Жасанды кірпік және тырнақ жалғау харам ба

1552
көрілім
Фото: irecommend.ru сайтынан

Қыз-келіншектердің барлығы дерлік жасанды кірпік пен тырнақ жалғауды әдетке айналдырған. Ислам шариғаты бойынша тырнақты өсірудің өзі күнә саналады. Ал жалған кірпік пен тырнақ жалғауға қатысты үкім қандай? Бұған Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының өкілдері жауап берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі  Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.

ҚМДБ мәліметінше, Сахаба Әнас ибн Малик "Бізге мұртты қысқартуды, тырнақ алуды, қолтық және әурет түктерін жұлуды 40 күннен асырмау бұйырылды", - деген, ал одан асыру - күнә.

Дегенмен бет-әлпеті отқа күйіп, кірпігі жойылып, көріксіз жағдайға душар болса немесе ауруға шалдығып, кірпіктері түсіп қалса, сондай-ақ тырнақтары түбімен алынып кетсе, осы сынды мәжбүр жағдайда жасанды кірпік және тырнақ жалғауға рұқсат етіледі. Өйткені, шариғат адам ағзасында қандай да бір ақау, науқастық пайда болса, оның емделу жолын қарастыруды міндеттеген.

 - Алайда, кірпікті немесе тырнақты жәй сәндік мақсатта жалғаса, ол жайында ғұламалар бірауыздан харам деген үкім берген. Өйткені ол Алланың жаратқан жаратылысын өзгерту болып саналады.

Хадисте: "Алла Тағала денеге сурет салушыны, сурет салдырушыны, қас теруші және қас тергізушіні, әдемі көріну мақсатында тістерінің арасын ашқандарды және Алланың жаратылысын өзгерткендерді лағынеттеді", - делінген хабарламада.

Сонымен, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми үкіміне сәйкес,

Сәндік мақсатта кірпік не тырнақ жалғауға тыйым салынады;

Тырнақты апта сайын алу - мұстахап, 40 күннен асыру - харамға жақын мәкруһ;

Зәрулік жағдайда (ауру т.б) жасанды кірпік және тырнақты қоюға рұқсат етіледі.