Ұландық Ерлан Юсупов жамбы атудан елімізде тұңғыш рет өткен додада қылды қиып түсірген

1530
көрілім

Жұрт арасында белгілі бір қашықтыққа зат қойып, соған тигізуге талпынып, өз мергендігін сынап жүргендер жетерлік. Кәнігі нысананы орнында тұрып-ақ көздеудің өзі мүмкін болмай жататындығын ескерсек, жоғары жылдамдықпен жүйіткіп келе жатып мұны орындау – анау айтқандай оңай іс емес. Айтпағымыз, республика көлемінде уақыт өткен сайын адымын ұзартып, құлашын кеңге жайып келе жатқан жамбы ату спорты жайлы. Нақтырақ айтсақ, осынау ұлттық спорт түрінен ұйымдастырылған тұңғыш ел чемпионатында топ жарып, күллі көрерменді жарқын жеңісімен таңқалдырған жерлесіміз Ерлан Юсуповқа тоқталмақпыз. Ұлан ауданының Сағыр ауылынан шыққан жамбы атудың Һас шеберімен жолығып, сұхбаттасқан едік.

Моңғолиялық маман дәріс оқыған

Жерлесіміз жалпысында спорттан қара жаяу емес. Өзінің айтуынша, 30 жылға жуық ғұмырын көкпарға арнаған. Қазір де түрлі бәсекелерде топ жарып жүлде алып жүр. Ал жамбы ату спортын қалай бастағандығы бұл да бір қызықты жайт.

– 2014 жылы Түркістан қаласына барған едік. Мұнда көкпар, аударыспақ, теңге ілуден ел чемпионаты өтті. Осы кезде барлық облыстан келген өкілдерді жинап, «Әр өңірден екі адам Меркеге баруларыңыз керек» деп айтты, – дейді Ерлан Иманханұлы жамбы атуға қалай келгенін еске алып. – Моңғолиядан арнайы шақыртылған маманның қатысуымен жиын өткізілді. Мәлім болғандай, әлгі мейман садақ тартуға баулымақ ниетте екен. Бұған өңірімізден «мен барайын» деп білек сыбанып тұрған ешкім жоқ еді. Басшымыз Арман Базархановқа қоңырау шалып едім, «Ереке, өзің барып қайтқаның жөн» деді. Сосын керек-жарағымды әзірлеп, артынып-тартынып Меркеге жол тарттым.

Олар оқу-жаттығу жиынында екі аптадай жүріп, алдымен садақ тартуды, іле тұлпармен ағып келе жатып нысана көздеуді үйренді. Жасыратыны жоқ, «не қиындығы бар, бала күнімізден садақ тартып келеміз ғой» деген ойлар да келіп, жылдам меңгеріп кететіндіктеріне баршасы бек сенімді болған. Дегенмен іске келгенде мәселе арыға барып, біршама байсалдылықты қажет еткен. Иә, бала күніндегі садақ пен қазіргі садақтың айырмашылығы жер мен көктей. Адырнаны қолға алып, заманауи жебеге де зейін салғаннан кейін әдісін меңгеруді күнделікті әдетке айналдыра бастады. Оқу-жаттығу жиыны қорытындыланып, кейін келген өкілдер сертификат пен бір-бір садаққа ие болыпты.

Алғашқы аламанында-ақ айды аспанға шығарды

Араға жыл салып, Қызылорда қаласында ұлттық спорт түрлерінен фестиваль жалауын көтерді. Сайыс бағдарламасына тұңғыш рет жамбы ату жарысы енгізілді. Аймақ намысын арқалап, Ерлан Иманханұлы да межелі жерге атбасын бұрды. Бастапқыдай емес, жүйелі жаттығулар мен әдепкі әзірлігін бағдар етіп, сайыс алдында көппен бірге сап түзеп тұра қалды. Қойылған талап – ұзындығы 130 метр болатын жарыс жолын өзгелерден жылдам бағындыру. Бұл ғана емес, сол аралықта қатысушының ыңғайына қарай, ол солақай, не оңқай болуы мүмкін, құйғытып келіп үш нысанаға дөп тигізу. Олардың өзара арақашықтығы – 7 метрден. Ережеге сай, спортшы сол межені 22 секунд ішінде еңсеруі шарт. Болмаған жағдайда көрсеткен нәтижесі есепке алынбайды. Одан қалса, әр команда қандай жарыс болмасын, тек өздерінің қылқұйрықтыларын апарып, өнер көрсете алады. Бұл аса бір назарға алынбайтын сәт болуы мүмкін. Десе де жауапты жарыс алдында өзгенің атымен алдыңғы орындардың біріне ілігемін деу әбестік. Шабандоз бен тұлпар қимылдарының үйлесіп, іс жүзінде қабысуы – жеңіске жетелейтін басты қағида. Бұл алғашқы кезең еді. Екінші кезеңде жеті, сегіз және тоғыз метр қашықтықтағы екі жарым метр биіктіктегі жамбылар ілініп тұрады. Оның өзінде ат үстінде ағып келе жатып, ұпайын түгендеп үлгергендер ғана келесі кезеңге жолдама алатын еді. Бұл дегеніңіз – әлгі ілулі қалқандардың болмағанда біреуіне дөп тигізу керек. Садаққа да біршама нәрсе байланысты. Ерлан Иманханұлының айтуынша, бастапқыда сапалы садақтар Оңтүстік Кореяда жасалса, қазір украиндар да көптеп шығаруда. Олар: классикалық, аң аулауға арналған, спорттық деп бөлінсе, жамбы атудың білгірлері ұлттық садақты қолдануда.

