Өскеменде Халық қаһарманының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

317
көрілім

Бүгінгі мерекеге орай облыс орталығында орналасқан Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне тағзым ретінде гүл шоқтары қойылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Әскери қайраткер, армия генералы, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Сағадат Нұрмағамбетовке тағзым ретінде батыр атына берілген саябақтағы ескерткіш алдына құрметпен гүл шоқтары қойылды. Шараға қаладағы әскери бөлім қызметкерлері, әскери қызмет ардагерлері, офицерлер мен мектеп оқушылары қатысты.
Мерекелік шараға облыс басшысы мен қала әкімі де қатысып, өз құттықтауларын жеткізді.
ШҚО әкімі Ермек Көшербаев сөз сөйлеп, ардагерлеріміз бен әскери сала қызметкерлерін, сарбаздарды және барша еркек кіндіктілерді мерекемен құттықтады.
- Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы бас қолбасшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың қолдауымен әскери салаға жан жақты көмек көрсетілуде.
Бүгін біз мерейлі мерекеде, Кеңес одағының батыры тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовке лайықты түрде құрмет көрсетіп,  ескерткіш алдына гүл қою рәсіміне арнайы жиналдық. Қаһарманымыздың ерлігімен өмір жолы барлығымызға үлгі және өнеге, - деді облыс басшысы.
Өз сөзінде ол елдің батырлардың ерлігін ешқашан  ұмытпайтынын, Тәуелсіздік пен ел тыныштығын сақтау жолындағы қызметі үшін, барша сарбаздарға, су тасқынын алдын алуда күш салған төтенше жағдай қызметкерлеріне шынайы алғысын білдіретінін жеткізді.

Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