Аягөздік Қайрат Сатжанов бокстан ерлер Ұлттық құрамасының бас бапкері болып тағайындалды

776
көрілім

Токио Олимпиадасынан соң Ұлттық құрама сапында біршама өзгерістер байқалуда. Ерлер құрамасынан бөлек, бұрымдылар да бұдан былай жаңа бапкерден тәлім алады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Еліміздің бокс федерациясының ендігі басты мақсаты – жеңіске жетудің жаңа кілтін іздеп, жауапты сайыста осалдық танытпаудың жолдарын іздеу. Естеріңізде болса, осыған дейін бас бапкер болған Ғалымбек Кенжебаев 2018 жылдан бастап боксшыларды жаттықтырған-тұғын. Оның тұсында әлем чемпионатында бір алтын, бір күміс және төрт қола медаль, 2020 жылы азиялық іріктеу турнирінде алты олимпиадалық жолдамаға иелік етті. Дегенмен күні кеше Ғалымбек Кенжебаев қызметінен өз еркімен кететіндігін мәлімдеді.

Белгілі болғандай, бұл орынға жерлесіміз Қайрат Тұрсынханұлы лайықты деп танылып, көпшілікке ресми мәлімет ретінде ұсынылды. Аягөздік жаттықтырушы осыған дейін жасөспірімдер құрамасымен Азия чемпионатының көшін бастаса, жуырда Дубайда өткен құрлықтық аламанда жастарымыз жалпыкомандалық есепте топ жарды. Одан бөлек, жастар арасындағы Әлем чемпионатында да өрендеріміз командалық есепте екінші орыннан көрінді.

Қалың жанкүйер қазақ боксына тыңнан тағайындалған бапкерден соң жаңа леп келетіндігіне бек сенімді.

Ал әйелдер құрамасын бұдан былай Шамиль Сафиуллин тізгіндейді.

Әділхан ЕСІМХАНОВ