Жерлес жазушы Сапарғали Бегалиннің немересі Нартай Мәжитұлы туралы не білеміз?

27003
көрілім

Олардың қиял құсына қанат бітіп, шартарапты шарлағанда жауапты жұмыс ертелі-кеш мінсіз аяқталатын. Бір әулеттің өкілдері басқан қадамдарымен жарқын із қалдырып, әдебиет пен киномоторгафияның шығына шығып үлгерді. Кейбір әдебиет сыншылары мұны әулеттегі айрықша құбылыс деп бағалады. Әлбетте, Бегалин тегі ел көлемінен тыс, ТМД аумағында айтарлықтай мәшһүр. Атасы жазушы, ұлы режиссер, ал немересі көпшілік жадында күні бүгінге дейін сақталған танымал актер. Осыған орай кей оқырманның ой түкпірінде бейнесі көмескіленіп, буалдыр тарта бастаған Абай ауданының тумасы Бегалиндер жайлы шолу әрі естелік мақаласын ұсынуды жөн көрдік.

Жолбарыс жымымен

Жете бағаланбай, есімі ел арасында жиі айтыла бермейтін жазушылардың бірі – Сапарғали Бегалин. Бәлкім, қазақ балалар әдебиеті негізін қалаушылардың бірі болғандықтан ба екен? Негізін қалаушылардың бірі болса, қайта күні бүгінге дейін бал тілді бүлдіршіндер мазмұнын біркісідей айтып, әдебиет сабағында алдыңғы шепте жүруге тиіс-тін. Одан бөлек, «Сәтжан» мен «Шоқан асулары» шығармалары балалардан асып, көзіқарақты оқырман жүрегіне лезде жол тапқан. Әр әңгімесін саралай түссе, оралымды тілден бұрын, оқиға сюжетінің шиеленісті әрі бүлдіршіндер мен ересектер бір мезетте қабылдай алатындай шебер жазылғандығына көз жеткіземіз. Соның ішінде «Алданған жолбарыс» пен «Есеннің кірпісін» мысал етсек артықтық етпес. Табиғат сұлулығын суреттеп, айнала әсемдігін әспеттеуде алдына жан салмайтын Ақселеу Сейдімбек шығармаларымен үндес тұстары да аз емес. Тарихи-деректі романдар жазудың жүйрігі Мұхтар Мағауиннің «Шақан Шері» романын оқымаған адам ілуде біреу шығар. Сонда жұбайы мен баласының кегін қуып, жолбарыстың ізіне түскен жанның жүрек жұтқан батылдығын байқаймыз. Балқаштың ну қамысында еркін жортқан тарғылдың, нақты айтсақ соның сырттанын ажал құштыруға асық Шақанның қаруымен түздегі шеріні тып-типыл етуі суреттеледі. Яғни, жолбарыс өлтірудің жүйелі жолы – ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланып шүріппені басып қалу.

Сапарғали Бегалин

Ал Сапарғали Ысқақұлының «Алданған жолбарысында» бұрнағы аңшылардың тарғыл тағыны аулаудың жаңа әдісі жазылады. Жолбарыс жымын біліп алған соң атізін жиі салатын алаңға киіз үй құрып, ішіне бір аңның етін іліп қою. Суылдаған қамыс маңынан қамсыз келіп, киіз үйге кіруге қамдана бергенде мылтықтардан төгілген ажал оғынан тырп ете алмайды… Жалпы, әр әңгімесінен балаларға деген махаббат, аңшылық пен саятшылықтың лебі сезілетін шығармалар Сапарғали Бегалин есімін бір сәтке де естен шығармауға тиіс.

