Тарбағатай аумағында аң іздерін бақылау жүріп жатыр

3395
көрілім

Тарбағатай ұлттық паркінің әлеуметтік желідегі парақшасында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, іздер арқылы аңның жасын, салмағын анықтауға болады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Осы ретте 22-ші айналымның орман шебері Е.Абдуллин, мемлекеттік инспекторлар Е.Ақылбеков пен А.Шарапиев аң іздеріне визуалды бақылау жұмыстарын жүргізіп, SMART құрылғысына тіркеді.
- Іздер арқылы аңның жасын, салмағын білуге болады. Іздің мөрі арқылы аяқ алысына қарай аңның жаралы ма, сау ма, қалай қарай, не үшін кетіп бара жатқанын, әлде бір жемтік аулап жүр ме немесе жем аулап қайтып келе ме және т.б. қарекетін ажыратуға болады, - дейді олар.
Ұлттық парк мамандарының сөзінше, кішкене ғана түлкі ізі бірінен соң бірі қондырылған ноқат тәрізді, адымының ұзындығы 23-28 см-дей, алдыңғы аяғының таңбасы 4x5, артқы аяғының таңбасы 3x3,5 см шамасында болады. Түлкінің қарға түскен ізіндегі қимыл-әрекетінен, аяқ басып, адым алуынан, секіріп қарғу қимылынан оның өзі күшік түлкі ме, ересек түлкі ме, кәрі түлкі ме, жас түлкі ме, ұрғашысы ма, әлде арлан ба деген ой келеді.
- Қасқырдың із таңбасы жинақы, айқын, ілгері қарай сәл сүйірлеу болады. Қасқыр көп бұлтақтамай бір аяғының ізін екінші аяғымен басып, түзу жүріп отырады, - деді парк қызметкерлері.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, қоянның артқы аяғынан алдыңғы аяқ ізі үлкен, әрі анық болып түседі. Қар бетіндегі қоян ізінде алдыңғы екі аяқ ізі бір сызықта "қатарласып", ал артқы екі аяқ ізі ұзынынан бір-бірінің артында "тізіліп" түседі. Қоян із таңбасындағы шұңқыр ұзындығы 7-8 см, ені 3-3,5 см келеді.