1 мамыр - бірлік пен татулық белгісі

229
көрілім
Фотосурет Egemen.kz сайтынан

«Бірлік болмай тірлік болмас» деген атам қазақ. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан жалықпаған. Шындығында, Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі экономикалық-әлеуметтік салаларындағы тұтас жетістіктері тек бірліктің, сол бірлік арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында ғана орын алды.

Бірінші мамыр - бірліктің ерекше мерекесі. Сондықтан да, мамырда тұтас ай бойы жақын­дасудың барлық жаңа жолдарын байқап көру керек. Ал тұрақтылық болмаған жерде даму да болмайтынына қазіргі жер жаһанда орын алып жатқан мысалдар жеткілікті. Сондықтан да, бірлікті ту еткен еліміз Қазақстан халқының бірлігі күнін басты мерекелердің біріне айналдыруды қолдап келеді.

Осындай ұлттың дархандық мінезі, тұлғаның салиқалы саясаты бар қазақ елі қазіргі таңда қабырғасы қатайған, пікіріне халықаралық қоғамдастық өкіл­де­рі құлақ асатын беделді елге айналды. Қазақстан этносаралық және конфессия­аралық келісім тәжірибесінің өзіндік үлгісіне ие бола отырып, толеранттылық және мәде­ниет­аралық диалог мәселелеріне мән беретін бастаманы халықаралық деңгейге шығара білетін мемлекет бола алды. Сондықтан да, саяси тұрақтылық, қоғамдағы этносара­лық және конфессияаралық татулықты орнату жөнінен әлемдік қоғамдастық тара­пынан оң бағаға ие болған Қазақстанның қарыштап дамуына да ең алдымен ұлтаралық саясаттағы тұрақтылыққа негізделген қағидаттың ықпалы зор болды.

Бір сөзбен айтқанда, мем­ле­кеттің экономикалық өсуі, әлеуметтік ілге­рі­леуі, демократиялық дамуы қоғам бірлігі ұйыс­қан және сақталған жағдайда ғана жүзеге асады. Ал ұлттар арасындағы бірлікті қамтамасыз ету - демо­кра­тия­лық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың маңызды шарты. Сонымен қатар, ұлы далада орныққан ел бірлігін мерекеге ұластыру, әлемдік қауымдастық тарапынан жоғары бағаланған достық пен келісімді паш ету халықтар арасындағы тұтастықты одан сайын нығыздай түседі.

Өскелең ұрпақ осы татулықты әрі жалғастырады, себебі бейбітшілік, тыныштық пен татулық біздің Отанымыздың кейінгіге қалдырар мұрасы деп білемін.

Өскемен қаласының мамандандырылған

тергеу сотының судьясы Раймханова З.Р