Шығыс Қазақстанның өз "Артегі" болады

93
көрілім
Фотосурет ашық дерекккөзден

Шығыс Қазақстан облысындағы лагерьлерде республиканың түкпір-түкпіріндегі балаларға жазғы демалысты ұйымдастыру үшін пилоттық жоба қолға алынбақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бүгін облыс әкімдігінде өткен жиналыс барысында балалардың жазғы демалысы жайлы сөз қозғалды. ШҚО Білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышеваның айтуынша, аймақ бойынша 1-10 сыныптардың 93 519 оқушысы жазғы демалыспен және сауықтырумен қамтылады.
«Барлығы 487 жазғы лагерь жұмыс істейді. Оның ішінде 13-і қала сыртында, 270-і мектеп жанында орналасқан. Ал Самар ауданында әскери-спорттық лагерь өз жұмысын бастайды. Онда барған балалар әскери-тактикалық ойындар ойнап, әскери қызметкерлермен кездесіп, түрлі спорттық жарыстарқа қатысады», - дейді ол.
Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балалары жазғы лагерьмен түгелдей қамтылмақ.
ШҚО әкімі Ермек Көшербаев өз сөзінде ішкі туризмді ұйымдастыру үшін өңірдің мүмкіндіктерін белсендірек пайдалануға шақырды. Ол Шығыс Қазақстанның қала сыртындағы лагерлеріне көктемгі су тасқынынан зардап шеккен аймақтардан келетін балаларды көптеп қабылдауды ұсынды.
«Бір жерде мұнай өндіреді, бір жерде егін егеді. Ал біздің халқымыздың ортақ мұрасы – әсем табиғаты. Өз азаматтарымыздың осында келіп демалуы үшін тиісті жағдайды жасауымыз керек. Бұл ішкі туризмге қатысты мәселе. Осыған қатысты жұмысты биыл бастауды ұсынамын. Басқа өңірлердегі, әсіресе су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы балаларды қонақ қылайық. Ол үшін білім, дене шынықтыру және спорт, туризм басқармалары, аудан әкімдіктері қажетті бағдарламаларды әзірлеп, кәсіпкерлерді де тарту қажет. Келешекте Шығыс Қазақстанның өз "Артегі" болады», - деді әкім.