Жастар театрының жалынды актері

2344
көрілім

Театр дейтін киелі мекеннің шаңырағына шаттық ұялатар қойылымдардың үздіксіз қойылуына, оның театр репертуарынан ойып тұрып орын аларына және халық қошеметіне бөленуіне себепкер адуынды актерлер қазіргі кезде де баршылық. Өнер жолында сандаған күрделі образдарды шеберлік шыңына жеткізіп жүрген дарынды актерлердің бірі – Айдос Нұрмағамбетов. Театрда өз қолтаңбасын қалыптастырып келе жатқан, білікті әрі бірегей актердің шығармашылық жолы да қызықты.

Ол 1990 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүниеге келген. Бойына нағашы жұртынан сіңген өнердің арқасында мектеп қабырғасында оқып жүрген кезден-ақ түрлі мәдени іс-шараларға қатысып, кейіннен А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжге оқуға түседі. Аталмыш оқу орнын бітіргеннен кейін Астана қаласындағы өнер университетінің «Музыкалық театр әртісі» мамандығына түсіп, Ә.Оразбековтың шеберханасынан тәлім алып шығады. Өнер ордасын тәмамдай салысымен облыс әкімі Даниал Ахметовтың тікелей тапсырмасымен ашылған Шығыс Қазақстан облыстық Жастар театрының негізін қалаушылардың бірі болып, театрға орналасқан.

Алғашқы күннен-ақ режиссерлердің назарына іліккен актердің шеберлік мүмкіншіліктері өте зор, сол себепті сахналанып жүрген қойылымдардың барлығында дерлік негізгі ролдерді сомдады. Атап айтар болсақ, К.Людвигтің «Жұлдызды сәт» музыкалық комедиясында Сондерс (режиссері Е.Тойкенов), А.Салбановтың «Сүйіңдерші, адамдар» поэтикалық қойылымында жігіт (режиссері А.Салбанов), М.Хасеновтың «Жасасын махаббат» музыкалық комедиясында Багратион (режиссері С.Камиев), М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» драмасында Таубай (режиссері А.Салбанов), Л.Разумовскаяның «Қымбатты Елена Сергеевна» драмасында Паша (режиссері А.Салбанов), М.Байжиевтің «Нәзи» мелодрамасында Ескендір (режиссері С.Камиев), Ү.Ғаджыбековтың «Аршын мал алан» мюзиклында Әскер (режиссер Г.Хвичиа (Грузия)) сынды әр қилы образдарды асқан шеберлікпен сомдады.

Тендерге түскен келіншек

Жоғарыда атап өткендей актер театр сахнасында түрлі образдарды сомдап келеді, солардың негізгілерінің бірі – М.Сәрсекенің «Тендерге түскен келіншек» қойылымындағы Таубай ролі. Бір ғана отбасының өмірін көрсету арқылы қоғамдағы түйткілді мәселелерді көтеріп, жауап іздейтін спектакльде А.Салбанов автордың негізгі идеясын қалдырған. Оқиға бойынша жалғыз ұлының басына түскен қиындықтан арылу үшін түрлі амалға барған ата-ананың зары бірінші мәселе болса, сол қиыншылықты көтере алмай, отбасын тастап, басқа күйеуге шығып кеткен әйелдің тағдыры, оның отбасының басқа да мүшелеріне тигізген әсері кейінгі негізгі шешуші мәселеге айналды. Осы тектес күрделі сюжетке құрылған қойылымда А.Нұрмағамбетов сомдаған Таубай бейнесінен шығармашылық өсу процесі байқалады. Қойылым басында Айдос-Таубай – өзінде барға шүкір етіп, әйелімен бар өмірін, уақытын жалғыз немерелеріне арнап өмір сүріп жатқан бақытты адам. Ал кейінгі сахналарда қатігез жақындардың, тасбауырлардың озбырлығына қарсы тұрып, болған жайттардың барлығына қызбалықпен емес, керісінше, асқан бір сабырлылықпен қарап, істің мән-жайын білгеннен кейін ғана шешім қабылдайтын адам. Айналасында болып жатқан әділетсіздіктермен, қатыгездікпен, надандықпен алысқан отағасы болып көрінсе, қойылымның орта шенінде бейненің бұл қыры бәсеңдеп, енді жақындары мен отбасы үшін қаймыққан, қажыған адам бейнесін алып шықты. Одан әрі сахнада біз Таубайдың қайғырып қасірет шеккенін көреміз. Оған себеп – өсіріп, тәрбие берген жалғыз ұлының ессіздігі, әйелінің, достарының сатқындығы. Ұлы – оның ізін жалғастырушы, әйелі – ары, достары – тірегі еді. Екі жақынынан тірідей айырылған адамның күйін актер әдеттегі айғайға баспай-ақ, үнсіз қалпында үлкен қасіретті шебер жеткізе білді. Яғни қойылым басындағы Таубай мен соңындағы Таубайдың келбетінде де, ішкі психологиясында да едәуір айырмашылық бар, соңына қарай күрестен қажыған, жаны жаралы отағасын көреміз. Дегенмен баз кешіп, барынан айырылған жанға үміт сыйлаған немересінің іздеп келіп, екеуінің көрісуі – өткен оқиғалардың барлығының сынақ болғандығын, ендігі өмірлерінің жаңа парақтан басталатынын көрсеткендей. Осы тұрғыда актер К.Станиславский айтқан «Кейіпкер жандылық» мектебінің үлгісін шебер жеткізіп, өз жасынан едәуір жасқа үлкен күрделі бейнені сомдауда актерлік ойынның шебер үлгісін көрсете білді.

