Семейде 10 мың көрерменге арналған ультразаманауи спорт кешені салынады

404
көрілім

Семей қаласында 10 мың көрерменге арналған заманауи спорт кешені бой көтермек, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 
Қаладағы «Пищевик» стадионының орнына 10 мың көрерменге арналған ультразаманауи спорт кешені салынады. Бүгінгі таңда соңғы эскиз бекітілді. Жобалық-сметалық құжаттама жасау жұмыстары басталып, құрылысы осы жылдың қазан айында қолға алынады. Аяқталуы 2026 жылдың ақпанына жоспарланып отыр.
«Семейдің сол жағалауында бұқаралық спортты дамытуға серпін беретін заманауи арена пайда болады. Жаңа стадион әуесқой футболшылар мен жалпы жұртшылықтың қызығушылығын тудыруда. Ол спорттық жарыстарды өткізуге арналған арена ғана емес, түрлі жастағы тұрғындардың жиі бас қосатын орындарының бірі болады», - деп хабарлады Абай облысы әкімдігінен.
Стадионда концерттер, фестивальдар және көрмелер сияқты әртүрлі ойын-сауық әрі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Бұл аймақтағы туризмді дамыта түседі деп күтілуде.
«Сонымен қатар жаңа стадион әлеуметтік интеграция мен халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға оң ықпалын тигізеді. Спорт - қоғамның денсаулығы мен әл-ауқаты үшін үлкен маңызға ие, ал жаңа стадион кәсіпқойларға да, әуесқойларға да спортпен шұғылдануға мүмкіндік береді», - делінген ақпаратта.