Яков Федоров: «Қазақстанда тұратын әр азамат заманауи болғысы келсе, қазақ тілін білуі керек»

585
көрілім
Фотосуреттер кейіпкер мұрағатынан

Еліміздегі «Сөйле» клубы 2023 жылы «Менің елім – менің тілім» республикалық жобасы аясында ашылды. Қазіргі таңда республиканың 11 қаласында қарқынды жұмыс істеуде. Оның мақсаты – елдегі өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін тегін үйретіп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту. Клубтың негізін салушы – блогер, саяхатшы Яков Федоровтің сөзінше, бүгінде орталыққа келушілер көп. Қазақ тілін жетік меңгерген азаматпен игі бастамасы туралы әңгімелестік.

- Қазақ тілін қалай меңгердіңіз? Тілді үйренуге қызығушылығыңыз неден басталды?

- Шынымды айтсам, қазақ тілін үйренуде біраз қиналдым. Өкінішке қарай, мектеп қабырғасында оқып жүргенде 8-сыныпқа дейін қазақ тілі сабағы өткізілмеді. Себебі, мұғалім жетіспейтін. Өзім Семей қаласының тумасымын. 90-шы жылдары өскен соң ортам орыс тілді болды. Аулада қазақша сөйлеп жүрген адамды көрмейтінмін. Мектеп бітіргеннен кейін Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетке оқуға түстім. Негізгі мамандығым – метеорология. Студенттік шағымда жатақханада тұрдым. Ол жердегі достарымның көбі қазақша сөйлейтін. Менімен екі тілде де араласатын. Алайда кей сөздерді қате айтып, ойымды жеткізу үшін қиналатынмын. Бір күні Сәкен Дидахмет дейтін досым мені қазақша өтетін пікірсайысқа қатысуға шақырды. Алғашында бас тарттым. Ұят болады деп қорықтым. Ол міндетті түрде баруың керек деп бой бермеді. Сөйтіп, нағыз шешендермен дебат турниріне қатысып шықтым. Қиын болғаны рас. Жүзе алмайтын адамды суға лақтырғандай мені де бірден қазақтілді ортаға қосып жіберді. Бірақ соның арқасында қорқынышымды жеңіп, қазақша сөйлеуге ұялмайтын болдым. Кейін білікті лингвист, полиглот Владислав Тенмен таныстым. Ол маған қазақ тілінің грамматикасын түсіндіріп, қатемен жұмыс істеуге көп көмектесті. Қазақ тілін толықтай меңгеріп кеттім деп айта алмаймын, білмегенімді әлі де үйрену үстіндемін.

- Қазақ тілі клубын ашу идеясы қалай келді?

- Өзімнің тәжірибеме сүйене отырып, қазақша сөйлей алмайтын адамдарды жақсы түсінемін. Тағы бір өзекті мәселе – орыс мектептерінде қазақ тілін, қазақ мектептерінде орыс тілін айтарлықтай жақсы деңгейде оқытпайды. Қазақ тілін оқытуда сол тілде сөйлейтін орта қажет. Бұл жерде басқа да әдіс-тәсілдер керек. Сол себепті, 2 жыл бұрын біз «Менің елім – менің тілім» қозғалысын құрдық. Бұл ретте бізге «Жастар рухы» жастар қанаты қолдау білдірді. Алғашында клуб емес, акция ұйымдастыруды жоспарлаған едік. «Хат алмасатын достар» («Друзья по переписке») акциясын қолға алдық. Яғни, қазақ тілін білетін волонтерлер Telegram әлеуметтік желісі арқылы тіл білмейтіндермен түрлі тақырыпта сөйлесіп, бір-бірімен хат жазысады. Бірақ көбі офлайн кездесулер ұйымдастырылса деп өз ұсыныстарын айтып жатты. Онлайн арқылы қызығушылық төмендеп, нәтиже болмайтынын жеткізді. Акцияның тоқтағанына да осы себеп болды. Сөйтіп, «Жастар рухы» жастар қанатымен бірлесе отырып «Сөйле» клубын ашайық деп шештік.

   

- Жобаның басты мақсаты қаңдай?

- Біріншіден, қазақ тілін білмейтін адамдарға көмектескіміз келеді. Психологиялық тұрғыдан да біз олардың ұялмай сөйлеуіне қолдау танытамыз. Екіншіден, қазақ тілінде еркін сөйлейтіндерге месседж жеткізгіміз келеді: «Егер қазақ тілін білсеңіз, міндетті түрде оны білмейтін адамға көмектесіп, үйреніп кетуіне үлес қосыңыз».