Кино әлеміндегі қолтаңба

Бір есептен, бұған күмән келтірудің де қажеті жоқ сияқты. Себебі әке жолын басқа салада абыроймен жалғап, әралуан фильмдердің тұсауын кескен режиссер әрі актер ұлы Мәжит Бегалиннің қалдырған ізін Ресей кино мамандары да бүкпесіз мойындайды. «Алашорданың» тағдыры қыл үстінде тұрған 1922 жылдың ақпанында Абыралы ауданында дүниеге келген Мәжит Сапарғалиұлы туған жерден ерте жырақтайды. Небәрі тоғыз жаста болғанда әкесі «Түрксіб» газетінің бас редакторы болып тағайындалуына байланысты Алматыға қоныс аударады. Тау инженері болуды арман етіп, соған қарай қадам басқанда неміс басқыншыларынының баса-көктеп кіруі бұған мүмкіндік бермеді. Амал нешік, талайсыз тағдыр тапалауынан таяқтың орнына мылтығын алып, сайын дала төсін фашистерден тазартты. 43-тің көктемінде оң қолынан айырылып, елге оралған бойда кино саласына қайта жақындап көрді. Сөйтіп, осы жылдың жазында Бүкілресейлік мемлекеттік кинемотография инситутына (ВГИК) түсіп, режиссерлік мәнсабының негізін қалайды. Мосфильмдегі қадамы сәтті болып, 1949 жылы Қазақфильмнің қақпасын қақты. Табиғаттың аңмен байланысты көрінісін көз алдыңа келтірген Сапарғали Ысқақұлының атұстары енді тамаша туындылардың талайын көгілдір экран арқылы ұсынды.

Мәжит Бегалин

«Степные раскаты» фильмінде (1974 жыл) өзінің жары Людмила Ивановаға да рөл берді. Ал басты бейне сомдауды ұлы Нартай Бегалинге сеніп тапсырды. «Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» деген рас-ау, аталған фильм бірден экраннан көрсетілмеді. Басты себеп – Қазақстанда азаматтық соғыстың дұрыс көрсетілмеуі. Сынықтан сылтау іздегендердің бұнысы аяқтан шалудың басы ғана. Әйтеуір арада 30 жылға жуық уақыт өткенде отандық телеарнадан көрсетілді. Дегенмен маңыздысы ол емес, Бегалиндер.

Сонда қандай фильмдері жарық көрді дейсіздер ғой, Мәжит Сапарғалиұлының? «Артымызда Мәскеу», «Мәншүк туралы ән», «Жерге оралу» (Возвращение на землю) және тағы басқалары.

Актер ажалы неден?

Бегалиндердің кенжесі, Нартай Мәжитұлының бейнесі КСРО киноәлемінде айтарлықтай мәлім. Жалпы, қай фильмге түссе де кеңес өкіметі көлемінде атағы алысқа кеткен актерлермен иық тірестіре, талай рөлдің бөгеуін ағытты. Актерлігімен қатар каскадерлікті де жетеріне жеткізіп, көрермен көңілінде қияқ мұрты қос қапталға қайырылған қараторы жан ретінде сақталды. Шопыр да, қанжарынан қан тамған зұлым да, ақ гвардияшы болып та, қала берді қарақшы болып та образдар сомдады. Жаза берген толық мағлұмат бермес, актердің белсене араласқан киноларын кесте түрінде ұсынған ләзім болар.

Фильмнің атауы

Түсірілген жылы

1

Выбор

1975 жыл

2

Ночь над Чили

1977 жыл

3

Конец императора тайги

1978 жыл

4

Пираты XX века

1979 жыл

5

Пограничный пёс Алый

1979 жыл

6

Тегеран-43

1980 жыл

7

Подснежники и эдельвейсы

1981 жыл

8

Фронт в тылу врага

1981 жыл

9

Одиночное плавание

1985 жыл

Тізбелеп жазсақ тым ұзақ… 40 жобаға қатысып, 40 түрлі рөл сомдаған. Бейресми деректер Ресей киноиндустриясында өшпес із қалдырған қазақ актерін «Ермак» фильміне түсу кезінде ауыр жарақат алып, соның салдарынан 1993 жылы мәскеулік ауруханалардың бірінде көз жұмды деп көрсетеді. Алайда дәл осы фильм талқыға түскен сәтте «Ермактың» басы-қасында жүргендер басқадай ой білдірді.

Нартай Бегалин

– Нартай осы фильмге түсу барысында жарақат алып, көз жұмды деу жаңсақ пікір. Оның «Ермак» туындысына қатысқан түсірілім жұмыстары 1992 жылы аяқталып қойған. Бұдан соң Нартай тағы бірнеше кинокартинаға түсіп үлгерді. Айтпағым, әріптесім «Джанат друг медведя» киносы барысында аяқтан шалу эпизодында өтін жарып алып, содан ажал құшты, – делінген.

