«Жастар құқық жағынан сауатты болса, көп қатердің алдын аламыз» – Гүлнұр Тусупова

384
көрілім
Фотосуреттер кейіпкерлеріміздің жеке мұрағатынан

Тәртіпке бағынбай, айтқанды тыңдамай шалдуарлыққа ерік берген көбі нәзік жандылардың сөзін мүлде құлаққа ілмей жатады. Оларды басынбақ болып, қарсы келетін кездері бар. Қазір құқық қорғау саласында қызметте жүрген бұрымдылар аз емес. Мінезділері қаншама? Өскемендегі Ертіс полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің аға учаскелік полиция инспекторы Гүлнұр Тусупованың әңгімесінен саладағы шиеленісті сәттер мен табанды жұмыс барысымен куә болдық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Тіл маманынан тәртіп сақшысына дейін
Маусым айының 10-ы – кәмелеттік жасқа толмағандар ісі бойынша инспекторлар мерекесі. Мақаланың жазылуына себеп болғанның жайттардың бірі осы, әрі кейіпкеріміздің 12 жылдық еңбек өтіліне қарап, емін-еркін әңгіме өрбітуге еш кедергі жоқтығына көз жеткіздік. Гүлнұр Тусупова Көкпекті ауданына қарасты Үлкен Бөкен ауылының тумасы. Кішкентайынан әдебиет әлеміне бойлап, шығармашылыққа жуық болды. Қойын дәптерге түскен қоңыр ойларының кейбірі журналдарға шығып, үлкенбөкендік бұрымды арқаланып қалған.
– Әдебиет бойынша түрлі конкурстарға қатысып, жүлделі орындар иелендім. Көбінесе Мағжан Жұмабаев пен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқитынмын. 11-ші сыныпты ауылда аяқтаған соң, Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ға (қазір ШҚУ) оқуға түстім. Мамандығым «Қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі» болғанымен, ішкі істер органына келген соң шығармашылықтан қол үзеді екенсің, – деді жерлесіміз.
Қарбалас жұмыс 2012 жылы басталды. Сол уақытта қаладағы ювенальды полиция тобының инспекторы жұмысына кірісіп, күні бүгінге дейін қызметін қалтқысыз атқарып келеді. Айтуынша, бала күнінде тәртіп сақшысы болуды армандағанымен, сол салада еңбектенетініне күмәнмен қараған. Себебі, бастапқыда Риддерде ұстаз болды. Кеншілер қаласынан келген соң ішкі істер органына қызметке тұрды.
– Сөйтіп, полиция болдық. Еңбегіміз еленіп, биыл Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің атынан «Ішкі істер министрлігінің үздік қызметкері» атты төсбелгісін алдым. Бүгін облыстағы Департамент басшысынан Мадақтама қағазы бұйырды. Жұмыста жүріп алған марапатымыз да аз емес. Бастысы, бағытымыз дұрыс сияқты, – деді Гүлнұр Жамбылқызы.


Жоғарыда мамандығы – қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі деп жаздық. Мәлім болғандай, ішкі істер органында тіл маманын жұмысқа алу тұрғысынан еш қиындық жоқ. Тек қауырт тірлікке дайын жүрсе болды. Кәмелетке толмағандарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу кезінде мұның пайдасы көп тиген. Қызығы сол, кейіпкеріміз 2012 жылдан бері тек бір бөлімде табан аудармай қызмет істеп келеді.
– Биыл Қазақстанда ювенальды полиция тобының құрылғанына 13 жыл болыпты. Мен жұмысқа тұрған кез сонымен қатарлас. Өз жұмысымды сүйемін. Балалармен жұмыс істегенді жақсы көремін. Түрлі шараларға қатысып, білгенімізді жас буынмен бөліссек дейміз. Одан бөлек, көптеген ұйымдармен бірлесіп, тұрмысы нашар отбасыларға көмек көрсету жағын жоспарға енгіздік. Айталық, қыркүйек айының 1-нде жағдайы төмен отбасылардан шыққан бүлдіршіндерге мектеп формасын әперу, мұқтаж отбасыларға жәрдем беруді күн тәртібінде ұстаймыз, – деді кейіпкеріміз.


