ШКУ-да білім алушылар контингенті соңғы үш жылда 60%-ға артқан

824
көрілім
ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде "Жоғары білім саласында білім беру қызметтерін көрсетудің сапасы" атты онлайн баспасөз конференциясы өтті. Брифинг барысында С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ректоры Мұхтар Төлеген жоғарғы оқу орнының 2021-2022 жылдарға арналған жетістіктері мен жоспарлары туралы сөз етті.
 
- Қазақстанда ҚР Білім және ғылым министрлігі болашақ мамандарды өз елінің шегінде ғана емес, әлемдік қоғамдастықта да табысты, бәсекеге қабілетті етуге бағытталған ұлттық білім беру жүйесін жаңғыртуды белсенді жүргізуде. Бұл жерде жоғары оқу орындарының академиялық дербестігін кеңейту үлкен рөл атқарады. Бүгінгі таңда университеттерге білім беру бағдарламалары аясында студенттерді қабылдау және контингент қалыптастыру тәртібін анықтау құқығы беріледі. Және бұл жаңа енгізілім соңғы екі жылда тамаша нәтиже берді – бакалавриаттан докторантураға дейінгі білім берудің барлық деңгейіне талапкерлер контингенті ұлғайып отыр. Мәселен, ШКУ-да білім алушылар контингенті соңғы үш жылда 60%-ға артты, яғни екі есе өсті және қазіргі уақытта 8 мыңнан астам адамды құрайды, - деді Мұхтар Төлеген. 
Оның айтуынша, ШҚО әкімдігінің қолдауымен өңір үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары білім алу үшін гранттар саны 50%-ға ұлғайды.
- Біздің университетте білім беру бағдарламаларының құрылымы мен мазмұны өзгерді, оқу нәтижелері мен құзыреттер тізімін иелене отырып, бүгінде ЖОО өзінің білім беру бағдарламаларын әзірлей алады. Бұл өз кезегінде әртүрлі университеттердің білім беру бағдарламалары арасындағы бәсекелестікті дамытуға ықпал етеді. Білім және ғылым министрлігі жұмыс берушілер қоғамдастығымен бірге талап етілмеген бағдарламаларды қоспағанда, жыл сайын білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізеді және рейтингін тұрақты әзірлеп отырады. Айталық, С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да білім беру бағдарламаларының тізілімі 81%-ға жаңартылды, «Атамекен» ҰКП жүргізген бірқатар білім беру бағдарламалары бойынша рейтинг 10 білім беру бағдарламасының республика бойынша 1-2-ші орын алатынын көрсетеді. Мұны маңызды көрсеткіш, мамандарды даярлаудың жоғары сапасы деп білемін! - деді ректор.
Сонымен қатар баспасөз конференциясы барысында оқу процесінің үздіксіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берген қашықтан оқыту тақырыбы жайлы сөз қозғалды.
- Оқытушылар ең қысқа мерзімде қайта икемделіп, қашықтықтан оқытудың жаңа әдістемелеріне көшуге мәжбүр болды. Университет пандемия және пандемиядан кейінгі кезеңде білім беру сапасын арттыру үшін жаңа мүмкіндіктер жасай отырып, осы әлемдік сын-қатерді ойдағыдай жеңіп шықты. Компьютерлік жабдықтарды, серверлерді, порталдарды жаңарту, бейнежазбаларға арналған жаңа цифрлық зертханаларды, студияларды ашу, электрондық құжат айналымына көшу – осының барлығы оқу және практикалық сабақтарды сәтті өткізуге мүмкіндік берді. Жұмыс берушілермен бірлесіп әзірленетін білім беру бағдарламаларына академиялық жазылым, ғылыми зерттеулер әдіснамасы, патенттану, инновациялар және технологиялар трансфері сияқты зерттеу және инновациялық дағдыларды алуға бағытталған пәндер енгізілген, - деді Мұхтар Әділбекұлы.
