Ұлан ауданында биыл 4,5 млрд теңгеге 74 жоба іске асырылмақ

1410
көрілім

Аудан әкімі Думан Рахметқалиев жуықта брифинг өткізіп, 2023 жылды қорытындылады. Өскеменде ұйымдастырылған жиында биылғы жоспарды да тізбелеп, аудан көлемінде күтілетін өзгерістерді сөз етті. Айтуынша, шешімін таппай жатқан мәселелер бар, бірақ жұмыстар мүмкіндігінше атқарылып келеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жайылым кеңейтіліп жатыр

Жауапты тұлға биыл алты елдімекеннің (Привольное, Ново-Азовое, Жаңа Қанай, Гагарино, Жоғарғы Тайынты және Азовое) шекарасын 15,6 мың гектарға дейін ұлғайту жоспада барын жеткізді. Бұл шаруа қожалықтарының қамы үшін емес, бұқара жұрттың игілігіне жасалған қадам екенін баса айтты.

– Жер телімдері тек жұрт қолданысы үшін. Мәселен, Айыртау ауылдық округінде 2,8 мың гектар, Тайынтыға тиіп тұрған Тарғын ауылдық округінде 3,2 мың гектарға дейін кеңіді. Қалай десек те, бұл төрт түлікті жаю үшін жеткілікті алқап деп санаймыз. Бір есептен, ауыл жұрты иек артатын сол бағыт. Мал күйлі болса, қыстан қаймықпай шығады, – деді аудан басшысы.

Осыны айтты да біртіндеп туризм саласындағы жаңалықтарға ойысты. Бірден жылдағы дәстүрге айналған «Салбурынды» негізге алып, Бозанбай маңы қазір республика көлемінде жиі ауызға ілігіп жүргенін алға тартты. Былтыр қараша айында құсбегілер сайысы Халықаралық деңгейде жалғасса, бірнеше айдан соң ел чемпионаты жалауын көтерді.

– Қазір ол жақта жерлесіміз Мұхтар Тойбазаров туроператорларды іске қосып, салт атпен серуендеу жағын қолға алып жатыр. Ақ бауыр, Бестерек, Желдіөзек маңы бұл үшін қолайлы. Бұрын көпшілік Сорокина деп, бертіндері Қызылтас аталатын тауға шығу да көп адамды қызықтырып отыр. Қызылтас төңірегінде жаяу серуендеу туристер тартуда аса тиімді. Бәлкім, оның шеңбері Аблакет тауына дейін кеңейер, – деді Думан Рахметқалиев.

Бірқатар елдімекенде таза ауызсу мәселесі әлі шешімін таппаған. Әкімнің ақпаратынша, бүгінде осыған бас қатырып келеді. Ресми ақпаратқа сүйенсек, су құбырлары былтыр Пролетарка, Жоғары Тайынты, Ізғұтты Айтықов сияқты елдімекендерге тартылды. Аудан халқының таза сумен қамтылуы – 92%-ға жеткен көрінеді. Осы сияқты жұмыстар Асубұлақ кентінде, Отрадное және Бозанбай ауылдарында жалғаспақ. Тың ақпараттардың бірі сол, биыл Таврия ауылында жылу қазандығы салынады. Тиісті қаржы бөлініп қойған. Жалпы құны – 1,1 млрд теңге.

– Баспана тақырыбына келсек, былтыр 36 үй салынды. Алмасайда – алты, Сағырда – алты, Тарғында – алты, Ұлан ауылында – алты, Мамай батырда – жеті, Айыртауды – үш, Баяш Өтеповте екі үй бой көтерді. Бұны өте жақсы көрсеткіш деп санаймын. Бұлар «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасына сәйкес салынды. Биыл 18 үйдің іргетасын қалау жоспарға қойылды. Бірақ ол меже 88-ге дейін көбеюі мүмкін. Себебі, қазір аудан көлемінде 1000-нан астам адам баспана кезегінде тұр, – деді әкім.

Бұған қоса, аудан басшылығы былтыр 12 пәтер сатып алыпты. Мүмкіндігінше, үлестіріп берген. Бірақ кезекте тұрғандар саны тоқтаусыз артып жатқаны жасырын емес. Соған сәйкес, биыл 90-ға тарта баспананың негізі қаланбақ. Халық санының артуына қарай, денсаулық сақтау саласы да күн тәртібінде тұрады. Осы ретте былтыр Қасым Қайсенов кентінде емхана құрылысы басталды. Былтыр да, биыл да қаражаты уақтылы бөлініп, осы жылдан қалмай жұмыстар аяқталады деп күтілуде. Герасимовка мен Айыртау тұрғындары үшін қуанышты жаңалық, биыл екі ауылдағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізілмек. Ұлан елдімекеніндегі клуб үйі де осы тізімде бар.

