Зайсанда «Шешендік шебері» облыстық байқауы өтті

22136
көрілім

Шығыс Қазақстан мен Абай облысының аудандарынан келген жастар әр кезеңде жоғары бәсекелестік алауын жақты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
18-35 жас аралығында әрбір жас бақ сынай алатын байқау төрт кезеңнен тұрды. «Сәлем – сөздің атасы» , «Ұлылар сөзі» , «Көрініс көрсету» , сондай-ақ «Ұшқыр ой» кезеңдерінде әзірліктерін байқатқан қатысушылардың ұлттық нақышта киініп, сайысқа жаңа леп әкелгендері сөзсіз. Естеріңізде болса, бұған дейін Өскеменде «Тіл шебері» атты осыған ұқсас облыстық байқауы өткен болатын. Алты үміткер жарыс жолына шыққан.  Облыстық Мәдениет басқармасы мен Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы тізе қосып ұйымдастырған шараға сол кездегідей бүгін де алты адам қатысты.
Байқаудың салтанатты ашылуында облыстық Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Роза Төлемісова сөз алып, бабы мен бағы қатар шапқандар озық шықсын деп лебізін білдірді. Жалпы, мұнда шешендікпен қатар білім мен тапқырлықтың болуы да маңызды.


 – Аталған байқау Қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына 355 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Шешендік өнерді меңгерген жастарды қолдап, құштарлығын ояту бабалар салып өткен соқпақтан-ақ байқалған. Осындай шаралардың жастарымыздың сөйлеу шеберліктерін жетілдіріп, жедел шешім қабылдауларына бейімдейтіні сөзсіз, – деді ұйымдастырушылар.


Байқауда көрермендерге көптен таныс ақын, Көкпектіден келген Фархат Маратұлы да бақ сынап, шешендікті шебер меңгергенін аңғартты. Әйтсе де жергілікті Олжас Шарибаев, күршімдік Елдес Нұрданұлы сынды қатысушылар да тыңғылықты әзірлікпен келген.


Ұйымдастырушылардың айтуларынша, I кезеңде әдеттегідей өздерін таныстырып, II кезеңде сайыс ұяшықтарын таңдауларына қарай ақын, жазушы, жырау, би-шешендерге арнау айтты. Әрі қарай ұлы тұлғалар мен би-шешендердің образын салса, «Ұшқыр ой» межесінде Қаз дауысты Қазыбек бидің өмір жолы мен туындыларына байланысты түрлі сауалдарға жауап берді. Дөп басып, мүдірмей айтқандары бар, кідіріп, ой түбіне бойлағандары бар. Қалай десек те, әр кезеңнің өз ерекшелігі болды.


Байқау қорытындысында, алты үміткерден алға озып, Бас жүлдені Фархат Маратұлы (Көкпекті ауданы) алды. Бірінші орын Боранбай Төлепбергенге (Зайсан ауданы), екінші орын Күршімнің намысын арқалаған Елдес Нұрданұлына бұйырды. Ал жүлделі үшінші орынды Олжас Шарибаев (Зайсан ауданы) иеленді.


– Облыстық байқауда топ жарып, жүлдегер атанғандар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды, – деді ұйымдастырушылар.

Әділхан ЕСІМХАНОВ