ШҚО-дағы жазасын өтеп жатқан 30 адам «есік фабрикасында» жұмыс істейді

409
көрілім

Бұл туралы қылмыстық атқару жүйесі департаменті сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімі бастығының орынбасары Жасұлан Баденов айтып өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Оның сөзінше, облыс бойынша ҚАЖД-ға қарасты 10 түзеу мекемесі бар. Өскеменде – алтау, Семейде – үшеу, Жарма мен Шемонаихада бір-бірден. Бұл жерде мәлімет Шығыс Қазақстан екіге бөлінбей тұрып бекігенін байқауға болады. Осының барлығында 4017 адам жазасын өтеп жатыр. Қылмыс арқылы келтірілген шығынды еңбекпен өтеуге мүмкіндік беріліп, жұмыс орындары ашылды.

– Жыл басынан бері 1919 сотталған жұмыс істеп, жалақы алған. Былайша айтсақ, бұл жұмысқа қабілетті істі болғандардың 61,7%-ы. Онымен қатар республикалық-мемлекеттік кәсіпорнында 443, шаруашылық қызмет көрсету жұмысына 295 сотталған жұмыс істеп жатыр. Бүгінде облыс бойынша ШҚО бойынша ҚАЖД өнеркәсіптік аумағында 10 ЖШС, 51 жеке кәсіпкерлік жұмыс істейді. Жалпы, түзеу мекемелеріндегі өндірісті дамыту жағы үш бағытта жалғасуда. Соның бірі – металл және ағаш өңдеу, тігіншілік, жиһаз жасау және тағы басқалары. Кейін анықталғандай, бұл бағытқа әлі де болса істі болғандарды көптеп тарту қажет, – деді Жасұлан Сұлтанмұратұлы.

Жауапты тұлға, облыс бойынша ОВ-156/15 және ОВ-156/14 колонияларында 2019 жылдың қыркүйек айынан бері бөлмеаралық есіктер жасау қолға алынғанын айтты. Жұмысқа жауапты – «Томирис» есік фабрикасы ЖШС. Мұнда жазасын өтеп жатқан 30 адам жұмыс істейді.