А.Нұрмағамбетовтың сахнада шыңдалып, көсілуіне мүмкіндік берген образдардың бірі – «Қымбатты Елена Сергеевна» драмасындағы Паша бейнесі. Республикалық, халықаралық театр фестивальдеріне топ жарған қойылым режиссері А.Салбанов драматург жазған күрделі жасөспірімдердің мәселесінен бөлек, режиссердің пьесаға көзқарасынан туындап отырған ғаламдық мәселелерді қозғай алды. Драматург Л.Разумовская өз пьесасында ұрпақтардың қақтығысын көрсетсе, режиссер А.Салбанов пен қойылым суретшісі Р.Қасымов сценографиядағы шешімдер – ең негізгі тіршілік көздері болып табылатын төрт стихия ауа, жер, су, отты пайдалану арқылы бізде өмір сүруге ең қажеттінің бәрі бар, сонда бізге не жетпейді деген мәселені көтереді. Осылайша режиссер қазіргі таңда өзекті болып отырған пьесаны сахналай отырып өзінің трактовкасы арқылы спектакльді ғаламдық деңгейдегі мәселеге дейін көтере білді. Осындай күрделі спектакльде образдардың күрделі болатындығы да белгілі. Кейіпкерлердің ішіндегі екі жақты бейне – А.Нұрмағамбетов сомдаған Паша образы.

Қымбатты Елена Сергеевна

Паша – қойылымдағы әлсіз образ, сүйген қызы Ляляға байлығынан басқа берері жоқ ол емтихан бағасын түзету арқылы білікті маман болып, қоғамдағы орнының беделді болуына еңбек етуде. Себебі, сол кезде ғана талабы биік қыздың жүрегін жаулап, болашақта бірге болуға мүмкіндік алады. Яғни, осы образды сомдайтын актер үшін басты мақсат – кілтті қайткен күнде де алу болып табылады. Кілтті қолына түсірсе ғана Ляляны да уысына түсіре алатынына сену арқылы әрекет ету актердің мақсатына кірді. Демек, актердің сахнадағы іс-әрекеті, кілтті алуға да деген ұмтылысы толығымен ақталды. Актер бірде кілтті алуға тырысып бағады, ал бірде жанындағы сыныптастарының қылықтарына наразылығын білдіріп, ашуға булығады. Спектакль барысында бейне психологиясының өзгеруі өте сәтті шыққан. Мысалы, А.Нұрмағамбетов интеллигент адамнан сабырсыз, өз әрекетін бақылай алмайтын адамға, интеллектуалдан өз бетімен шешім қабылдай алмай, біреудің айтқанымен жүретін бейнеге ауысып отыру арқылы образ палитрасының қанық, әрі түрлі болып шығуына еңбек еткен. Режиссер басты екпінді – символикалық, метафоралық шешімдерге қойғандықтан, актерлердің мүмкіншіліктері сол сценография кеңістігінде ғана көрініп, дамып отырды. «Дұрыс бөлінген рөл – спектакльдің жарты табысы» дейді К.Станиславский. Сол сияқты аталмыш образ актердің кейіпкерлер галлереясында орны бөлек бейне болмақ. Себебі көбіне орта немесе егде жастағы образдарды сомдайтын ол үшін өзінен бірнеше жас кіші оқушылардың өмірін, психологиясын көрсетіп, жеткізу жақсы тәжірибе болды десек қателеспеспіз.