Оның ішінде, берекесі қашқан «жайсыз отбасылар» бар. Бұл шара 4-5 жылдан бері үзілмей жалғасып келеді. Өңірдегі тәртіп шебінде жүрген өжет қыздың осындай жан-жақтылығы мен біліктілігі өз саласында оза шабуына негіз болған. Тіл маманы болғаны да айтарлықтай басымдық беріп отыр. Себебі, ювенальды полиция қызметкерлері мектептерде дәріс жүргізеді. Профилактикалық шаралар барысында ойды дұрыс жүргізу – жұмыс кезінде едәуір маңызды. Оның өзінде де, ақпаратты екі тілде қатар жеткізу сауаттылықты қажет етеді.

Түндегі тәртіп тексеріледі
Кез келген инспектор жұмысы 9:00-де басталғанымен бөлімде 8:30-да тас-түйін әзір тұрады. Сосын жеке құраммен бастыққа кіріп, әрі қарай аға инспекторлар қарамағындағыларға күндік жоспар береді. Осыған сәйкес «жайсыз отбасыларды» аралап, есепте тұрған кәмелетке толмағандар бойынша жағдайды баяндайды. Олар өз аумағындағы жұмыстарды бітірген соң түнгі сағат 22:00-де рейдке шығады. Кәмелеттік жасқа толмағандар жүреді-ау деген жерлерді шолып, компьютер клубтары мен көңіл-көтеру орталықтарына бас сұғады. Оларға заңды өкілдерінсіз түнгі сағат 23:00-ден кейін көшеде жүруге болмайды.


– Өзі қылмыс жасамаса да, кәмелетке толмағандарға қатысты басқа бұзушылықтар болуы мүмкін. Қазір Өскемен қаласы бойынша 100-ден аса қолайсыз отбасы бар. Шамамен 60-қа жуық кәмелеттік жасқа толмағандар есепте тұр. Бес ай ішінде 1000-ға тарта кәмелетке толмағандардың заңды өкілдеріне қатысты ҚР 442-бабына сәйкес (түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз көшеде жүру) хаттама толтырылды, – деді Гүлнұр Тусупова.
Рейдтер күнделікті жүргізіледі. Кейде бір адамның жылына екі мәрте құқық бұзатын кезі бар. Ондайда баланың ата-анасы араға түсіп, ақтап алуға тырысатын кездері көп. Сонда ювенальды полиция тобындағыларға психологиялық тұрғыда қиын. Өздерін осыған арнайы дайындайды. Тәртіп сақшысының формасын киген нәзік жандыларды көргенде жасөспірімдердің көңіл-күйлері бұзылып, жан-жақтарына жалтақ-жалтақ қарайды. Құда да тыныш, құдағи да тыныш болсын деп, 23:00-ге дейін қайтып кететіндері бар. Ал тәртібі түзелмеген қиқарлар сот шешімімен арнайы мектепке жіберіледі. Мұндайда балаларын ата-анасынан алып жатқанда көп инспектордың іші-бауыры езіліп, көкірегі қарс айырылуға шақ қалады екен. Гүлнұр Жамбылқызының жанашырлығы да өз алдына тақырып. Оны өмірлік ұстанымынан байқау қиын емес.
– Қазіргі буын дұрыс тәрбие алса екен деймін. Біздің болашағымыз солардың қолында. Кейін зейнетке шығып жатсам, мұқтаж балаларға көмек көрсететін орталық ашқым келеді. Жастар құқық тұрғысында сауатты болса, көп қатердің алдын алуға болады. Олардың әрбірі қалыптасып келе жатқан тұлға, – деді кейіпкеріміз.
***
Гүлнұр Жамбылқызы қазір екі баланың анасы. Жұбайы басқа сала қызметкері. Солай болғанның өзінде, Құдай қосқан қосағын демеп, қолдауын аямайды. Бөлімдегі ер-азаматтар да Халықаралық әйелдер күні, туған күні болсын – сый-сыяпатын көрсетеді. Сайып келгенде, тіл маманы тәртіп сақшысы ретінде талай істі тындырып жүр.
Әділхан ЕСІМХАНОВ