«Нартайдың ізін жалғар ешкімнің болмағаны өкінішті, әйтпесе келбеті келісті азамат болар еді», «Мұндай шебер актер жайлы мәліметтің аздығы, әлбетте, қынжылтады» деп жазып жатты түрлі ресейлік дереккөздерде. Бәлкім, оның қандай деңгейдегі актер екендігін әріптестеріне қарап бағалайтындар да табыла кетер. Ең алдымен «XX ғасырдың қарақшылары», «Том Сойер және Гекльберри Финн» кинотуындыларында қысқа да нұсқа сөйлеп, шалт қимыл көрсетуімен талайдың көңіл мұрағатында сақталған Талғат Нигматуллинді айта кеткен орынды. Паркинсон сырқатынан бақилық болған Пётр Вельяминов, ТМД-ға кеңінен танымал Бригада сериялында «Космостың» (Дмитрий Дюжев) әкесі рөлін сомдаған Николай Еременко және тағысын тағы.

Кейде актер үшін ғана фильм көретін кез болады, ал мұның жанына режиссердің сюжетке бөлекше тұздық қосуы айрықша тартымдылық сыйлайды. Жұртшылық «XX ғасыр қарақшыларын» (Пираты XX века) осы екі фактор үшін көрді десек артық айтпағанымыз. Нартай Бегалиннің киноның шамамен 20-шы минутында жүксалғышқа секіріп шығып, «Опиум!» деп жымия үн қатқаны талай архив суреттерінде менмұндалап тұрады. Әлбетте, бұл жерде есірткі жарнамалау емес, кино әлемінде жарқын бейне сыйлаған шешуші сәттің үзіндісі ұсынылды.

Каратэны алғаш көрсетті

Енді осы фильм жайлы аз-кем тоқталайық. Түсірілім жұмыстары тәмамдалып, тұсаукесері өткен соң «XX ғасыр қарақшыларын» тек бір жыл ішінде 90 миллион адам тамашалаған. Ал 1980-90 жылдар аралығында тіптен, 120 миллионға жетті. Аспазшы Машаның рөлін сомдаған Наталья Хорохорина түсірілім барысында ғана тағамды дәмді етіп пісіруді үйреніпті. Кеңестік уақыттағы тұңғыш боевикке баланған фильмде Салех қарақшының бейнесін сомдаған Талғат Нигматуллин мен кеме механигі Сергейдің рөлін алып шыққан Николай Еременко төбелес кезінде ешкім күтпеген тәсілдерді қолданып, көрермендерді «аһ» ұрғызған болатын. Иә, бұл каратэнің әдістері еді. Мұны кино барысында көрсетуге ұзақ жылдар бойы тыйым салынып келген-тұғын. Әлбетте, жарақат алу қаупінен. Сөйтіп боцман Матвеичті бейнелеген Тадеуш Касьянов қойылым кезінде қазақ, өзбек, үнді спортшыларын жақсылап дайындап, дәл осы жігіттерді фильм эпизодтарына кіргізді. Ал кинода бітіспес жауға айналған Талғат Нигматуллин мен Николай Еременко былайғы өмірде бір жатақханада тұрған айнымас достар. Қызығы сол, көптеген фильмдерде төбелес кезінде гримм мен жасанды қан қолданылса, Салех жұмсаған соққыдан кеме механигінен (Н.Еременко) саулап аққан қан ешқандай да жасанды болмады. Тағы бір айта кетерлігі, кей көрермен джинсы шалбарын осы фильм барысында алғаш көргендерін жазып жатты. Алайда көпшілік мұнымен келіспеген екен.

Ал Нартай ше? Оның фильм барысындағы келбеті мен киімі көрермен жадында көмескілене қоймас, сірә. Иығындағы мылтық, мойнындағы фотоаппарат, күртеше мен сарғыш қысқа шортысы «XX ғасыр қарақшыларындағы» ең бір шешуші әрі есте қалған сәт деп киносыншылардың талай мойындаған. Нартайдай немересі әр түсірілімде нағыз бабында болса, бұл – Сапарғали Ысқақұлы бастаған Бегалиндердің бөлек болмысы шығар.

Әділхан ЕСІМХАНОВ