Ауылдардағы ахуал

Жалпы, биыл 4,5 млрд теңгеге 74 жобаны жүзеге асыру жоспарға қойылды. Оған:

  • Жоғарыда жазғанымыздай, Таврия ауылында жылу қазандығының құрылысы;

  • Бозанбай мен Таврияда мал қорымының салынуы;

  • Қасым Қайсенов кентіндегі Мәдениет және демалыс орталығының құрылысын аяқтау;

  • Қасым Қайсенов кенті, Бестерек, Макеевка, Саратовка, Ново-Одесское, Таврия және Пролетарка ауылдарының жолдарын жөндеу;

  • Алмасай ауылын сумен жабдықтау (былтыр тәмамдауға қаржы жетпеді) жүйесін жөндеу;

  • 18 ауылда көшелерді жарықтандыру жұмыстары кіреді.

Думан Рахметқалиев осыларды тізбелей келе, Ізғұтты Айтықов елдімекеніне жекелей тоқталды. Оның сөзінше, көп жылдар бойы ол жақта ауыз толтырып айтарлық шаруалардың шеті шықпаған.

– Тұрғындар ауылішілік жолдардың қалыпқа келтірілуін қалайды. Бірақ онда су құбырлары тартылғандығын ескерсек, биыл оны жөндеудің реті жоқ. Жол одан әрмен отырып қалады. Жергілікті жұртпен жүздескенде олар да әліптің артын бағуды ұсынды. Дегенмен оны сол күйі қалдыруға болмайды. Тым құрығанда, көшелер жарықтандырылсын деп 21 млн теңге бөлдік. Бұл жерде тас қараңғы көшелер мен балалар сабаққа барып келетін аумақтар қамтылады, – деді аудан басшысы.

Әкім біртіндеп интернет тақырыбына ауысты. Думан Рахметқалиевтің мәліметінше, Жоғарғы Тайынты ауылында антенна-мачталық станция орнатылды. Көптен бері қолға алынбаған жұмысқа қозғаушы болған бірден-бір жайт ол – туризм. Жоғары жылдамдықты ғаламторсыз оның дамуы неғайбыл. «Былтыр басталған жұмыс бойынша қазір операторлар бекітіліп, байланыс жағы реттеліп жатыр» деді. Баяш Өтепов пен Манаттағы интернет мәселесі тағы бір көтерілді.

– Шын айтсақ, Баяш Өтепов ауылында интернеттен де өзекті мәселе бар. Ондағы мектеп жабылудың аз-ақ алдында. Сол мақсатта «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында үй салынды, онда көпбалалы отбасы көшіп барады деп күтіледі. Бұл ауылдың ғаламторы туралы дөп басып мәлімет ұсына алмаймын. Бірақ Манатқа қатысты ақпарат бар. Бағана айтқанымдай, Жоғарғы Тайынтының маңында антенна-мачталық станция салынды. Бірақ оның әсері Манатқа дейін жетпейді. Себебі, ол таудың ортасында тұр. Аталған станция мен Манаттың арасында тау бар. Алайда осы елдімекеннің бір нүктесінде жақсы «сигнал» бар деп айтылды. Осы тұрғыда жұмыс жүріп жатыр, – деді аудан басшысы.

Оқырмандар тарапынан «Бозанбай мен Алмасай аралығындағы жолға асфальт төселе ме?» деген сауал жиі түседі. Ол сұрақ та қойылды. Дегенмен Думан Есдәулетұлы «әзірге жоспарда жоқ» деп бірден кесіп айтты. Жауапты тұлғаның әр сауалға қаз-қалпы, құрғақ уәделер бермей жауап қатқанын айта кеткен жөн. Аудан жұртының орташа жалақысы туралы ақпарды да көп күттірмей ұсынды. Ресми дерекке сүйенсек, ұландықтардың орташа айлығы былтыр 293 мың 671 теңгені құрады.

Әкімдік қазір ауылдарды су баспау жағын қатаң бақылауға алған.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Фотосурет Думан Рахметқалиевтің жеке парақшасынан