Шығыс Қазақстаннан Ресейге кетіп жатқан студенттер саны күрт азайды

1039
көрілім
Фотосурет ашық дерекккөзден

Соңғы жеті жыл көлемін алсақ, шет ел асып білім аламын деген шығысқазақстандық студенттер саны алты есеге азайды. Мұндай ақпаратты облыстық білім басқармасындағылар ұсынды. Шенеуніктер сандардың бұлай сөйлеуін бірнеше себеппен байланыстырды. Бірі жастарды туған өлкесінде қалдыру қадамдары жасалды десе, енді бірі Ресей мен Украина арасындағы жанжалды негізге алды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Жұмысқа орналастырса ораламыз»

Облыстық Білім басқармасының басшысы Инесса Чернышеваның сөзінше, биыл ұзын-саны 284 студент қана білімін жат жұртта жалғастыруды жоспарлаған. Бұл барлық студенттің тек 7 %-ы дейді. Салыстырып көрейік десек, 2016 жылғы деректі мысал етейік. Ол кезде Шығыс Қазақстаннан 1800 студент шет ел асқан екен. Ол кезде облыстық Ішкі саясат бөліміндегілер дабыл қағып, «кеше ғана мектеп бітіріп, иек артқан буын көршілес елге тоқтаусыз кетіп жатыр» десті. Барған соң көбінің қайтуға асықпайтындықтарын да айтты.

– Қазіргі уақытта Томск, Новосібір және Барнаулдағы жоғары оқу орындарында екі мыңға жуық шығысқазақстандық жас оқып жатыр. Олар мынадай мамандық иелері атануды мақсат еткен: нано-технология, ядролық физика, геология, металлургия, инженерия және медицина. Басқарма жүргізген сауалнама нәтижесінде, осы студенттердің 35 пайызы жұмысқа орналасу жағы шешілген соң ғана облысқа оралуға ниетті екендігі белгілі болды, – деген еді 2016 жылы басқарма басшысы болған Ержан Сембинов.

Облыс әкімі Даниал Ахметов бұл тақырыпты тереңірек өрбітіп, басқа жаққа кетуде кедергі бола алмаған педагогтарды сынға алды.

– Мені алаңдатып отырғаны – жастарымыздың Ресей мен Беларусь елдеріне кетіп жатқандары ғана емес, бұған ұстаздардың қалыпты жағдай ретінде қарауы. Байқағаным, білім саласы басшылығындағылардың көбі «бұл жақта ҰБТ тапсырып, әуре-сарсаңға түскенше, со жақта емтихан тапсырасыңдар» деуді жиілеткен.

Соғыс себепші ме?

Бір жылдан кейін өңірде Ресейдегі ЖОО-ларға көптеп кетудің алдын алу үшін арнайы бағдарлама ойластырды. Оның мақсаты – жергілікті университеттерде қолайлы жағдай жасау арқылы жастарымызды туған өлкесінде білім алуына басымдық беру. Аймақтық жоба «Білікті маман» деп аталды. Іске асырыла бастаған уақыттан бері мектеп бітірген түлектер үшін жергілікті бюджеттен 2306 грант бөлінді. Нәтиже байқала бастаған соң кәсіптік бағдарлау жұмысының оңтайлығын айтты.

– ҰБТ пәндері бойынша онлайн дайындық курстары ұйымдастырылуда. Шамамен 1500 бала (ЖОО-ға түсурге ниетті жалпы түлектердің 40%-ы) қамтылды. Сонымен қатар оқу жылы аясында еліміздегі басқа да университеттермен кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Жыл басынан бері 30 ЖОО-мен байланысымызды бекіттік, – деді ШҚО Білім басқармасының басшысы Инесса Чернышева.

Студенттердің соңғы бір-екі жылда Ресейдегі университеттерге баруды азайтуларына соғыстың қаншалықты әсер еткені жөнінде ақпарат ұсынылмады. Иә, Украина мен Ресей арасындағы қарулы қақтығысқа бір жылдан асты. Білім басқармасы басшылығындағылардың келтірген деректеріне сүйенсек, көршілес елге облыстан кетіп жатқан жастар жыл санап азайып келеді.