ШҚО-да "Кітапхана қызметіндегі цифрлық технологиялар" атты семинар-практикум өтті

523
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында "Кітапхана қызметіндегі цифрлық технологиялар" атты семинар-практикум өтті. 

Шараны ШҚО білім басқармасының «Шығыс» өңірлік орталығы мен Өскемен қаласы әкімдігінің «Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ бірлесе өткізді. «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру аясында «Кітапхана қызметіндегі цифрлық технологиялар» семинар-практикумына Глубокое және Ұлан аудандарының мектеп кітапханашылары қатысты.

Семинардың мақсаты - облыстың ауылдық мектептерінің кітапханашыларына әдістемелік және практикалық көмек көрсету. Оралхан Бөкей атындағы кітапхана директоры К.М. Акжигитова, кітапхана мамандары семинарға қатысушыларды жаңа технологияларды қолдану бойынша жұмыстарымен таныстырды және практикалық сабақтар өткізді: 3D модельдеу, робототехника, прототиптеу, білім беру үшін VR локациялары. Балалар бөлімі мектеп кітапханашыларының ерекше қызығушылығын тудырып, олардың назарына мультстудия, 3D – қаламдар, сенсорлық үстел ұсынылды.

Оралхан Бөкей әдеби залына, Bokey.kz электронды кітапханаға, «Виртуалды шындық көзілдірігі» VR – киіз үйдің оқу залында болған экскурсия қатысушылардың жағымды эмоцияларын тудырды. Іс-шара барысында қатысушылар анимация, оқушылар мен мұғалімдерге арналған подкасттар жасау бойынша мамандардан кеңес алды.

Кітапхана мамандары мектеп кітапханашылары мен олардың арасындағы диалогтық форматты қолдана отырып, дәстүрлі шолулар мен әдебиеттерді қарады. Шара соңында қатысушылар толғандырған сұрақтарға жауап, кітапхана мамандары мен «Шығыс» ӨО әдіскерлерінің кеңестерін алып, ұйымдастырушылар мен Оралхан Бөкей атындағы кітапхана ұжымына алғыстарын білдіре отырып, семинар заманауи нысанда өткізілгенін атап өтті.