС ардагері қайтыс болды

151
көрілім

Зеленый кентінің тумасы Гавриил Одинцов 99 жасқа қараған шағында өмірден озды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Аталған мәліметті облыстық Полиция департаменті растады. Соғыс ардагері 1925 жылы тамыз айының 27-күні өмірге келген. Үш-төрт жыл бұрын басылым беттеріне берген шағын сұхбатында кішкентайынан мұғалім болуды армандағанын жеткізген. Дегенмен оған мүмкіндік бермеді. Шемонаиха орта мектебін бітірген соң 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Харьков қаласындағы 15-ші артиллериялық арнайы мектепке жіберілді. Оны бітірген соң 4-ші Украина майданына аттанды.
Польша, Германия жерлеріндегі айқастарға қатысып, Қызыл Жұлдыз орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
Гавриил Одинцов соғыстан Өскеменге оралған бойда педагогикалық институтты сыртай аяқтады. Біраз жыл Октябрьский кентіндегі мектепте директор болып, институтты бітірген соң аспирантураны да ойдағыдай тәмамдап, доцент атағын алды. 
Шығыс Қазақстан облыстық Ішкі істер органдарында хатшы, Ішкі істер басқармасы кадрлар бөлімінің еңбек депутаттар кеңесі атқару комитетінің бастығы қызметтерін атқарды.
Ардагер соғыстан кейінгі өмірін ғылымға арнап, кітаптар жазды. Гавриил Одинцов «История Казахстан, XX век», «Культура Казахстана», «Казахстанцы в годы Великой Отечественной войны» атты еңбектердің авторы. 
Осы ретте облыстық Полиция департаменті мен Ішкі істер органы ардагерлер кеңесі  батырдың жақындары мен туыстарына көңіл айтады.

Асыл АЙТБАЕВ(Фотосурет Osa_news_vko парақшасынан)