Ұлан ауданында 40-тан астам жұмыс орны ашылатын жобалар іске асырылуда

4380
көрілім
Фотосурет өңірлік коммуникациялар орталығынан

Аудан әкімі Думан Рахметқалиев жуықта Өскеменде өткен жиында жыл басынан атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында тауарлы-сүт фермасы мен мал бордақылауға басымдық беріліп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, аудан жұртының халқы 33,8 мың адам. Жыл басынан бері алсақ, 188 адамға азайыпты. Тұрғындар табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіп ашуға ниетті ұлындақтар 170 млн теңгенің несиесін алды. Аудан басшысы шаруашылықтардың кооперативтенуіне қолдау білдіретінін жеткізді. Биыл 18 мың га жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Басқа да бағыттарда оң өзгеріс байқалатын көрінеді. Айталық, «Agro Vostok LTD» ЖШС-нің ет және сүт өнімдерін өндіретін фермасының құрылысы жүргізіліп жатыр,

– Жоба іске асырылған соң 4 мың тонна сүт, 38 тонна ірімшік өндіру және 10 жаңа жұмыс орнын құру күтіледі. Одан бөлек, 1 млн теңгеге 300 басқа арналған «Багратион-2» шаруа қожалығының тауарлы-сүт фермасының құрылысы қолға алынған. Осы жоба толық іске асырылғанда жылына 1,6 мың тонна сүт өндіру күтілуде, – деді Думан Рахметқалиев.

Аудан басшысы 400 млн теңгеге «Жаңартау КЗ» ЖШС 1000 басқа арналған бордақылау алаңының құрылысы туралы айтып өтті.

– «Агрокомплекс Донское» ЖШС 500 млн теңгеге жылыжай кешенін салып жатыр. Жоба іске асырылған соң жылына 1 мың тонна көкөніс өндіріліп, 33 жаңа жұмыс орны ашылуы мүмкін, – деді Думан Есдәулетұлы.