Алтай ауданындағы жағдай бақылауға алынды

113
көрілім

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін жауын-шашынның мол түсуінен Алтай ауданы Зубовск кентіндегі Бұқтырма өзенінің деңгейі көтеріліп, 5 тұрғын үйге және 24 үйдің ауласына су кіру қаупі төнген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аудан әкімдігі мен төтенше жағдайлар өкілдерінің алдын ала іс-қимылдарының арқасында тұрғын үйлерді топан су қауіпінен сақтап қалды. Өзен жағалауы алдын ала нығайтылып, су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілді.
- Тұрғындар эвакуациядан өз еріктерімен бас тартқан, қазір олар туыстарына уақытша орналастырылды. Ауыл мектебінде оқу қашықтықтан оқыту форматына ауыстырылды, - делінген мәліметте.
ШҚО әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов пен ШҚО ТЖД бастығы Ерғали Бахаев ауданға келіп, жағдайды өз бақылауына алды. Әуе қозғалысы арқылы аудандағы өзен деңгейін бақылау жұмыстары жүруде. Сондай-ақ, бүгін Катонқарағай ауданындағы Коробиха ауылында да өзен деңгейі көтерілді. Су тұрғын үйлер мен үй маңындағы аумақтарға енбей, көшелер бойындағы транзитпен өтті. Сағат 10:00-де өзен суының деңгейі төмендеді.