ШҚО-ны басып алып, Қазақстаннан бөлуді насихаттаған екі сепаратист сотталды

229
көрілім
Фотогсурет elitar.kz сайтынан

Өскемен қаласының екі тұрғыны сепаратистік әрекеттерді насихаттағаны үшін 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 
ШҚО Прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, екі азамат ұлттық және әлеуметтік араздықты қоздыратын жарияланымдар жасап, үгіт-насихат жүргізген. 
«Тергеу барысында олардың 2024 жылдың ақпан айында интернет-ресурстарды (чат-рулетка) пайдаланып, Шығыс Қазақстан облысын Қазақстан Республикасынан бөлу мақсатында референдум өткізу қажеттігі туралы ойларын білдіргені белгілі болды. Референдумда оң нәтижеге қол жеткізілмеген жағдайда облысты күштеп басып алу қажеттігін насихаттаған», - делінген ақпаратта.
Өскемен қалалық №2 сотында қаралған сот ісінде айыпталушылар өз кінәларын толық мойындап, өкінетіндіктерін жеткізді. 
«Сот үкімімен сотталушылар 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енді. Мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мәселелері құқық қорғау және арнайы органдардың ерекше бақылауында», - делінген хабарламада.