Университеттердің академиялық дербестігі әрбір студенттің сапалы білім алуға деген жеке қызығушылығын ынталандыруға бағытталған.
Студенттерге бір уақытта екі бағытта оқытудың жеке стратегиясын қалыптастыру құқығын берудің әлемдік тәжірибесі бар, олар: «Major» – пәндерді терең меңгеру, «Міпог» – қосымша пәндерді меңгеру. Жоғары оқу орны ғалымдарының гуманитарлық саладағы, әсіресе машина жасау, материалтану, энергетика, биотехнология салаларындағы жетістіктері нәтижесінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға мүмкіндік береді.
Үш жыл ішінде университет оқытушыларының, ғылыми қызметкерлерінің жарияланымдық белсенділігі сияқты ЖОО-ның ғылымиметрикалық көрсеткіштері де өсті. 2020 жылы Scopus және Web of science-тегі ғылыми журналдардың деректер базасында жарияланған мақалалар мен патенттердің көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 61,2%-ға артты.
- Жастар үшін магистратура (39 ББ) және PhD докторантура (12 ББ) білім беру бағдарламаларының санын ұлғайта отырып, үздіксіз білім алу мүмкіндігі кеңеюде, физика-химия ғылымдары бойынша диссертациялық кеңес ашылды. Университет талантты жас ғалымдарды тарту саясатын белсенді жүргізеді және үш жыл ішінде ЖОО-ға 10-нан астам PhD докторлары жұмыс істеуге келді, олар инновациялық технологиялардың ғылыми жобалары мен әзірлемелерінде тамаша нәтиже беріп келеді. Ұжымның бір жеке ЖОО-ның ғылым беделін көтеру жөніндегі орасан зор жұмысы жалпы ғылымның дамуына, Шығыс өңірінің және жалпы Қазақстанның ғылыми жетістіктеріне әсер етуде. Бүгінде ЖОО-ның бағасын стейкхолдерлер – жұмыс берушілер, мемлекет, ата-аналар және басқа да мүдделі органдар береді. ЖОО қызметінің басты нәтижесі түлектерді жұмысқа орналастыру болып табылады. Бұл көрсеткіш С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да айтарлықтай жоғары және 98%-ды құрайды. Аманжолов университетінің түлектері аймақтық еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие. ЖОО-да - "Тарих және Цифрлық гуманитаристика", "Химиялық криминалистикалық сараптама", "Сауықтыру дене шынықтыру", "Клиникалық психология", "Ядролық физика және атом энергетикасы", "Орман ресурстары, аңшылықтану және омарташылық", "Дінтану-философия" және басқа да көптеген бірегей білім беру бағдарламалары пайда болды, - деді ректор.
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап "Білім туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі №319-III Заңының 39-бабының 5-тармағы күшіне енді, оған сәйкес жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттарды беру құқығы беріледі.
Осылайша, 2021 жылы ШҚУ "Аманжолов университет" логотипін қоса отырып, біздің үлгілеріміз бойынша жаңартылған дизайнмен өзіндік үлгідегі алғашқы дипломдарды беретін болады.
- Университет жоспары – 2025 жылға қарай зерттеу университеті болуы тиіс және ол үшін оқу орны ЖОО-лардың 15 академиялық артықшылық орталығын құру жөніндегі республикалық жобаға қатысады. Академиялық артықшылық орталықтарын құру жөніндегі жоба және "Мықты өңірлік жоғары оқу орындары" жобасы жоғары оқу орындарының халықаралық имиджі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, университеттердің зерттеу және инновациялық экожүйесін қалыптастыруға бағытталатын болады. Бұл жоба университетке ЖОО ғылымын дамытуда үлкен серпіліс жасап, Шығыс Қазақстан экономикасын дамыту үшін өндіріс пен бизнеспен тығыз ықпалдасуға мүмкіндік береді деп үміттенеміз, - деді Мұхтар Төлеген.