Алтай ауданында аулалардан су сорылып, жағдай тұрақталды

152
көрілім
Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында аулалардан су сорылып, жағдай тұрақталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 
Кеше Алтай ауданында Бұқтырма өзенінің су деңгейі көтеріліп, жер үйлер маңындағы аумаққа су жайылған болатын. Абырой болғанда, үйлерге су кірген жоқ.
Оқиға орнына құтқарушылар мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері шұғыл келіп жеткен. Барлығы 20-дан астам ауладағы су сорылды. 
«Тәулік бойы жүргізілген жұмыстардың арқасында тұрғын үй аумақтарынан қызыл су бұрылды. Барлығы 370 ыдыс-қап төселіп, 1335 тонна инертті материал төгілді. Мотопомпалармен 27800 текше метр су сорылды. Жағдай тұрақталды», - деп хабарлады ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.