Ақпан айында ауа райы қандай болады?

422
көрілім

«Қазгидромет» РМК мамандары ақпан айына арналған ауа райы болжамын ұсынды. Қыс мезгілін қорытындылайтын ай болғандықтан ара-тұра құбылмалы болмақ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

28 күнге берілген болжамға сүйенсек, айдың алғашқы онкүндігінде аспанды алашабыр бұлт торлап, бірқатар аудандарда жел екпіні күшейеді. Катонқарағай, Шемонаиха, Алтай аудандарында жел екпіні 15-20 м/с-қа жетіп, жаяу бұрқасын соғуы ықтимал. Ақпанның 3-4 күндері қылаулап қар жаууы күтіледі. Республика көлемін алсақ та өзге аймақтарға қарағанда солтүстік пен шығыс өңірлерде күн райы құбылмалы.

Жарма, Зайсан, Тарбағатай аудандарындағы сынап бағанасы 15-18 °C аралығында болады деп күтілуде. Екінші онкүндікте ұйтқи жел соғумен қатар, аспанда шайдай ашылған сәттер де болуы ықтимал. Ақпан айының 13-16 аралығында бірқатар өңірлерде тұман түсіп, орташа температура 12-14 °C аралығын қамтиды.

Үшінші онкүндікте ауа райы біршама жылып, Көкпекті, Күршім, Ұлан аудандарында -5-7 °C-ты көрсетеді. Моңғол антициклоны еліміздің шығыс және солтүстік-шығыс аймақтарына әсер ететіндіктен аяз «атынан түсіп», боранды күндер жиілеуі кәдік. Жалпысында, ақпанда қалың қар күтілмейді, тек ара-тұра жаяу бұрқасын соғады деп болжануда.