Жоғарыда атап өткен Ә.Оразбековтың шеберханасынан тәмамдаған курс актерлеріне арнайы қойылған қойылымның бірі – «Нәзи» мелодрамасы. Мар Байджиевтің пьесасы бойынша сахналанған қойылым режиссері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері С.Камиев. Үш актердің ойынына құрылған спектакль шын бақыттың мәнін кеш түсініп, таңдау жасау алдында тұрған адамдардың шарасыз күйін көрсететін спектакль. Сол шарасыздың бірі Ескендір бейнесін А.Нұрмағамбетов сомдады. Автор жасаған бейненің кейбір тұстары – салқынқандылығы, ұстамдылығы, бір рет кесіп айтуы ролді сомдаған актер табиғатына ұқсас болып келгендіктен болар Айдостың ойынынан ізденісті көре алмады. К.Станиславский «Егер де мен» шығармашылықты бастаса, ұсынылған шартты жағдай оны жалғастырады дейді. Сол сияқты актер ойынынан аталған сол шығармашылықтың бастауын емес, егде жастағы еркектің жас қызбен ойнас болып жүргендігін ғана көрдік. Қосалқы кейіпкер болса да, басынан өтіп жатқан жайттарда қандай да бір психологиялық иірімдерді көрсеткенде образ басқа қырынан ашылып, ол кейіпкерді де ақтап алуға болатындай болып көрінеді. Дегенмен, режиссер С.Камиев бейненің дәл осындай болғандығын қалап, түпкі мақсатты осылай берген де болар. Бірақ та, актердің өзін-өзі дамытуы үшін өз табиғатына ұқсас емес, керісінше, қарама-қайшы образдарды сомдауға ұмтылғаны жөн болар еді дегіміз келеді.

Жұлдызды сәт

Драмалық спектакльдермен қатар, комедиялық жанрда да өз шеберлігін көрсетіп жүрген талант, мюзикл жанрының да қыр-сырын меңгеріп, авторлық идеяны терең түсініп, рөлдің ерекше, мағыналы, дәл шығуын қатаң қадалаған. Сондай рөлдердің бірі – Әзірбайжан драматургі Үзейір Ғаджыбековтың «Аршын мал алан» музыкалық комедиясындағы Әскер бейнесі. Пьесаны қазақ тіліне аударған Қалтай Мұхаметжанов, қоюшы-режиссері Грузиядан арнайы шақырылған Гоча Хвичиа.

Қойылымның өзге «Аршын мал аландардан» ерекшелігі – оқиғаның қазіргі уақытта өтуі, өнер ұжымының аталмыш материалды сахналауда көптеген дәстүрлерді ұстанса да, жаңашылдықты да құптайтындықтарын көрсетуі. Осы тектес ерекшеліктер болса да, қойылымның негізгі сюжеті, кейіпкерлердің линиясы сақталған. Мюзиклдағы басты ролдердің бірі Әскерді сомдаған актердің бірінші айтқан әндерінен, сөйлеген сөздерінен күмілжіген көңілсіздік үнді естиміз, әрі оның кескін келбетінде жадаулық, солғындық айқын байқалады. Бұның себебі – жасы отызға келген азаматтың әлі күнге көңілі қалаған аруын кездестірмеуі, іштегі сырын әпкесі Жиханға айта алмай астарлап жеткізетін тұстарды шынайы, әрі әсерлі етіп бейнелеген. Актер алғашқы сахнадан өзінің көкейкесті мақсатын анықтап қойылым соңына дейін кейіпкерін құлдыратпай, керісінше шарықтау шегіне жетуге үлкен жағдай жасайды. Дегенмен, аталмыш образ актердің дауыс мүмкіншілігін көрсетсе де, А.Нұрмағамбетовтың актерлік мүмкіндіктерін толықтай аша алмағандай. Себебі, көбіне, жағымды кейіпкерді сомдау бір типтілікке алып келеді, сол себепті ондай образдарға ерекшелік қосу әркез мүмкін бола бермейді. Соған қарамастан актер режиссер жүктеген міндетті толыққанды орындап, сымбатты да сабаз, сері Әскердің бейнесін бере алды.

