Тарбағатай ауданына қарасты Құйған ауылында су бөгеті салына ма?

4833
көрілім

Құйғаннан тағы қоңырау түсті. Әкімдік тарапынан әлі әрекет байқалмаған соң, күрмеуі көптен бері тарқамаған мәселені көтерді. Бірнеше ауылдық округ тұрғындары соңғы жылдары егістігін суара алмай, қуаңшылықта әбден қиналғандарын жеткізді. Ауыл іргесінде су бөгеті салынбай, жаңбырсыз жазда еккендерін қуратып аламыз деп дабыл қақты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Астанадан келіп, арнайы танысыпты

Осы тақырып мұның алдында да көтерілді. Оқырмандар редакцияға келіп, Құйған маңында «Мысық» деп аталатын жер барын, бұрын сонда бөгет салу жоспарланып, сол күйі қолға алынбағанын жеткізген-тұғын. Онымен қоса, Мәдениет үйіне деген қажеттілік ең әуелі қариялардың жиі айтатын тілегі.

Елдімекен жұрты айтқан аумақ Құйғаннан 12-13 шақырым жерде орналасқан. Онда су бөгетін салу қолайлы екенін аудан әкімдігі жасырмады. «Осыны қалай етсек?» деп өздері де бас қатырып келеді.

– Ауылдан оңтүстікке қарай 12-13 шақырым қашықтықта су бөгетін салу кеңес өкіметі кезінен айтылып, шешімін таппай келе жатқан маңызды мәселелердің бірі. Учаске атауы – «Мысық» деп аталады, – деді аудан әкімінің орынбасары Марат Қызов.

«Тұғырлы Тарбағатай» аудандық газетінің биыл 18-ші шілде күні шыққан нөмірінде су бөгеттеріне қатысты мақала жазылды. Тақырыбы – «Су тоспаларын қалпына келтіру маңызды». Материалда өңірдегі платиналардың мүшкіл халі, солардың зардабын аулы халқы тартып отырғандығы жазылды.

– Тұғыл ауылдық округіне қарасты «Құсты» су қоймасына кезінде жобалық-сметалық құжаттама жасалған екен, алайда біз оны таба алмадық. Бұл экономикалық сараптамада «Ұласты» су қоймасының үш ауылдық округке қызмет көрсететіні ескерілмеген. Яғни, Жетіарал ауылдық округіне қарасты 1000 га жерге су беретін Қызыл кесік каналы үшін Қаратоғамнан су тоспасы әзірленуі тиіс болатын. Орта Ұласты, Шет Ұласты өзендері түйіскен жерден Бөгетай су тоспасы салынуы керек еді, – деді автор М.Тырнақбаев.

Марат Қызовтың сөзінше, Құйған аумағындағы учаскені арнайы көру үшін 2018 жылы Астанадан Ауыл шаруашылығы министрлігі су шаруашылығы бөлімінің басшылары келіп, танысып қайтқан. Биыл Шымкенттен арнайы топ келіп, аталған жерді толыққанды дронмен түсіріп, жоба дайындау үшін жұмыстар атқарыпты. Әкімшіліктен бірнеше мәрте қажетті құжаттар мен мәліметтер алған.

Ал мақала авторы ойын түйіндей келе, су тоспасы салынса, Құйған ауылдық округінің жерлері, Қос тоғам, Бөгетай тоғамының суымен Қарасу ауылдық округінің жерлері суарылады деді. Айтуынша, «Ұласты су қоймасы арқылы үш ауылдық округке қарасты 6 мың га жер суарылатын еді».

«Су тоғандары қараусыз»

Құйған ауылының тұрғыны Бақытжан Әміровтің айтуынша, инфрақұрылымға мән беріп, нақты шаралар қолданбаса, шекаралық аймақтағы жағдай ушығуы мүмкін. Шалғай елдімекендердегі шаруашылық ақсай бастаса, ол жаққа тұрғындар тарту қиын. Ал егістіктің суарылуы сол өзгерістің алғашқы қадамы.

– Бізден төменірек Жамбыл, Қарасу ауылдарына да аптапта оңай емес. Әкімдіктегілер «Мысыққа» қатысты жақ ашпады. Өздері жиындарда «егін егіңдер» деп ұсыныс айтады. Су құрыса, немен суарамыз, – деді ол.

Әкімдік ұсынған ақпаратқа сүйенсек, су бөгетін салу бойынша қыбырлғаған тірлік байқалады. Министрлік өкілдері де ақылын айран, ойларын ойран еткен сыңайлы. Олардың айтуларынша, бөгет салынса, Құйған ауылдық округі ғана емес, Жетіарал мен Қарасу ауылдық округінің егістік жерлерін игеруге болады. Аудан әкімдігі «Мысық» учаскесіне су бөгетін салу мәселесі тұрғындар тарапынан жиі көтеріліп жүргенін жеткізді. Облыстық мәслихат пен Парламент депутаты Ерлан Сайровқа хаттар жолданыпты.

– Маңайдағы су тоғандары қараусыз. Қазіргі уақытта су шаруашылығы мекемесінің теңгеріміне өткізу жағын қарастырып жатырмыз. Округ тұрғындары негізінен көпжылдық шөп егіп өсіреді. Биыл жоңышқалық жерлерді жақсарту мақсатында жыл сайын 60-80 га аумаққа дәнді дақыл егілді. Бірақ оны шауып алатын комбайнның болмауынан шаруашылықтар егістікті мал азығы ретінде кәдеге жаратты. Қосымша картоп, бақша дақылдары егіледі, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Сонымен, Құйған, Жалаңаш және Жамбыл елдімекендері қарайтын округте су бөгетін салу алдағы бір-екі жылда шешімін таппайтын сияқты. Барлығы қаржыға келіп тіреліп тұр. «Мысықтың» маңында әлі де тыныштық мүлгитіндей. Астанадағылардың қорытынды сөзі әлі белгісіз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