– Сол кезде жамбы атудан республикалық сайыс тұңғыш рет қолға алынса да қойылған талап қатаң, бәсекелестік те жоғары болды. Әр жамбы аттың қылына байланған. Сөйткенде нысананың үшеуіне де тигізіп, тиісті ұпайымды олжаладым. Талайы мүлт кетті. «Бірінші орын уыста» деген сенімімде еш селкеу жоқ еді. Сол арада бәз-біреулер «Әй осы кездейсоқ тиіп кетті-ау» деген алып-қашпа пікірлер бәсекелестер арасында желдей есіп кетті, – дейді ұландық мерген.

Әралуан сенімсіздіктер Ерлан Иманханұлының жігерін жанып, кезекті тосынсый жасауына себепкер боларын бақталастары аңғармап еді сонда. «Қазір қылды қиып түсіремін!» деп қалың нөпірге қарап қадап айтты да, қорамсаққа қол салды.

– Сол сөзді Құдай өзі аузыма салып тұрғандай болды, – деп жерлесіміз сондағы жарқын сәтті тағы бір есіне алды.

Осыдан кейін сағырлық спортшы қайта атқа қонып, жарыс жолына шықты. Тұлпарымен құйғытып келе жатып нысананы бірінен соң бірін көздеп еді, болмады. Алайда соңғысына келгенде жұрт назары түгелдей ауып, талайы аңтарылып қалған. Жерлесіміз қылды қиып түсірді! Бұл екінші кезең аяқталмай жатып жүзеге асқан әрекет еді. Жасырып несі бар, дәл осы нәтижені жұмыр жерде қайталаған пенде жоқ! Ерлан Иманханұлы дәл осы айрықша әдісі арқылы еліміз бойынша тұңғыш ұйымдастырылған жамбы ату сайысында өзгелерден оза шауып, тұғырдың ең биік сатысына шықты.

Наурызбай Алданбаев

Шәкірттері де шыңнан көрінуде

Мұндай шеберлігі шыңдалған спортшының республика көлемінде олжа салып жүрген шәкірттерінің болуы да заңдылық. Бәлкім, таланты бір басына жетерлік ізбасарлар бұдан да көп болар ма еді. Әттеген-айы – басшылық тарапынан қолдау болмай тұрғаны. Әйтпесе ұлттық спорт түрлерінен талай талант түлеп ұшқан Ұлан ауданынан әлі де сұрмергендер мен құрыш білекті палуандар шығатыны сөзсіз. Айталық, өткен жылы елордада 18-21 жастағы қатысушылар арасында аймақтық сайыс өтіп, облыс құрамасы өзгелерден оза шауып ақтық сынға жолдама алды. Шешуші сайыс тағы сол Нұр-сұлтан шаһарында жалғасын тапқан. Сонда алға тек шымкенттіктерді жіберіп, Шығыстың шымыр жастары екінші орыннан көрінді. Бұл да бір тарих қойнауына кеткен жетістік десек, қапы айтпағанымыз. Құрамында Әлихан Нығметуллин, Слямбек Қабиев және Наурызбай Алданбаев өнер көрсеткен спортшылар сайдың тасындай іріктелген мергендер арасында жүлде алып, аймақ абыройын асырды. Бұл жастар күні бүгінге дейін тыңғылықты әзірлікті тастамаған. Жамбы атудан бөлек, кейіпкеріміз көкпар тартудан да кенде емес. Облыс құрамасында жүріп ел чемпионаттарында бірнеше дүркін жүлдегер атанды. Жыл он екі ай кокпар тартатын оңтүстік өңірдің азулы командаларымен иық тірестіріп, қарсылас атанғанын жерлестерінің бірі білсе, бірі білмес. Бергенінен берері мол спортшы қазір бапкерлік қызметте. Ерлан Иманханұлы отбасының ұйтқысы атанып, ұл-қыздарына ұлағатты тәрбие беруді де ұмытпаған.

– Ерлан аға осы бүгінге дейін талай тәжірибелі бапкер беріп жүрген әдіс-тәсілдерге баулып келеді. Нәтиже шықпай жатса, байыппен түсіндіріп, жігерімізді жани түседі, – дейді шәкірті Наурызбай Алданбаев. – Жамбы атумен үш жылдан бері айналысып келемін. Осы спортқа келуімізге Ерлан ағамыз себепші болып, ауқымды додаларда томағамызды сыпырды. Сәтін салса әлі жүлдегер атанып, нәтижелерді жаңарта түспек ниеттеміз.

Әділхан ЕСІМХАНОВ