- Клубтың қаңдай ерекшеліктері бар?

- Біз тек грамматикаға ғана тоқталып қоймай, тілді оңай әрі жеңіл үйрену үшін түрлі лайфхактарды көрсетеміз. Күнделікті өмірге қажет сөздерге, диалогтарға мән береміз. Өзім тіл үйреніп бастағанда апта сайын шығатын газеттерді сатып алып, сөздіктің көмегімен оқитынмын. Саясат, экономика саласында қолданылатын терминдерді үйреніп алдым. Бірақ көшеде бұл сөздерді естіп көрмегенмін. Оларды қалай, қай жерде пайдалану керек екенін де білмедім. Кейін күнделікті өмірге керек сөздер мен сөз тіркестеріне мән беру керек екенін түсіндім. Сондықтан қатысушылардың сөздік қорын тек қажетке жарайтын сөздермен толықтыруға көңіл бөлеміз. Сондай-ақ олардың қызмет ететін саласымен байланысты сөздерді үйретеміз. Қазақтілді орта құру үшін клубқа келушілер ай сайын қазақ тілінде өтетін іс-шараларға, театр қойылымдарына барып тұрады.

- Қазіргі таңда неше филиал бар? Қай қалада сұраныс жоғары?

- Қазіргі таңда «Сөйле» клубының 11 қалада филиалы жұмыс істеп тұр. Олар: Астана, Алматы, Орал, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Қарағанды, Павлодар, Семей және Өскемен. Көкшетау мен Қостанайда алғашқы күннен бастап сұраныс артты. Өскемен қаласында да қатысушылар саны көбеюде. Жалпы әр филиалда тіл үйренушілрдің деңгейі әртүрлі. Олардың арасында қазақ тілінде жақсы сөйлейтін, бірақ ұялатын адамдар да бар. Сол себепті, біздің оқытушыларымыз әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданады.

 

- Клуб қатысушыларына қазақ тілін кімдер үйретеді? Оқыту әдістемесі туралы айтып берсеңіз?

- Біздегі тіл үйретушілердің барлығын қазақ тіліне бей-жай қарамайтын жандар дер едім. Клубтарымызда өз ісіне жанкүйер тіл жанашырлары жұмыс істейді. Кейбір мұғалімдеріміз филология саласында да еңбек еткен. Әдістеме тіл деңгейіне байланысты әртүрлі қарастырылған. Көбіне жаңадан үйренушілер келетіндіктен, оларға грамматиканы да жан-жақты түсіндіреміз. Мұғалімдер тренингтер мен ойындар ұйымдастырып, келушілердің қызығушылығын арттырады. Бірақ қазақ тілін бірден меңгеріп кету үшін клубқа келу жеткіліксіз. Оны күнделікті өмірде белсенді қолдану керек. Мысалы, жұмыста, дүкенде. Қазақша музыка тыңдап, фильм көру керек.

- Қазақ тілін үйренгісі келетіндерге қаңдай кеңес берер едіңіз?

- Бастысы – ұялмау керек. Арасында күлкі, ыңғайсыз жағдайлар да болып жатады. Қазақша сөйлеген кезде қате жіберсеңіз, қысылудың қажеті жоқ. Онсыз болмайды.

   

- Мемлекеттік тілді білудің маңызы қаңдай деп ойлайсыз?

- Бүгінгі күні ең қызықты контент, ең маңызды жаңалықтар қазақ тілінде шығады. Қазақстанда тұратын әр азамат заманауи болғысы келсе, қазақ тілін білуі керек. Себебі, қазақ тілі заманауи өнердің, заманауи білімнің тілі деп санаймын.

- Қазақ тілінің бүгінгі қоғамдағы рөлі туралы не айта аласыз? Мемлекеттік тілді қалай трендке айналдыруға болады?

- Менің ойымша, қазақ тілі әлдеқашан трендке айналған. Өйткені, ана тіліндегі контентке сұраныс жоғары. Мысалы, менің өзім әлемнің 82 елінде болдым. Бірақ еліміз туралы жаңалық оқымасам, сағынып тұрамын. Үнемі отандық контентті бақылап отырамын. Жаныма жақыны да қазақ мәдениеті. Барлық салада қазақ тілінің рөлі айрықша. Бұл тенденция болашақта міндетті түрде жалғасады.

- Клубтың алдағы жоспарларымен бөліссеңіз?

- Тіл үйренушілердің ұсыныс-тілектері бойынша жұмысты жалғастырамыз. Сабақтарымызды онлайн және офлайн форматта қатар өткізетін боламыз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Қымбат МУХАМАДИЕВА