Нәзи

Бұл қойылымдағы актер шеберлігінің тағы бір жағы – әріптестерімен сахнадағы қарым-қатынасы, мизансцена, сөз саптаулары, айқын дикция, бет жүзіндегі өзгерістер оның бәрі актердің бойынан табылып жатты. Сахнада өзара қарым-қатынастың үздіксіз процесінің үзілмеуі керектігін ол жақсы меңгерген. Нәтижесінде сахнадан әуезді ән айтып, синхронды билейтін, сахнадағы әріптестерімен бірге оқиғаның өрбуіне, монотонды болып кетпеуіне тырысып бағатын актерді көрдік. Аталмыш қойылым кезінде актердің салқынқандылығы да байқалып тұрды. Әрине, сезімнің жетегінде кеткен актер өзін-өзі жоғалтып алуы әбден мүмкін. Бұл тұста актер театр теоретигі Дидро айтқан актерге тән мына қасиеттерді жасады: «Актер сахнада кейіпкердің қабілетін сезіну үшін емес, сол сезімнің сыртқы кейпін білдіріп, көрермендерді алдауы тиіс» дейді. Бір жағынан алып қарасақ бұл дұрыс та, себебі айлаға құрылған әрекеттер көрермен көңілін жаулап алады. Дегенмен, бұл актерді сезімнен жұрдай деуге еш негіз жоқ. Ол – сезімтал. Сезімсіз актердің сахнада кейіпкер жасауы ақылға қонымсыз болар еді. Сондықтан, ол көпшілік қауымға әр сөзін ақылға салып, ойланатын, ізденетін актер ретінде таныс.

А.Нұрмағамбетовтың тағы бірі ерекшелігі – оның дауысы. Сахна сұлулықты талап етеді. Соның бірі – сөз сұлулығы. Актердің дауысы жақсы қойылған, тембрі әуезді, соны ұтымды пайдалана біледі. Дегенмен түр-тұлғасына келетін хандар мен батырлардың образдарын сомдау мүмкіндігі әлі тие қоймаса да, бір амплуада қалып қалмай, түрлі образдарды сомдауға тырысады. Себебі ол жауапкершілікті сезіне білетін, үнемі ізденісте жүретін актер. Тіпті бір типтегі рөлдер берілсе де, оны жан-жақты зерттеп, әр қырынан ашуға бар ынтасын салады. Оның сахналық зейіні де жоғары дәрежеде. Зейін сахнада ғана емес, өмірде де қатар жүрсе, іште пісіп жетілсе, актердің жолының боларына кәміл сенеміз. Кез келген рөлді алып шыға алатын, жиғаны көп, ысылған, өз ісінің нағыз маманы. Жағымсыз рөлді шегіне жеткізе ойнап, иін қандырып, толықтай аша түседі.

Актер сахна алаңында өзін еркін сезініп жүріп-тұруы, оның ішкі еркіндігімен байланыс тауып жатуы, кейіпкерін биікке көтеруге деген құштарлығы екені айқын сезіліп тұрады. Ұлы ғұлама Әл-Фараби: «Өнерге талпыну үшін адамға ең алдымен табандылық керек» деген. Орындаушы жеткен жетістіктердің бәрі, яғни сәтті шыққан рөлдері актер шеберлігімен қоса табандылықтың нәтижесі.

Әрдайым жаңашылдыққа жаны құмар, мол ізденіс үстінде жүретін талантты актер комедия, драма жанрларындағы қойылымдарда еркін көсіле ойнай алатын дарын иесі. Театр өнері саласында актердің қас жауы – таптаурындылық. Бұл актер бойынан әлі күнге дейін байқалған емес. Бәлкім, бұл А.Нұрмағамбетовтың әртүрлі жанрдағы кейіпкерлерді сомдауды өзіне мақсат етіп қойғандығында шығар. «Саф сұлу өнер бықсық ойдан тумайды, шыншыл таза жүректен туады» деген Абай атамыздың қанатты сөзі бар. Ендеше Айдос Нұрмағамбетов ізденімпаздығы мен еңбек сүйгіштігі арқасында әлі талай шоқтығы биік рөлдерді сомдап, көрермендердің жүрегінен жол табатынына сенеміз.

Ұлпан Тоқаева,

театртанушы